Дүйсенбі, 04 Тамыз 2025 11:06

Шымкенттің мәдени тынысы: Өнермен тыныстайтын шаһар

Шымкент қаласы — ежелгі өркениеттің ізі қалған, мәдениет пен сауданың тоғысқан тарихи мекені. Қала атауы өзгеріп, заманауи даму үрдісіне сай жаңарғанымен, оның жүрегі — әрқашан өнер мен өмірге құштар, шығармашылыққа бай халықпен бірге соғады.

Бүгінде Шымкенттің мәдени өміріне жаңа леп әкелген «Шымқала кештері» жобасы қала тұрғындарына ерекше мереке сыйлап келеді. Ашық аспан астында өтетін бұл кештер театр, музыка, шығармашылық пен күлкінің бір арнада тоғысқан тамаша көрінісін ұсынады. Кештер қаланың бірнеше саябағы мен демалыс орындарында ұйымдастырылып, әр кеш сайын жаңа әсер мен тың сезімдерді көруге мүмкіндік береді.

Кештердің басты ерекшелігі — сахна мен көрермен арасындағы шекараның жойылуы. Қарапайым қала тұрғындары күнделікті серуенін жалғастыра отырып, кәсіби театр ұжымдарының өнерін тамашалап, қаланың мәдени тынысымен танысады. Биылғы кеште Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры мен Жастар театрының әртістері өз өнерлерін түрлі жанрда ұсынды. Театрландырылған көріністер, музыкалық нөмірлер мен әсерлі монологтар көрермендерге ерекше әсер қалдырды, қала тынысын сахнаға айналдырғандай болды.

Шымкент — шынайы тіршілік пен ішкі серпіннің қаласы. Мұнда өмір сүретін әр адамның, сондай-ақ өнер туғызатын шығармашылық иелерінің де шабытын оятатын ерекше нәрсе бар — ол қарапайымдылық пен қонақжайлылық. Бұл табиғи қасиеттер «Шымқала кештері» жобасын ерекше етеді.

«Шымқала кештері» тек бір реттік шара емес. Бұл — қаланың мәдени тынысы, оның тұрғындары мен өнердің табиғи үндестігі. Осы кештер арқылы Шымкент өз болмысын жаңғыртуда: ол — өнермен тыныстайтын, тарихымен мақтанатын, болашағына сенетін қала.

Айта кетейік, Шымкентте тамыз айында бірқатар мәдени іс-шара өтеді.

Оқылды 36 рет