Сәрсенбі, 16 Қазан 2019 18:42

Шымкент: Атаулы әлеуметтік көмекке жүгінетіндердің тең жартысы көпбалалы отбасылар

Атаулы әлеуметтік көмектің әлегі азаяр емес. Шымкент қаласында өткен жылмен салыстырғанда өтініш берушілер саны 7 есеге артқан. Алайда, олардың арасынан 5940 отбасының оған мұқтаж еместігі анықталған. Жасыратыны жоқ, әл-ауқаты жақсы болса да, мемлекеттен көмек алғысы келетін масылдар саны артып барады дейді мамандар.

«1 млрд 530 млн теңге көлемінде тағайындалған төлемдер толықтай тоқтатылды. Яғни, ол азаматтар өз табыстарын жасырған. Оның ішінде мысалы, кәсіппен айналысып жүрген азаматтар, табысы 1 млн теңгеден 10 млн теңгеге жететін азаматтар да бар» - дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр.

Шымкентте Атаулы әлеуметтік көмекке жүгінетіндердің тең жартысы көпбалалы отбасылар. Сондықтан олар үшін мемлекеттік жәрдемақы енгізіліпті. Төлем отбасының табысына тәуелді болмайды . Мөлшері орта есеппен әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды. «Мұндағы айырмашылық – бұрын табысы асып кеткен көпбалалы аналар АӘК алмайтын болса, қазіргі мына жобада олар бала санына байланыстыешқандай кіріс табысының көлеміне қарамай, олардың барлығы кепілдендірілген АӘК алатын болады» - деді Ербол Садыр.

Ал, Атаулы әлеуметтік көмек беру жүйесі бұрынғысынша жалғасады. Бірақ, енді 21 мыңның жартысы ғана беріледі. Есесіне, «Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіп бастаймын десеңіз, шағын несие соммасы бойынша шектеулер алынып тасталған. Мерзімі 7 жылға дейін ұзартылып, үстемақы жарнасы төмендетілген . Сондай-ақ, медициналық сақтандыру да қарастырылған.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 600 рет