Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024 17:31

Түркістанда салынатын ғимараттардың сәулеті мен сапасы талқыға түсті

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірде салынатын ғимараттар мен жобалардың сәулеті кезекті рет талқыланды. Сәулеттік кеңеске жауапты басқарма басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар және сәулет, құрылыс саласының өкілдері қатысты. Өңір басшысы әрбір жобаны терең зерделегеннен кейін ғана кеңес отырысына ұсыну керектігін ескертті.

– Біз Түркістан қаласында жаңа нысандардың салынуына қарсы емеспіз. Қолдау көрсетіледі. Бірақ ғимараттардың сәулетіне қатысты талаптар толық сақталуы тиіс. Көгалдандыру, абаттандыруға мән беріңіздер. Кәсіпкерлер нысан саларда нарықты зерттеп барып, іске кірісулері керек. Бізге өзін-өзі ақтайтын және елге қызмет ететін нысандар қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында Түркістан қаласынан автосалон ашу, мектеп, балабақша, диагностикалық орталық ашу туралы ұсыныстар қаралды. Сонымен бірге Сауран қалашығына жақын жердегі жол бойына жүк көліктеріне қызмет көрсететін орталық, қонақ үй ашу мәселелері де талқыланды. Филармония ғимаратының сыртқы сәулеті, ескек есу каналы маңын туристік орталыққа айналдыру, жастардың басын қосатын орталық ашу және өзге де жобалар қаралды. Тиісті тапсырмалар беріліп, мәселелер бақылауға алынды.

Сондай-ақ, осы күні Ордабасы ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған баспаналардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Ордабасылық 12 отбасы жаңа үйлердің кілтін алды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

– Биыл облыс көлемінде әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға арналған бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Жеке инвесторлармен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осылайша тұрғын үй кезегінде тұрған түрлі санаттағы азаматтар баспаналы болып жатыр. Бүгін ғана кіріп жатқан шаңырақтарыңыз береке мен ырысқа толсын, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Жаңа баспаналар заманауи стильде салынып, аулалары темір қоршаумен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық орнатылған. Әр пәтер 3 бөлмелі, жалпы алаңы 62,5 шаршы метрді құрайды.

Облыс құрылғаннан бері өңірде 176 көпқабатты үй салынып, 40 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 232 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Түркістан қаласында 80 мыңнан астам тұрғынға инфрақұрылым жасақталып, тұрғын үй салынды. Жаңа шағын аудандар пайда болып, талай отбасының баспана мәселесі шешілді. Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй салу жоспарланған болатын. Жеке қаржы есебінен салынатын жер үйлер жоспары – 781,851 мың шаршы метр. Сонымен қатар 2024 жылы 191 үй салу жоспары бекітілді. 159 тұрғын үйді жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.

Сонымен қатар, UEFA талаптарына байланысты 2024 жылдан бастап еліміздегі барлық стадионның астында жылу болуы керек. Ел стадиондарына деген талаптың күшеюіне орай UEFA-ның халықаралық талаптарына сай «Turkestan-Arena» стадионында жылыту және су бұру жүйелері орнатылды. Сондай-ақ алаң толық ауыстырылып, табиғи көгал төселді. Жаңарған стадионда Қазақстан футбол федерациясы инспекциялау жұмыстары жүргізілді. Стадион алаңына Испанияда өндірілген жасанды көгал төселген. Жасанды төсем UEFA-ның бар­лық заманауи талаптарына сай келеді. 12 000 көрерменге арналған футбол алаңдары үшін халықаралық және ұлттық құрама командалары ойындарын ойнатуға рұқсат берілгенін ескерсек, «Turkestan-Arena» стадионына қосымша 5000 көрерменге арналған орындықтар қосу жоспарлануда.

