Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 12:20

Өмірзақ Шөкеев: Түркістан жасыл қалаға айналып келеді

Қазіргі таңда Түркістан маңында 8 мыңға жуық гектар жерге ағаш отырғызылған. Көне шаһардың «жасыл белдеуінің» жалпы көлемі екі есе артпақ.

Түркістанмен бірге қалыптасып, бірге бой көтерген «жасыл белдеуге» барған Өмірзақ Естайұлы егілген көшеттердің суарылуына аса мән беруді қадап айтты.

«Шаһар тұтастай көгалдандырылады. Түркістан нағыз жасыл қалаға айналып келеді. «Жасыл белдеу» - халықтың таза ауамен тыныстануына мүмкіндік беретін «өкпесі» болады. Қаланы желден, шаңнан қорғайтын көпжылдық ағаштар отырғызылды. Бұл келер ұрпағымыз үшін де өнеге болып қала бермек. Жалпы, қалада саябақтар мен гүлзарлар көбейіп, ел игілігіне берілген. Тұрғындар тазалықты сақтауды өз ауласынан бастап, жанашырлық танытса, бүгінгі жасалып жатқан дүниелер жылдар бойы сақталары сөзсіз»,-деді облыс әкімі. 

Түркістан аумағында қала климатына тез бейімделетін екпе көшет және көпжылдық гүлдейтін шөптер сұрыпталған. Атап айтқанда, емен, қайың, ұсақжапырақты шегіршін, үлкенжапырақты шегіршін, қарағай, жіңішкежапырақты жиде, терек, үйеңкі, қытай шағаны, салғылт қарақат және т.б отырғызылды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 461 рет