Сәрсенбі, 16 Қазан 2019 20:15

Шымкент: «Мың бала» мектебі оқу жылының екінші тоқсанында ашылатын болды

Шымкент қаласы Нұрсәт шағын ауданындағы бұрын монша болған ғимараттағы мектеп оқу жылының екінші тоқсанында қолданысқа беріледі. Бұл шешім №80 мектеп-лицейінің аталған ғимаратында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Мәдәліұлының басқаруымен және қалалық білім бөлімі, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, әділет департаменті, мектеп басшылығы, ғимарат иесі мен қалалық қамқоршылық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиында қабылданды.

Бұл ғимарат аумағында біршама жұмыстар атқарылып, мәселенің 90%-ы шешілген. Сонымен қатар, ғимараттағы асхана, дәрігерлік бөлме, мектеп алдындағы жолға «жылдамдық бәсеңдеткіш» (лежачий полицейский) қою және көшені жарықтандыру жұмыстары алдағы екі аптаның ішінде атқарылып, оқу жылының екінші тоқсанына дайын болады және ескірген орындық пен партаға тапсырыс беріліп, жаңартылады. Ол туралы жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Мәдәліұлы айтып, жауаптыларға нақты тапсырмала жүктеді.

«Құрметті ата-аналар, енді екі апта шыдайық. Ғимарат иесі жұмыстарын толық бітірсін де, құжаттарын рәсімдесін. Ал, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысты созбай, тезірек рұқсат беруге ықпал жасасын. Сөйтіп, екінші тоқсанда мектепті ашып, оқуды осы жерден бастайық», - деді Б.Нарымбетов.Айта кетейік, мектептің негізгі ғимаратына сыймай қалу салдарынан мың оқушыға арнап салынып, арты дау-дамайға ұласқан бұл мектеп ғимаратына бүгінгі таңда «Мың бала» есімі беріліпті.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 837 рет