Айта кетейік, «Тurkеstan-Аrena» орталық стадионында спорттың бірнеше түрінен облыстық, қалалық іс-шаралар, жергілікті футбол клубтары ел біріншілігінде футбол ойындарын өткізілген. Стадион футбол алаңынан бөлек спорт кешенінің қызметін атқарады. Кешен бокс, гимнастика, йога, ауыр атлетика, тренажер, фитнес залдарымен жабдықталған. Мұнда барлық спорт үйірмелерде балаларға тегін сабақтар ұйымдастырылған. Қонақтарға ыңғайлы болу үшін батыс бөлігінде үлкен асхана, ал шығыс бөлігінде фудкордпен қамтамасыз етілген.

Өңірде туристерге оңтайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Түркістан қаласында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы қолға алынды. Бұдан бөлек Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығы абаттандырылады. Облыс орталығында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жөнінде келіссөз жүргізілді. Сондай-ақ шетелдіктер қызығушылығын ескеріп, ұлттық ойындарымызды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа ипподром нысаны салынады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысы қадаң қадағалауда болатынын үнемі ескертіп келеді. Заңбұзушылыққа барған компаниялар лицензиясын айрылады.– Құрылысты мойнына алған компаниялардың қаражаты тек сол жоспарланған құрылысқа ғана жұмсалуы тиіс. Әр мердігердің бұл бағыттағы жұмысы қатаң қадағалануы керек. Ол үшін екінші деңгейдегі банктермен жұмыс жүргізу қажет. Мемлекеттік тапсырысты алып, алдымен ақшаны жеке бастарына жұмсайтындардың әрекетінен халық жапа шегеді. Құрылысты қадағалауға жауапты мекемелер жұмыстарын адал әрі әділ атқарсын. Әрбір нысанның артында ел үміті, мемлекет бюджеті тұр. Ғимараттар жобалық-сметалық құжатқа сай болып, жұмыстар қатаң қадағалансын. Егер қадғалаушы мекемелер мен құрылысқа жауапты басшылардың өзі бұған жол берсе, заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс, – дейді Дархан Сатыбалды.

Былтырдан бастап Түркістанда 100-ден астам көпқабатты тұрғын үй салына бастағаны белгілі. Түркістан облысында құрылыс қарқыны артқан. Былтырғы жылдың қорытындысымен 100-ден астам нысан пайдалануға тапсырылды. Алдыңғы жылы өңірде білім беру саласында 20,9 млрд. теңгеге 51 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 22-і пайдалануға берілді. Ал, денсаулық сақтау саласында 2,8 млрд. теңгеге 20 нысан іске асырылды. Оның ішінде Шардарада 150 келушіге арналған емхана, Түркістан қаласында жедел жәрдем станциясы, Ордабасы ауданында 2 ФАП пайдалануға тапсырылды. Мәдениет саласы бойынша 14 нысанның құрылысына 2,2 млрд. теңге бөлінген болатын. Нысандардың құрылысы 2023 жылы толық аяқталды. Спорт саласында 13,8 млрд. теңгеге 12 нысан бой көтеруде. Тұрғын үй құрылысына 35,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға өңірде 129 үй салынады. Облыс орталығы Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден астам көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүре бастады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй салынады. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ.

Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын айта кетелік. Оның ішінде 2 мың орынды 3 мектеп екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ.

Жеке инвесторлар есебінен жүргізілетін көпқабатты үйлердің тізімі артпаса азайған емес. «Nur-Sultan City», «Нұртас», «Сырдария-2» «Кара­ван Сарай», «Yassy Eco Village» деп аталатын түрлі тұрғын үй кешені салынып, өз қызметтерін ұсынып жатты. Бұл үйлердің құнын мердігер өзі бел­гі­леп, халыққа ыңғайлы етіп беріп жатыр. Бюджет есебінен 2020 жылы 7 қабатты 24 үйден соң 9-12 қабатты үй­лер­ге тапсырыс беріліп, сол жылы 65 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді. Оған қоса қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 5-7 қабатты 80-нен аса үйдің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталып кеткен.

Құрылыс нысандарының сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, былтыр жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Алдыңғы жылы әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.

Киелі шаһардағы құрылыс жұмыс­тары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғима­рат­тары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түр­кістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-руха­ни орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітап­ханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм уни­верситеті бой көтерді. Құрылыс қар­қыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 31 рет