Жұма, 15 Қараша 2024 23:13

Шымкент: Абай ауданы аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді

"Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ ең алдымен Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек",-деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда. 

Осы ретте «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Абай ауданының Самал-3 шағынауданында тазалық іс-шарасы өтті. Аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, белсенді тұрғындар Б.Момышұлы және Шұбаркөл көшесінің бойында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.

Көше бойын, ирригациялық жүйелерді қоқыстардан арылтып, шөптерді ору жұмыстары атқарылды. Аудан әкімдігінің қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас инспекторы Ерғали Әбіловтің айтуынша, бүгінгі іс-шараға жалпы 50-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. 

Аудан әкімдігі ұйымдастырған акцияның мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, тұрғындарды тазалыққа, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақыру.  

Жергілікті тұрғындар, шағынауданның ардагерлер кеңесінің мүшелері де экологиялық акцияға белсенді қатысты. Тазалық жұмыстары одан әрі жалғасын табады. 

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына барша қазақстандықтар үлес қосып, туған жерімізді көркейтуге атсалысуда.

"Шын мәнінде елімізді көгалдандыру, абаттандыру үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе",-деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

Оқылды 30 рет