Жұма, 10 Сәуір 2020 14:21

Түркістан: Түлкібастық «Алтын алқа» иесіне қамқорлық көрсетілді

Састөбе ауылының тұрғыны Елена Зейнолова бес баланың анасы, бір немеренің әжесі. Жалғыз басты әйел пәтер жалдап, ұл-қыздарын жетілдіру жолында еңбек етіп жүр. Алайда, ауылдан тыс жерде жұмыс жасағандықтан, тапқан ақшасының мәні болмай келеді. "Қамқорлық" бағдарламасы аясында Еленаны жұмыспен қамту немесе кіші бизнес көзін тауып беру мәселесі басты назарға алынды.

Түлкібас ауданында "Алтын алқа" иегері атанған жас  аналар өте көп. Дәуірбек Берікбаевтың жары да аталған жас аналар қатарында. 2019 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің арқасында бұл отбасы үйіне газ кіргізіп, құлағалы тұрған үй қабырғаларын қалпына келтіріп алған болатын. Отағасының ептілігінің арқасында мемлекеттік жәрдемақыға сиыр сатып алған. Енді көктем шыға сол сиырлардан сүт өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр. Алдағы күндері "Қамқорлық " бағдарламасы аясында Берікбаевтар жанұясы сүт өнімдерін өндіруге арналған жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, аталған азаматтарға қол үшін беріп, сауап іс жасағандар: Түркістан облыстық  «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрағасы Шәріпбек Жамалбеков бастаған зиялы қауым өкілдері, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов,Түлкібас аудандық әкімдігі, ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай.

Атап өтейік, облыс басшысының қолға алған "Қамқорлық" бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асып, тұрмысы қанағаттанарлық шегінен төмен отбасылар жергілікті әкімдік пен еріктілер тарапынан үнемі бақылауда болады. Ол үшін әр отбасыға бір кураторлар бекітілді.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 380 рет