Дүйсенбі, 14 Қазан 2019 17:03

Шымкент: Жолдау бойынша ақпараттық-насихаттық топ жастармен кездесті

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша қалалық ақпараттық-насихаттық топ индустриялды-техникалық колледж ұстаздары және студенттерімен, ардагерлермен кездесті. Жиында сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Жолдаудың маңыздылығына тоқталды. 

- Жолдауда азаматтық қоғам туралы айтылды. Яғни қоғамның әр мүшесі қоғамдық шараларға қатыса алады. Мәселен, биыл жастар жылында 29 адамнан тұратын Жастар мәслихаты құрылды, - деп Қ.Нұртай жастарды белсенді болуға шақырды.

Ал заң ғылымдарының кандидаты, доцент Асхат Есенәлиев:«Заман талабына сай тиімді мемлекет құру үшін қоғам мен мемлекеттің аражігін ажыратып алу керек» - деді. "Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет". Біз осы мақсатқа жету бағытындағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет", - деді ол.

Айта кетейік, ақпараттық-насихаттық топтың құрамында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгүл Текебаева, Абай ауданының әкімі Ғалымжан Төлепов те сөз сөйлеп, жиынға қатысушылармен пікір алмасты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 829 рет