Сәрсенбі, 06 Тамыз 2025 12:59

«Shymkent Creative Hub» орталығында кәсіби шеберлік сабағы өтті

Шымкентте биыл креативті индустрияны қолдауға бағытталған тың жоба – «Shymkent Creative Hub» орталығы ашылған болатын. Шығармашылықты дамытуға арналған кеңістікте түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Соның бірі – белгілі кәсіби суретші Айман Тельходжаевтың шығармашылық үйірмесі.

Көптеген түрлі байқаулардың жүлдегері А.Тельходжаева ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай зергерлік бұйымдарға эпоксидті шайырды қолдану арқылы шәкірттеріне шеберлік сабағын өткізді. Бүгінде қарамағында 10-нан астам жеке шәкірт тәлім алып жүр. А.Тельходжаева шығармашылығын дамытып, жасөспірімдермен бірге түрлі байқауларға қатысып келеді. Қолөнер бұйымдарын ағаштан, керамикадан, эпоксидті шайырдан жасайды. Қаладағы қолөнер, суретшілердің көрме-жәрмеңкелеріне тұрақты қатысып келеді.

Ата заңымыздың 30 жылдығына орай шәкірттері эпоксидті шайырды қолдана отырып, қазақы нақышта әшекей бұйымдар жасады. Бәрінің де сурет өнеріне деген қабілеті өте зор.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Astana Hub» үлгісінде еліміздің барлық өңірлерінде ІТ орталықтар ашу жоспарланған. Бұл орталық сол тапсырма аясында ашылған. “Shymkent IT Hub” – Цифрлық Трансформацияның Жаңа Бастамасы. Бұл орталық қаладағы шығармашылықпен айналысатын мамандарды бір арнаға тоғыстырып, олардың кәсіби дамуына, идеяларын жүзеге асыруына және табыс көзін кеңейтуіне мүмкіндік береді. Мұнда қолөнершілер, зергерлер, суретшілер, дизайнерлер мен контент-мейкерлер бірлесе жұмыс істейді. Олар өз өнімдерін көрсету, өткізу, тәжірибе алмасу және шығармашылық жобаларды дамыту мүмкіндігіне ие.

Жаңа хабта қазіргі уақытта этностильдегі бұйымдар, құрақ құрау, зергерлік өнімдер, заманауи сән мен қолөнер бағыттарында шеберлік сағаттары, фестивальдер, сән көрсетілімдері мен түрлі семинарлар тұрақты өткізілуде.

 

Оқылды 32 рет