Сейсенбі, 16 Сәуір 2024 12:15

Түркістанда салынып жатқан жаңа нысандарда петроглифтер бейнеленеді

Түркістан қаласында үздіксіз жүріп жатқан көріктендіру, абаттандыру, құрылыс жұмыстары Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында. Өңір басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте салынып жатқан нысандардың сәулеті мен жаңа жобалар таныстырылды. Әкімшілік-іскерлік орталығы мен Мәдени-рухани орталықта салынып жатқан жаңа нысандардың үлгілері талқыланды.

Әкім Түркістан қаласында салынатын ғимараттардың туристерді баурап алатын ерекше үлгіде болуы керек екенін ескертті. Қолөнершілер шеберханасы бар теңдессіз туристік кешендегі мұнараларға Арпаөзен таңбалы тастарын – петроглифтерді бейнелеуді ұсынды.

Бұл кешеннің мақсаты – туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, мәдениет пен мұраны сақтап қалу. Қолөнершілер қалашығында жалпы аумағы – 9 мың шаршы метрге жуық. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан шаһардың орталғында орналасатын жаңа қалашықтың жобасы ерекше. Алдағы уақытта өңірде кәсіпкерлерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделген.

Облыс әкімі барлық нысандардың Шығыс және ұлттық сәулет нақыштары көрініс табуы керектігін айтып, жаңа құрылыс нысандарын уақытында аяқтауды тапсырды. Жиналыста Түркістан қаласындағы галерея жобасы, бизнес орталығының сыртқы көрінісі, ұлттық ойындар алаңын салу жобаларына қатысты өзгертулер қолдау тапты.

Естеріңізде болса, Түркістан облысы жаңадан құрылған сәтте өңір басшылығы Түркістан түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамитынын айтқан болатын. - Түркістан қаласында бой көтеретін тұрғын үйлер көп қабатты болмайды. Себебі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Барлық жерде мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ, баспаналар Орта-Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Сонда еліміздегі, кем дегенде, бір қала осындай ескі келбетпен бой көтереді, - деген сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өз сөзінде. Содан бері Түркістанда жаңадан әуежай, автовокзал, көптеген қонақ үйлер мен дәмханалар, шығыс және заманауи стильдегі туристік кешендер мен тарихи-мәдени орталықтар салынды. Бұдан бөлек, республиканың әрбір облысы Түркістан қаласына бір-бір ғимараттан салып, сыйға тартты. Сөйтіп, мыңдаған жылдық тарихы бар Түркістан түрленіп сала берді. Қазір, бұл қалаға алғаш келген адамдар сәулетіне тамсанып, бұрын болғандар өзгерісіне тәнті болуда.

Түркістан облысы құрылған уақыттан бастап сәулет және қала құрылысы басқармасы біршама жұмыс атқарып үлгерді. Мәселен, Түркістан облысында 820 елді мекен бар болса, 2018 жылы солардың 518-інің ғана бас жоспары болған. Ал, соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 799-ға өсіпті. Яғни, басқарма мен аудандардың тарабынан 281 елді мекенің бас жоспары әзірленген деген сөз. Тиісінше, қазіргі таңда облыс бойынша бас жоспармен қамтылу көрсеткіші 98 пайызды құрап отыр. Атап айтқанда, 2018 жылы 82, 2019 жылы 99, 2020 жылы 54, 2021 жылы 36 және 2022 жылы 10 елді мекеннің бас жоспары әзірленген.

Түркістан облысы құрылғалы бері өңірде туристер мен зиярат етушілерге қызмет көрсетуді жақсарту көзделіп, туристік инфрақұрылымды көтеру,туризмді дамыту, шағын және орта бизнесті қалыптастырып, қаладағы экономиканың орнықты дамуы үшін инвесторларды тарту бағытында жұмыстар атқарылып келеді. Бұдан бөлек, қоғамдық аймақтар денсаулық сақтау, мәдениет, ағарту, байланыс, сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық және коммерциялық қызмет көрсету объектілерін салу да назардан тыс қалған емес. Осы орайда сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан облыскөлеміндегі сәулеттік жобалар мен концепциялар әзірленіп, ұсынылған. Оның ішінде "Жібек жолы саябағынан Президент саябағына дейінгі Канал" жобасын ерекше атап өтсек болады. Бұл арқылы тұрғындар, туристер мен қонақтар Түркістанды қайықпен тамашалап, канал аумағындағы сауда кешендерін аралап, дәмханалардан тамақтанып, саяхаттайтын болады.

Сондай-ақ, облыс бойынша 92 егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары дайындалып, бекітілді. Тиісінше, алдыңғы жылы Түркістан қаласының аумағы 1323,6 гектарды құрайтын екі бірдей индустриалды-өндірістік және бір аграрлы-өндірістік 194,5 гектар аумағына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, 500,0 мың теңге қаралды. Сонымен бірге, 2023 жылы Шардара қаласы мен Отырар ауданындағы Шәуілдір елді мекенінің Бас жоспарын әзірлеу жұмыстары бастау алды. Одан бөлек, Аймақтық кешенді схеманы әзірлеу және құрылыс салу жобасы бойынша да жұмыстар басталды. Тиісінше, аталған жұмыстардың барлығы өңірдің әлеуметтік-экономикалық, өндірістік, көліктік, инженерлік инфрақұрылымдық және т.б. салалары бойынша дұрыс дамуын қамтамасыз етеді.

«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына сәйкес, қала құрылысы кадастрының цифрлық жоспарлы негізін құру үшін құрылыс салынған аумақтардағы жер асты және жер үсті коммуникацияларды түгендеу жұмыстарын жүргізу тапсырылған. Бұл тапсырманы орындау бірінші кезекте облыс аумағындағы қала мен аудан орталықтарының құрылыс салынған аумақтарына түгендеу жұмыстарын жүргізуден басталған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 136 рет