Бейсенбі, 25 Ақпан 2021 09:07

Келес: Салық төлеушілерге барынша ыңғайлы жағдай жасалған

ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер туралы» кодексіне 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша Келес ауданында семинар өткізілді.

Келес ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен жиынға өңір тұрғындары мен мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан облысы бойынша Түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Ә.Лесов пен Өнірістік емес төлемдер басқармасының басшысы М.Көкенов және Келес ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Е.Бигабулов қатысты. Онда 2021 жылдың 1-қаңтарында ҚР "Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер туралы" Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жақында өткен Қаржы министрлігінің алқа отырысында қазақсандық кәсіпкерлерге мобильді қосымшалар арқылы аударылатын ақшаға салық салынатыны айтылған болатын. Жиын барысында мамандар ол ұсыныстың күшіне енбегенін, әлі қаралып жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, жиында салық төлеушілерге барынша ыңғайлы жағдай жасалынғаны айтылды. Яғни, Мемлекеттік кірістер комитетінің «Е-Salyq Azamat» мобильді сервисі қазір барынша оңтайландырылған. Қосымшаны App Store және Play Market дүкендерінен жүктеуге болады.

«Е-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы салық төлеушілер үшін тиімді. Мобильдік қосымша кез келген азамат үшін қолжетімді. Мәселен, енді қазақстандықтар активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны үйден шықпай-ақ тапсыра алады. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Әлібек Лесов Келес ауданында өткен семинар кеңесте мәлімдеді. «Мобильдік қосымшаны салық төлеушілер дұрыс қолдана білсе, онда мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерінің жұмысы жеңілдейді. «E-Salyq Azamat» қосымшасы арқылы тұрғындарға - салық әмияны, жалпыға бірдей декларациялау, салық салу объектілері, қызметкердің еңбек ақысы, электронды сервистер, калькулятор, салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы қызмет түрлері ұсынылған»,- деді Әлібек Шәмшінұлы. «E-salyq Azamat» тегін мобильді қосымшасын App Store және Play Market-тен жүктеуге болады. Бүгінде тиімділігі мен танымалдылығын арттыру мақсатында сала мамандары тиісті жұмыстар атқаруда.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 433 рет