Шымкент қаласындағы әдеби кешке Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова қатысып, қатысушыларды Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен құттықтап, ақынның шығармашылығының ұлттық руханияттағы ерекше маңызын атап өтті.
Іс-шара барысында «Яссы» би ансамблі, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары Абайдың әндері мен өлеңдерінен үзінділер орындады. Сонымен қатар, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының кітапханашылары, орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің оқырмандары, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының 10 сынып оқушылары ақын шығармашылығынан өлеңдер оқып, «Абай әлемі» байқауының І кезеңінің жеңімпаздары Абай шығармашылығына арналған әдеби көріністер қойды.
Белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов Абайға арналған арнау өлеңін оқып, кеш көрермендерінің ықыласына бөленді.
Шара барысында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері үшін терең мәнді мәліметтер ұсынылды.
Бұл әдеби кештің негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеу, жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру және ұлы ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау болды.
Шараға зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары белсене қатысып, Абай мұрасының құндылығын тағы да бір рет таныды.