Жұма, 15 Мамыр 2020 10:59

Топан судан зардап шеккен мақтааралдықтар Төле би ауданына көмектесіп жатыр

Нөсер жауыннан үйлері бүлінген Төлеби ауданының тұрғындарына алғашқылардың бірі болып мақтааралдықтар жетті.

Мақтааралдық азаматтар қауіпсіз жерге көшірілген 105 отбасына бірінші кезекте қажетті 12 түрлі азық-түлік пен киім-кешек, химиялық және медициналық заттар жеткізіп берді.

Осы айдың басында үйлері су астында қалған Мырзашөлдің тұрғындары бірқатар қиындықты бастан өткеріп жатса да төлебиліктердің жағдайына бей-жай қарай алмады. Осылайша, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігі жарасқан ел екендігімізді іс арқылы дәлелдеп жатыр.

Мақталы өлкенің мырза халқы жіберген гуманитарлық көмек жергілікті деңгейдегі төтенше жағдайдың зардаптарын жою жөніндегі аудандық штабтың қоймасына жеткізілді.

«Өздері қиын жағдайда болса да біздің жағдайымызды ести сала көмекке келген Мақтаарал ауданының азаматтарына алғысымызды айтамыз»,- деді Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков.

Айта кетейік, айтып келмейтін апатты еңсеруде Мақтаарал ауданы мен Жетісу өңірінің ерікті жастары алдыңғы шепте жүр.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 331 рет