Жұма, 22 Қараша 2019 01:28

Түркістан облысында азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтті

Түрлі түйіткілдерімен келген тұрғындар аймақ басшылығына арыз-шағымдарын тікелей бетпе-бет жеткізуге мүмкіндік алды. Республика бойынша өткен бірыңғай азаматтарды қабылдау күніне келген облыс тұрғындарының басым бөлігі жеке басының уәжімен келді. Сондай-ақ әлеуметтік, көлік, туризм, спорт, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым салалары бойынша бірқатар өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. 

Тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдаған облыс әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қосман Айтмұхаметов көтерілген мәселелерге байланысты жауапты басқарма басшыларына айтылған арыз-шағымдарды назарға алып, шешуді тапсырды.

Ашық есік күніне келген барлық азаматтар үшін Түркістан облысы әкімдігінде арнайы бөлме ашылған. Онда тұрғындар демалып, теледидар көріп, отырып, кезек күтуде. Қажет болған жағдайда медициналық және психологиялық көмек көрсету үшін мамандар жұмылдырылған. Таңғы сағат 9:00-ден басталған қабылдауға осы уақыт аралығында 50-ден астам азамат жеке сұрақтарымен келіп, тиісті жауаптарын алды. Қабылдау кешкі сағат 19:00-ге дейін жалғасты. Жалпы, Түркістан облысы бойынша аудан және қала әкімдерінің қабылдауына 500-ге жуық адам жазылған.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 425 рет