Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 13:17

Түркістан: «85-тер» мұқтаждарға көмек көрсетуде

Түркістан қаласындағы №5 Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің 2003 жылы бітірген түлектері ерекше қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, әлеуметті желі арқылы өзгелерге челлендж жолдады.

Әлемді шарпыған індет бізге де жеткелі еліміздің барлық қалалары қауіпсіздік мақсатында карантинге жабылып жатқаны бәрімізге мәлім. Соның салдарынан күнделікті жұмыстарына шыға алмай қалған жандар қаншама. Бұл әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға ауыр тиіп жатыр. Осындай жағдайды ескерген аталмыш мектептің 1985 жылы туған түлектері өз арасында қалыптасқан дәстүр бойынша наурыз мерекесін атап өтуге арнап жинаған қаражаттарын игілікті іске жұмсап отыр.

Ондағы мақсат – дүниежүзін шарпыған індет жағдайында әлеуметтік қолдауға зәру жандарға қолұшын беру. Осылайша мектеп қабырғасында бас қосқан түлектер жалпы құны 1 миллион теңгеге арнайы алынған ет, картоп, май, күріш, шай, макарон, қант, ұн өнімдері салынған арнайы пакеттерді 40 отбасыға үлестіріп берді.

Сонымен қатар, мектеп оқушыларының қашықтықтан оқытылуына орай көптеген байланысқа шыға алмай отырған балаларға смартфондар мен байланыс құралдарын алуды да ұмыт қалдырмапты. Мұқтаждарды қуанышқа бөлеген шараға Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы Ғ.Сәрсенбаев бастаған халық қалаулылары, қалалық ішкі саясат, адами капиталды дамыту бөлімдерінің өкілдері қатысып, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын жеткізді.

Айта кетерлігі, №5 Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің ұжымы да акцияны жалғастырып, 12 балаға байланыс құралдарын алып берген. Енді аталмыш қайырымдылық шарасын «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұранмен қаламыздағы барша азаматтар жалғастырса деген ниет бой көрсетіп тұрғанын да еске салу қажет.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 396 рет