Сәрсенбі, 04 Қазан 2017 09:26

Ру рушылдыққа айналып барады...

Қанатсыз құс болмайтыны секілді русыз қазақ болмайды. Өкініштісі, біз ру деген киелі ұғымды рушылдық деген дертпен ауыстырып алған ел болып тұрмыз. Ру рушылдыққа айналып кетті. Әйтпесе ру қашан жаман болыпты?! Мәселен, ел болған соң ол елдің ішінде сөз ұстаған жақсысы да, бір аяқ асқа алғысыз жаманы да, байы мен бағланы да, отқа қарап отырған тас кедейі де кездеседі. Жақсылар – сол елдің абыройы! Керек болса төлқұжаты! Жамандар басыңды көтертпейді. Сыртта басыңды көтеріп жүргің келсе, алдымен жаманыңды тый! Міне, тәрбиенің көкесі!

Жақсы мен жаманды айыру үшін амал жоқ, салыстыруға барасыз. Мәселен, қазақ бұзылмай тұрған кешегі күні...Әгәрәки, оң жақта отырған қызың жүкті болып қалды ма, бітті, бұл бір шаңырақтың ғана қасіреті емес, тұтас рудың қасіреті. Тұтас рулы ел жер шұқып қалады. Биі дау шешуге бара алмайды, ақыны айтысқа түсе алмайды. Айтысса мәз бола ма, қарсыласы әлгі жағдайды көзге шұқиды да отырады.

Қазақ бұзылған бүгінгі күні... Қызының күйеуден қайтып келгені ұят емес, үйде туып қалғаны өлім емес. Екеуіне де жауап дайын. Біріншісіне «күйеу баланың бір әпкесі бар екен, сол қызымызға күн көрсетпепті» немесе «білмеппіз, күйеу бала наркоман екен. Құтылғанымызға қуандық». Екіншісіне «қазір үйінде кім туып қалмай жатыр, сорлы қыздың пешенесі осылай болды. Ана бәлесі қатынымен ажырасамын деп жүрді-жүрді де соңында ажыраса алмады. Алданып қалды қызымыз». Бітті! Осыдан кейін біреу бірнәрсе деп көрсін!

Кешегімізге қарағанда бүгініміз сұрықсыз. Неге? Себебі ол кезде бір руыңыз бір отбасы сияқты еді. Бүгінгі руыңыз әрі кетсе ОПГ (ұйымдасқан қылмыстық топ) сияқты. Мәселен, кедей кеше де болды. Бірақ ел тоқ болса ешкім аш қалмайтын. Отбасымды асыраймын деп ешкім елден шығандап шығып кетпейтін. Елде болса еріндері қимылдайтын. Бүгін жәй руласың түгілі жақын ағайының аузыңа су тамызбайды. Сосын ғой ер-азаматтың күнкөріс үшін қиыр асып кететіні. Үйінде еркегі жоқ отбасының ұлы мен қызы осыдан кейін кімнен аяқ тартады? Руласың саған бұрылып та қарамайды. Ал, бірақ... Руын айтып мақтанғанда бар ғой, төбеңді ойып жібере жаздайды. Сол рудағы Пәленше батыр, Түгенше ақынға ас беріп, ескерткіш орнатар кезде бұлардан асқан ұйымшыл жоқ. Ағайынының баласы аяқ киімі жоқтықтан мектепке бара алмай отырады, бұл он сегізінші атасына ескерткіш орнатып, әуреге түсіп жатады. Ескерткіш демекші...

