Бейсенбі, 25 Ақпан 2021 21:45

Бәйдібек: Шаян ауылы аудан айнасы болуы керек

Аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков Шаян ауылындағы әрбір көшенінің бойымен жүріп, аралап, ондағы ғимараттардың, алаңдардың, жолдардың бүгінгі жай-күйін мұқият саралап танысқаннан кейін бірінші кезекте үлкен көшелерді абаттандыруды жоспарға енгізген болатын.

Аудан тұрғындарына берген қорытынды есеп жиынында «Шаян ауданның айнасы болу керек», - деген аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков аудан орталығындағы Б.Қарашаұлы, М.Әуезов, Е.Шөкеев көшелері абаттандырылатынын айтты.

Қазіргі таңда Б.Қарашаұлы көшесін абаттандыруға (аялдамалар мен орындықтар орнату, бордюрлерді ауыстыру, аллеялар салу) қаржысы қаралып, ағымдағы жылы тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Одан бөлек М.Әуезов пен Е.Шөкеев көшелерінің бойларын абаттандыруға сметалық құжаттамалары әзірленіп, эскизі бекітіліп, жоғары тұрған бюджетке қаржыландыруға ұсынылды.

Өздеріңізге белгілі өткен 2020 жылы Шаян ауылының кіре берісіндегі Т.Рысқұлов көшесіне абаттандыру жұмыстары басталған болатын. Кіре берісіне жаңадан қақпа орнатылып, аялдамалар салынып, «Туған жерім Бәйдібек» монументінің құрылысы жүргізілді. Биыл айналма жолға, Созақ бағытынан кіре беріс жерге монумент орнату, айналасына асфальт төсеу, дүкендердің алдын абаттандыру (шарбақ орнату), көше бойындағы бос жатқан жер теліміне атап айтқанда бұзылған ескі көпқабатты тұрғын үйдің орнына аллея, аталған аллеяның жанынан футбол, жаттығу және балалар ойын алаңдарының құрылысын бастап, ел игілігіне беру жоспарлануда. 

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 311 рет