Дүйсенбі, 21 Қазан 2024 11:59

Шымкентте қоқыс полигоны экопаркке айналады

Полигоннан паркке! Шымкентте баламасы жоқ тағы бір нысанның құрылысы басталды.

Достық шағынауданындағы бұрынғы қоқыс полигонының аумағында Экопарк құрылысы басталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен мұнда ауданы 45 гектар жасыл аймақ құрылады, оның 38,6 гектары көгалдандыруға бөлінеді. Құрылысқа табиғи материалдар пайдаланылады. Табиғи ландшафтқа сәйкес келетін велосипед жолдары салынады. Ал көмірқышқыл газын шығаратын құбырлар қолайлы етіп жүргізіледі.

Экопарк ойын алаңдарынан спорт нысандарына дейін 9 ашық демалыс аймағы ұсынылады. 10 шақырымдық серуендеу жолында 4000-нан астам жапырақты ағаштар отырғызылып, табиғи оазис атмосферасы құрылады. Қалдықтардың үстіне органикалық тыңайтқыштармен байытылған қалыңдығы 1,5 метр топырақ қабаты салынады.

Жоба инвестициясы 5 млрд теңгені құрады, бас демеушісі-Hexo Foundation. Құрылыстың аяқталуы 2025 жылдың соңына жоспарланған, барлық жұмыстар тек бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүргізіледі. Осы жылдың көктемінен бастап полигонда ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді: 250 000 текше метр топырақ төселді, тереңдігі 120 метр бес ұңғыма бұрғыланды, жоспарланған 3000-нан 500 метр қоршау орнатылды.

Журналистермен кездесуде саябақтың атауы таңдалып, қала әкімінің тарапынан қолдау тапты.

Айта кеткен жөн,  Шымкент Қазақстандағы ауасы ластанған қалалар қатарында. Бұл туралы осыдан бірнеше жыл бұрын үкімет отырысында экология министрі мәлімдеген еді. 

Үшінші мегаполистен бөлек, тағы 9 қаланың ауасы сын көтермейтіні айтылды. Бәріне, зауыт, көлік және үйден шыққан түтін кінәлі екен. Осылай деген ведомства басшысы қоршаған орта ауасының ластануына тұрмыстық қалдықтардың да әсері орасан дейді. 

Осы орайда ауасы ластанған 6 қалада қоқысты өңдейтін зауыт салынады. Аталған қалалар ішінде Шымкент те бар. Жаңадан салынатын зауыттарда энергия қуаты шығарылмақ.

Осы тұста тілге тиек етейік, Шымкент қаласында ірі қоқыс өңдеу кешені салынбақ. Жобаны қытайлық компания өз мойнына алмақ. Бұл туралы бұған дейін жазған едік. 

Оқылды 48 рет