– «Ауыл – Ел бесігі» – маңызды әрі тиімді жоба. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқармалар жобаларды жедел анықтап, құжатын әзірлеп, конкурстарын уақтылы өткізулері керек. Мердігерлер жұмыстарын жоспарға сәйкес атқарсын. Кешігуге болмайды. Аса қажетті нысандар бірінші кезекте жоспарға енгізілсін. Тиянақты зерделеп, жұмысты ширатуды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанатбек Қайыпбектің айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» арқылы биыл 165 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа жалпы 25,3 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде, 107-сі – жаңа жобалар. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 134 елді мекеннің әлеуметтік-инфрақұрылымдық жүйелері жақсарады.
Биыл 1 сәуірдегі деректі сөйлетсек, 107 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша барлығына, техникалық қадағалау жұмыстары бойынша 96-на мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. Жарияланған құрылыс-монтаждау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурстары нәтижесінде 18 жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарт түзу жұмыстары жүргізілуде. 20 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне шағым түскен. 69 жобаның мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталмаған. Техникалық қадағалау жұмыстарына 17 жоба бойынша жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат