Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024 19:45

Шардарада 1200 орындық жайлы мектеп салынатын болады

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған кезекті жайлы мектеп Шардара ауданында пайдалануға беріледі. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауданға іссапары аясында білім беру саласының басшылығы мен мектеп ұжымымен кездесіп, жаңа білім ұясына қойылар талап пен тәртіп туралы айтты.

– Президентіміздің тапсырмасымен ауыл мен қалада бірыңғай стандартпен заманауи жайлы мектептер салынып жатыр. Мемлекет тарапынан балаларымыздың сапалы білім алуына жағдай жасала береді. Басты қағида – тәртіп пен талап. Білім деңгейін көтеру, ұстаздардың біліктілігін арттыру. Біздің балаларымыз үшін бұл мектеп білім шыңын бағындырар мекен болсын,– деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында білім саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл өңірде 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылуда. Нәтижесінде, мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі.

Білім ордасының құрылысын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен «Integra Construction KZ» ЖШС жүргізді. Шардара қаласындағы 4,2 гектар аумақта орналасқан мектептің құрылысы 2023 жылдың маусым айында басталған. Білім ұясының инженерлік- инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы облыстық бюджет есебінен жүргізілді. Айта кетейік, бұған дейін Түркістан қаласында 2 мың орындық екі жайлы мектеп, Сауран ауданында 600 орындық бір жайлы мектеп, пайдалануға берілген болатын.

Облыс әкімі Президент жүктеген тапсырманы жергілікті жерде орындау үшін әкімдіктің жұмыла жұмыс істейтінін әрдайым айтып келеді. Осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Жуырда Дархан Сатыбалды жайлы мектептердің құрылысы мен жабдықтауына жауапты компаниялардың басын қосып, ауқымды жиын өткізді. Мәселе тұрақты бақылауға алынған.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атаған еді. Артынша мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар, жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады. Осылайша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысы басталып кетті. Ұлттық жоба аясында апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және тапшылықты жою үшін 401 жайлы мектеп салынатындығы айтылған. Сондай-ақ 2024 жылы 226, ал қалған 175 мектеп 2025 жылдың соңына дейін ашылады деп жоспарланып отыр. 

Отандық өндірушілер мектептерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайын. Мысалы, барлық 401 мектептің жиһазына деген қажеттілік 1,5 миллион бірлікті құрайды. Отандық тауар өндірушілер бұл көлемді 100%, тіпті одан да көп қамтуы мүмкін. Егер олар бірдеңе істей алмаса, кепілді сатылыммен олар оны өндіру үшін қосымша жабдықты сатып алуға дайын.Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі респуб­ликалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.

Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орын­дық деп белгіленген жеті түрлі нұс­қаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс.

Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы плат­форма жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың бар­лық кезеңін ашық бақылауға мүмкін­дік береді. Жүйенің ерекшелігі – тап­сырыс беруші, құрылысшылар, әкім­діктердің бірнеше басқармасы, ми­нистрліктер, техникалық бақылау сарап­шылары және басқалары бір­лесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады.Айтақшы, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң. Бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Компанияның бірінші санатты лицензия бойынша жұмыс тәжірибесі 10 жылды, екінші санатты лицензия бойынша – 5 жылды, үшінші санатты лицензия бойынша 3 жылды құрауға тиіс. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде төленген салық сомасы да ескеріледі. Ережелер жергілікті компанияларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кетейік.

Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектептің құрылысы басталса, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды.  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.

«Жайлы мектептің» айырмашылығы мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.

Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде  тек  бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады. Бұл мектептердің құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.

Жайлы мектептердің тағы бір ерекшелігі оны салуда ашықтық барынша сақталады. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы  орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 33 рет