Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024 15:57

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Шымкенттік Айкерім Қуанышбекова «мангаладан» ел намысын қорғады

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген спорт түрінің бірі - түрік халқының зияткерлік ойыны Мангала. Тоғызқұмалақ іспетті ойын қазақстандық спортшыларға тансық емес.  Биылғы көшпенділер ойындарында мангаладан ел намысын ерлер арасында Азамат Қайдаров, Биғали Зкрияев қорғаса, әйелдер арасында Құндыз Есіркеп пен шымкенттік Айкерім Қуанышбекова қорғады. «Aq-qara.kz»-порталы шымкенттік спортшының осы жетістікке келген жолы аталмыш ойын жайлы материал ұсынады.

 

Қуанышбекова Айкерім Қалабайқызы Тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының Спорт шебері.

Айкерімнің айтуынша, тоғызқұмалақ спортына 13 жасында келген. «Әкемнің айтуымен келдім. Алғашқы тренерім де әкем болды»,-дейді Айкерім Қалабайқызы.

Айкерімнің әкесі Қасқатай Қалабай Қуанышбекұлы Тоғызқұмалақтан Еңбек Сіңірген жаттықтырушы. Оның тәрбиеліп, ойынға баулыған шәкірттері ҚР-ның Спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі Спорт шебері, Азия чемпиондары. Жаттықтырушы қызын да осы спортқа баулып, бар білгенін үйретті. Кейіпкерміз алғашында Бәйдібек аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің атынан аудандық, облыстық жарыстарға шыға бастапты. 15 жасында облыс құрамасының мүшесіне қабылданады.    

2013 жылы, 2019 жылы Қазақстан Республикасының командалық чемпионатының жеңімпазы атанған.

2011 жылы Қазақстан Республикасының жастар чемпионатының чемпионы атанған. 2012жылы Халықаралық турнирдың жеңімпазы болады. «Тоғызқұмалақ спорт түрі адамды сабырлыққа, төзімділікке, қол моторикасын дамытуға, есепте жүйрік болуға үйретеді»,-деді кейіпкеріміз Айкерім.

«Мангала-Түріктің ойыны. 2019 жылы Әлем чемпионатына іріктеуден өттім. 2-орын алып, Түркия елінде Анталия қаласында өткен Әлем чемпионатына қатысып, жүлделі 3-орын алдым. Жалпы Мангала ойынынан жүзден жүйрікті анықтау үшін қаншама этаптан өттім. 2024 жылы ақпан айында тұңғыш Мангаладан ҚР ның чемпионаты өтті. Жүлделі 1-4 орын алған ұлдар, қыздар іріктеліп алынды. Сәуір айында Түркия елінде Стамбул қаласында Оқу-жаттығу жиыны өтті. Маусым айында Щучинск Бурабай қаласында Оқу-жаттығу жиыны өтіп, 1-2 орын алған спортшылар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын болды. Жүлделі 2-орын алдым. Осылайша көшпенділер ойынына жолдаманы жеңіп алдым»,-дейді Айкерім.

Мангаладан Астана қаласында өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынан командалық жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1-орын алды. Жекелей есепте  Айкерім 3-орынды місе тұтты.

«Осы орайда маған барлық жағдай жасаған, қолдаған Шымкент қаласының спорт басқармасының басшысы Мықтыбеков Маратбек мырзаға, Шымкент қаласының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша кешенді спорт клубының директоры Мыңбаев Данияр мырзаға, жеке бапкерім, әрі жан-жарыма алғысым шексіз»

32 жатағы спортшы жолдасы екеуі 1 ұл 1 қыз тәрбиеліп отыр. Сөзінше, отбасы мен спортты қатар алып жүру ол үшін қиын емес.  Себебі, шын жүрегімен жақсы көретін іс ешқашан салмақ салмайды.

Ойынның ережесіне тоқталсақ: Мангаланы екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқыр болады, олар бірге 12 кішкентай шұңқырды құрайды. Сонымен қатар, ойыншылардың тастарды жинайтын үлкен жинақтаушы сақтау шұңқыры болады. «Мангала» ойыны 48 таспен ойналады.

Ойын жеребе тастаудан басталады. Ойыншылар барлық 48 тасты, төрт-төрттен 12 шұңқырдың әрқайсысына таратып, жинақтау шұңқырын бос қалдырады. Тақтаның өз жағындағы алты кішкентай шұңқыр ойыншының алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқыр сәйкесінше қарсыластың алаңы. Ойыншылар өз қоймасында мүмкіндігінше көп тас жинауға тырысады. Кім көп тас жинаса, сол ойыншы жеңіске жетеді.

Команда құрамы 2 ер, 2 әйел, 1 бапкерден тұрады.

Жарыстар швейцариялық жүйе бойынша жеке және командалық есеп бойынша өткізіледі. Кезеңдер саны – 7. Қорытындылар ерлер мен әйелдер арасында бөлек жиынтықталады. Әр ойыншыға бір ойынға 20 минут уақыт беріледі.

Жарыстар дүниежүзілік «Тоғызқұмалақ» федерациясы «Мангала» халықаралық федерациясымен бірлесіп өткізіледі.

Оқылды 33 рет