Дүйсенбі, 06 Қараша 2023 21:18

Түркістан: төрт аудандағы әкім сайлауының қорытындысы шықты

Түркістан облысындағы 4 ауданда: Созақ, Мақтаарал, Шардара және Бәйдібек аудандарында әкім сайлауы өтті. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жеңіс Мақұлбаев 2023 жылдың 5 қарашасында пилоттық режимде өткен 4 аудан әкімінің сайлау қорытындысы бойынша есеп берді.

Бәйдібек ауданы бойынша сайлауға 3 кандидат қатысып, сайлаушылар тізіміне 28807 азамат енгізілді. Дауыс беруге -16729 сайлаушы қатысты. Бәйдібек ауданының сайлау қорытындысы бойынша 9379 дауыспен Бәйдібек ауданының әкімі болып 1973 жылы туған, «ERNUR» корпорациясы» ЖШС директоры болып қызмет атқарып келген Ерлан Заиыпұлы Нұрмаханов сайланды.

Мақтаарал ауданы бойынша сайлауға 3 үміткер қатысып, сайлаушылар тізіміне 70648 азамат енгізілді. Дауыс беруге - 46114 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысымен 29338 дауыспен Мақтаарал ауданының әкімі болып 1962 жылы туған, осыған дейін Мақтаарал ауданының әкімі болып қызмет атқарып келген Бахыт Нәсірханұлы Асанов сайланды.

Созақ ауданы бойынша сайлауға 3 кандидат қатысысты. Сайлаушылар тізіміне 35715 азамат енгізілді. Дауыс беруге -23948 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысымен Созақ ауданының әкімі болып 16016 дауыс жинаған 1967 жылы туған, осыған дейін Созақ ауданының әкімі, болып қызмет атқарып келген Мұхит Сексенбайұлы Тұрысбеков сайланды.

Шардара ауданы бойынша сайлауға 3 үміткер тіркеліп, сайлаушылар тізіміне 44109 азамат енгізілді. Дауыс беруге - 29929 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысымен 18259 дауыспен Шардара ауданының әкімі болып 1977 жылы туған, Шардара аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарып келген Арман Романұлы Қарсыбаев сайланды.

Елімізде өтіп жатқан пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау - мемлекет пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі. Аудан әкімдерінің сайлауы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдері деңгейінде апробациядан өтті. Мәселен, екі жыл ішінде ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың 1 668 әкімі сайланды. Оның 75% - саяси партиялар ұсынылды, қалған 25% - өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ сайланған әкімдердің 57,4%-ы бұрын бұл қызметте жұмыс істемеген. Яғни, ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды.

Былтыр Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару институттарын жаңарту туралы міндеттеме қойды. Бірінші кезекте Президент сайлауы, одан кейін Парламент сайлауы өтті. Сондай-ақ пилоттық деңгейде ауыл әкімдері де сайланды. Енді міне аудан әкімдерін сайлау деңгейіне шығып отырмыз. Бұл маңызды меже болып саналады. Себебі бізде бірінші кезекте әкімдер корпусын жаңарту міндеті тұр. Бұл жаңа уақыт талабы. Қазіргі кезде экономикалық-әлеуметтік саясатты жүзеге асырып жатырмыз. Сондықтан өңірлердегі инвестициялық, аграрлық саясатты дамыту бойынша бізде халықпен етене тығыз жұмыс істейтін жаңа әкімдер корпусын қалыптастыру міндеті тұр. Сондай-ақ жалпы халықтың саяси шешім қабылдауға деген қатыстылығын, олардың өзінің дауыс беруін, әкімдермен тығыз жұмысының нәтижесін көруіне ары қарай да жол ашу көзделуде.

Жалпы әкімдер сайлауы мемлекет пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі. Осылайша азаматтар үшін өз елді мекендерінің дамуына тікелей ықпал етудің жаңа мүмкіндіктері ашылуда. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің жұмысына деген халықтың қызығушылығы артып отыр. Оны Қазақстанның қоғамдық даму институтының зерттеуінің алдын ала нәтижесі бойынша аңғаруға болады. Азаматтар өздерінің облыс, аудан деңгейіндегі қоғамдық кеңестердің жұмыстарына қызығушылық танытып,  нәтижесінде ұйымның жұмысымен таныс азаматтардың үлесі көбейген. Бұның барлығы қоғамдық ұйымдардың жұмысын барынша демократияландыру үшін жасалып жатқан қадамдар деп түсінуіміз қажет. Өңірлерде өндірістік және өзге де мәселелер баршылық. Сондықтан халықтың үніне құлақ аса жұмыс істеу өте маңызды. Ал бұл сол процессті әлдеқайда ашық қылып жасап жатқан маңызды қадамның бірі. Сайлау кезінде өзін өзі ұсынған кандидаттар тұрғындарды барынша өз бағдарламасымен жақсылап таныстыруы тиіс. Ал сол бағдарламаны іске асыру жұмыстарын қоғамдық кеңес, ақсақалдар алқасы қатаң қадағалауы маңызды.

Конституциялық реформа есебінен саяси модельді түбегейлі жаңарту, әкімдердің тікелей сайлануын енгізу – мұның барлығы қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен саяси қатысуын арттыруға ықпал ететіні белгілі. Бұл сайлау қоғамда жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру туралы маңызды міндетті көрсетеді. Сондықтан бұл аймақтардағы әкімдердің халықпен жұмыс істеудегі арадағы бәсекенің артуына сеп болмақ. Бұл ретте аймақты дамыту идеясы да жандана түсетіні анық. Себебі бұған дейін Президент өңірлердегі әкімдердің жауапкершілігін арттыру туралы айтып өткен еді, бұл аудандарға да қатысты.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 930 рет