Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 12:47

«BizBirgemiz-Turkistan» корпоративтік қоры арқылы 4903 адамға көмек беріледі

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалында «Birgemiz Turkistan» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті. Жиында аталған қордың жұмысын үйлестіру, СOVID-19 індетіне қарсы күресті күшейту мақсатында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек беру мәселесі сөз болды.

 «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен «Birgemiz-Turkistan» корпоративтік қорының төрағасы Мұхамедали Қорғанбаев аталған қордың жұмыс барысы туралы баяндады.
«Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы республика бойынша тұрғын саны көп ең ірі 23 қаланың, облыс орталықтарының 150 мыңнан астам тұрғынына 50 мың теңгеден көмек беріледі. Осы 23 қаланың қатарына Түркістан қаласы да еніп отыр. Партияның ұсынысына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасы негізінде қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен 7 категория бойынша аса мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталды. Аталған мәселе бойынша қала тұрғындарына ешқайда барудың қажеті жоқ. Арнайы база бойынша тізімге ілінген аса мұқтаж отбасылар іріктеліп, енгізілді. Түркістан қаласы бойынша 4903 тұрғынға 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілмек.
Атап айтсақ, 7 категорияға аз қамтылған 1326 көпбалалы отбасы, 819 бірінші топ мүгедегі, мүгедек бала күтімімен отырған 1014 отбасы, зейнетақысы төмен және аз қамтылған 1611 зейнеткер, 59 жетім бала, 74 ҰОС мүгедегі мен оларға теңестірілгендер және тыл еңбеккерлері қамтылады.

«Birgemiz-Turkistan» қамқоршылық кеңесінің құрамына «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, Түркістан облыстық прокуратурасының аға прокуроры Д.Байтеміров, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева және Түркістан қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы З.Бимбетова енгізілген. Аталған қордың жұмысы әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 484 рет