Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 11:31

Түркістан: Қар жауып, күннің суытуына байланысты қалада жылу қайта қосылды

Еліміздің оңтүстігінде күн күрт суытып, қар жауды. Түркістан қаласында ауа райының салқындап кетуіне байланысты кейбір ықшамаудандарда жылу қайта қосылды.

Қала әкімі Рашид Аюпов күннің күрт суытуына байланысты көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін орталық жылу қазандығын қайта қостырғанын хабарлады. «Алдымыздағы бірнеше күн бойы ауа температурасының төмендеуіне байланысты жауапты мамандарға көпқабатты үйлердің жылуын қайта қосуды тапсырдым. Бұған қоса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмір жеткізілетін болады. Қазіргі уақытта «Отырар» ықшамауданына жылу берілсе, 1 және 2 мөлтекаудандардағы ахаулар ретке келтіріліп, бір-екі сағат ішінде іске қосылмақ»,- деп жазды қала әкімі Facebook-тегі желісіндегі парақшасына.

Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» 8 және 9 сәуірде Түркістан облысының кей жерлері мен Шымкент қаласында қатты жауын-шашын болып, соңы қарға ұласатынын хабарлаған еді. Өңірде 9-10 сәуір күндері ауа температурасы түнде 0-2 градусқа дейін төмендеуі мүмкін делінген болатын.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.


 

Оқылды 472 рет