Облыс әкімі прокуратура қызметкерлерін жаңа ғимаратпен құттықтап, жылы лебізін білдірді. – Қасиетті шаһарда құқық пен әділеттің жаңа ордасы бой көтеріп отыр. Бұл – тарихи сабақтастықтың белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «заң үстемдігі – елдің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі» екенін үнемі айтады. Президентіміз «Заң мен Тәртіп» қағидатын ұсынып, осы міндетті орындауда прокуратура органдарына маңызды міндет жүктеп отыр. Ал құқық қорғау саласы мүлтіксіз әрі сапалы қызмет етуі үшін оларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте бүгін ашылған ғимарат сіздердің жұмыстарыңызға серпін береді деп ойлаймын, – деген облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы бұл – заңға деген құрметтің, әділдікке деген сенімнің белгісі екенін айтты.
Жаңа прокуратура ғимараты – тек кеңсе емес. Бұл – заң үстемдігін нығайтуға, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етуге, тұрғындардың өтініштеріне жедел және сапалы жауап беруге арналған заманауи орталық. Ғимараттың құрылысы биылғы жылдың ақпан айында басталып, жыл соңында толық аяқталған. Тапсырыс беруші – «Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» ММ. Құрылыс жұмыстарын «Нұр-Строй 2012» ЖШС жүргізді. Ғимарат заманауи техникалармен жабдықталған, ішінде жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Қызметкерлердің бөлмелері, үлкен жиналыс залы, ас бөлмесі, жаттығу бөлмесі, жабық спорт залы және автотұрағы бар.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимараттың лента қию рәсімі өтіп, облыс әкімі жергілікті зиялы қауым өкілдерімен бірге нысанды аралап көрді. Содан соң келген қонақтар ғимарат ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, қаланың көркеюіне атсалысты. Айта кетсек, биыл Президент бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Қасиетті шаһар жедел қарқынмен дамып жатыр. Халық саны өсіп, әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған турист келуде. Түркістан – қазақ руханиятының жүрегі. Бабаларымыз осы жерде елдік мәселелерді шешкен. 17-ғасырдың соңында Түркістанда «Жеті жарғы» заңдар жинағы дайындалып, қоғамға қызмет еткен. Бүгінде сол тарихи сабақтастықты жалғай отырып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасуда. Жаңа прокуратура ғимараты осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Түркістан қаласында жаңа ғимараттардың саны күн өткен сайын көбейіп келе жатыр. Естеріңізде болса, биыл Түркістан қаласы ерекше мәртебеге ие болды. Түркістан қаласының дизайн коды – «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңы негізінде бекітілген болатын. Дизайн кодта Түркістан қаласының тарихи, ландшафттық-табиғи, функционалдық, жергілікті ерекшеліктері және тұрғындары мен қонақтарының заманауи қажеттіліктерін ескере отырып, Түркістан қаласының сәулеттік стилі қалыптасады. Сондай-ақ, Түркістан қаласының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдар мен барлық меншік нысанындағы ұйымдар қамтылмақ.
«Жалпы дизайн код –жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны, аумақтық жоспарлаудың негізгі модельдерін қалыптастыруға бағытталған. Дизайн код барысында қаладағы ешқандай ғимаратқа қайта жөндеу немесе өзгерту жұмыстары жүргізілмейді. Ол қаладағы жаңадан салынатын ғимараттарға ғана қолданылады. Алдағы уақытта қаламыздағы жаңа нысандар шығыс үлгісіндегі стильде салынатын болады. Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшеновтің сөзінше, дизайн код – жалпы ережелер, негізгі талаптар, сыртқы ақпарат, көше навигациясы жүйелерін орнату және безендіру, көше жиһазын орнату және безендіру, қасбеттер, қоршаулар және қалалық кеңістікті жарықтандырудан тұрады. Осы ретте, ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін безендіру кезінде сәулеттік стильге тән жүргізіледі.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат