Жұма, 17 Сәуір 2020 16:42

Шымкент қаласының ірі сауда орындарына дезинфекциялық өткелдер орнатылуда

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Шымкентте дезинфекциялық өткелдер орнатыла бастады. Бұл туралы Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы хабарлап отыр.

Мұндай қондырғы қаладағы Қазыбек (Дулати көшесі бойындағы) азық-түлік базарының кіреберісіне орнатылды. Жақын күндері дезинфекциялық өткелдер «Акбар», «Жабық базар» секілді ірі сауда орындарына да қойылады деп күтілуде. Осы ретте Шымкент қаласының әкімдігі барлық кәсіпкерлерді сатып алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өз нысандарында осындай залалсыздандыру қондырғыларын орнатуға шақырады. Бұл - тұрғындар арасында қауіпті індеттің таралуының алдын алу шараларының бірі болып табылатынын айта кеткен жөн.

Бүгінге дейін қаладағы 4 ауданда залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Шымкентте бұл бағыттағы іс-шаралар карантин аяқталғанша жүйелі жалғасады. Дезинфекциялау қала көшелерінде, көп қабатты үйлерде, аулаларда және жаяу жүргіншілер жолдары мен аялдамалар сынды қоғамдық орындарда атқарылуда.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 299 рет