Аттары аңыз болып ұлт тарихында қалған батыр-билерге, ақын-шешендерге ескерткішті мемлекеттің өзі қоюы керек еді. Өкінішке қарай, бізде ескерткіштерді өкімет емес, әр ру өздері қоятын болды. Алысқа бармай-ақ осы Шымкенттегі ескерткіштерді ой елегінен бір өткізейікші. Темір жол вокзалынан түссеңіз сізді Қапал батырдың ескерткіші қарсы алады. Жо-жоқ, «Қапал батыр болды ма, болмады ма?» деп дауласқалы отырған жоқпыз. Тіпті «ол кісіге неге ескерткіш қойылады?» деуден де аулақпыз. Мәселе бұл ескерткішті қапал руының адамдары қойғандығында болып тұр. Ескерткішті мемлекет емес ру адамдары қойғаннан кейін тұрғындар мен қонақтардың оған деген сүйіспеншілігі, махаббаты қандай дәрежеде болады? Мәселен, үлкендерден естуімізше, кешегі тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдары Алматыдағы Абайдың, Амангелдінің, Шоқанның ескерткіші барша қазақтың көзқуанышына айналып тұрды. Ол ескерткіштерге тек тобықтылар, қыпшақтар, төрелер ғана гүл шоқтарын қойған жоқ, барша қазақ қасына барып, елдік туралы ойларға шомды. Әркім өз бойынан Абайды, Амангелдіні, Шоқанды іздеді. Өмірге Абайды, Амангелдіні, Шоқанды әкелген қазақ деген ұлттың өкілі болғандығына масаттанды. Бүгін Қапал батырдың басына барша қазақ барады ма? Барса Қапал батырды дүниеге әкелген қазақ болғандығына қуанады ма? Кешіріңіз, бұл арада өтірік айта алмайды екенбіз... Шаттанса қапал руының адамдары шаттанып жүрген шығар, бүкіл қазақтың жүрегі қуаныштан атқақтап кетті дей алмаймыз. Мұндай өтірікті айту үшін суперұятсыз болуың керек.

Шолаққорған, Шаян жақтан келе жатқан жолаушыны Бәйдібек бабаның ескерткіші қарсы алады. Айтары жоқ, алып ескерткіш. Қаланың көркіне көрік қосып тұр. Сол ескерткішті кімдер қойды деп ойлайсыздар? Мемлекет пе? Шынымен мемлекет қойса да бұған енді жұртты сендіру қиын. Мемлекет болмаса енді кім? Ақтөбедегі адайлар ма, Арқадағы арғындар ма, жоқ, осындағы қоңырат ағайындар ма? Әрине, ішіңіз біліп отыр, дулат ағайындар қойған ескерткіш!

Күн қатып, түс қашып Мақтарал жақтан келе жатқанда Шымкентке кіре берісте сізді кім күтіп алады? Дұрыс айттыңыз, Алпамыс батыр! Ол ескерткішті де мемлекет орнатпаған. Тоқсан баулы қоңырат елінің азаматтары «бастарын көтеріп жүруі үшін» ортадан ақша шығарып қойған ескерткіш.

Бірер жыл бұрын Шымкенттің қақ ортасына Тілеу батыр мен оның ұлы Жолдыаяқ батырға ескерткіш қойылды. Күлбілтелемей ашығын айтайық, мұны қойған Кіші жүздің жігіттері. Бұдан да ашығын айтсақ, ол қос ескерткіштен «рухани ләззат алып» жүргендер де сол елдің азаматтары. «Басқалар» әрі кетсе «түу, мына ағайындар ұйымшыл екен ғой, ескерткішті қатырыпты» дер. Одан арыға бармайды. Әділін айтқанда, ескерткіш қойғандарға да осыдан артық лебіздің қажеті жоқ. Себебі, о баста, ескерткіш қоярдағы мақсаттың өзі де осы болатын. Демек, мақсат орындалды!

Жеңіс саябағының кіре берісінде бағыс руы жақсыларының күш салуымен орнатылған Сабыр Рақымовтың ескерткіші тұр. Осылай кете береді…

Құдай сақтасын, бүгінде ескерткішке айналып тұрған осы тұлғалардың қай-қайсысын да мұндай құрметке лайық емес еді деуден аулақпыз. Лайық болғанда қандай! Алайда, бұлар бір ру адамдары ғана қоятын ескерткіштер ме еді?! Басқасын айтпағанда, сонда біздің өкіметке, біздің мемлекеттің идеологиясына Алпамыс батыр керек емес пе? Немесе генерал Сабыр Рақымов бағыстың жігіттеріне ғана керек пе?!

Міне, біздің жеткен жеріміз!

Кешіріңіз, айтайын деп айтқан жоқпыз, ашынғаннан айттық!

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

 

 

Оқылды 3618 рет