Сейсенбі, 11 Қыркүйек 2018 15:56

Жамантай БЕЙСЕНБАЕВ, Жетісай ауданының әкімі: «Елбасының жарлығы шыққанда ел көзіне жас алып, ерекше қуанды»

- Жамантай Қанайұлы, Мақтаарал ауданы екіге бөлініп, Жетісай ауданы құрылып, өз алдына енші алып шықты. Осы тарихи сәттің басы-қасында жүріп қана қоймай, жаңадан құрылған ауданның тізігіні қолыңызға тапсырылып отыр. Осынау жарқын оқиғаларға толы 2 айда аудан өмірінде бірталай өзгерістер орын алған болар? Халықтың көңіл күйі, ауданның бөлініп шығуына деген көзқарасы қалай?

- Аудан бөлінгеннен кейін халықты Елбасының жарылығымен арнайы таныстыру үшін өзіміздің қарашаңырақ – Мақтаарал ауданындағы орталық стадионға жинадық. Ораза айының іші болса да, 9 мыңға жуық адам жиналды. Ауданның бөлінгеніне халық риза. Қуанышты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихаттың депутаттары, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері келді. Халықтың зор ықыласына куә болды.

Әу баста "ауданды үшке бөлсек" деп, жоғарыға ұсыныс бергенбіз. Облыс әкімі есеп беруге барған кезінде Елбасы: «Аудандарды бөлу не болып жатыр?» - деп сұрапты. Сол кезде облыс басшысы "Сарыағашты екіге, Мақтаралды үшке бөлсек" деген ұсыныс барын айтады. Елбасы: «Жансейіт, мынау Семейден, Торғайдан маған дүркін-дүркін хаттар келіп жатыр. «Титтей ғана жерді үшке бөлгенше оны да, бізді де екіге бөліп берсеңізші» дейді. Осыны да бір ойланып көріңдерші»,- десе керек. Мен елді мекендерде халықпен кездескен кезде «біздің мына шетіміз бен ана шетіміз - 30 километр. Ар жақта, Семей, Торғай өңірлерінде жер миллион гектарлап жатыр. Бір шетінен екінші шетіне шығу үшін кем дегенде бір апта жүреді. Біз Құдайға шүкір дейік те. Екіге бір бөліп алайық, кезінде сөйткенімізде қазір үшке бөлуге болар ма еді», - дедім. Халыққа рахмет, бәрі түсіністік танытып, қолдау білдірді. Елбасының жарлығы шыққанда ел көзіне жас алып, ерекше қуанды. Енді келешекте елдің экономикасы ары қарай дамып, халықтың саны арта түссе, тағы да бөлуге болар деп ойлаймын.

Ауданды екіге бөлу барлық жағынан тиімді болды. Екі әкім болса, ауылына жақын, халықпен, тұрғындардың мәселесі бойынша жиірек жолығып тұруға мүмкіндік болады. Оның үстіне қаншама мамандар базарда отыр, жұмыс таппай жүр, соларға жұмыс орындары ашылды. Бұрындары әкімдікке қарасты 12 бөлім болатын болса, қазір екі ауданда 24-ке жетіп отыр. 24 бөлімнің бастығы бар, қызметкерлері бар дегендей. Аудан ықшамдалғаннан кейін басқаруға да оңай болады. Халықтың да келіп кетуіне ыңғайлы. Көптеген мамандар өздерінің мүмкіндіктерін, қабылеттерін көрсете алмай жүрсе, енді басшылық орындарға келіп, мүмкіндіктері артты. Сырттан бір де бір маман тартқан жоқпыз. Осы өңірдің, бұрынғы Мақтаарал ауданы әкімдігінің қызметкерлерін екіге бөлдік те қойдық. Бюджетті де екіге бөлдік. Жаңа жылдан бастап бізге жаңа штат береді. Ол штатқа сәйкес қосымша бюджетін береді. Сол бойынша ары қарай жұмыс істейміз.

Бүгінгі таңда аудан әкімдігін, дербес бөлімдерді құру жұмыстарын, мамандарды бекітуді толық біттік. Әкемізден қалған дүние емес, барлығын екіге бөлейік деп екі әкім  келістік. Екеуміз қырылып жататын болсақ, елді бүлдіреміз. Бір мәселе орын алып жатса, тез жиналып, бірлесіп шешетін болдық. Құдайға шүкір, ондай проблемалар бола қойған жоқ. Кейбір мәселе біз жақтың, кей мәселеде ол жақтың ыңғайына қарай шешілуде. Қазіргі таңда екі ауданды қосқанда 182 елдімекеннің 113-і - біздің, яғни Жетісай ауданында қалып отыр. Халықтың саны - 173 мың. Мақтаарал ауданында 131 мың халық бар. Негізі, бөлген кезде теңбе-тең етіп бөлуге болар еді, бірақ Жетісай қаласының бір шеті Мақтааралға кетіп қалатын болды. Сол үшін халыққа қиын болмасын деп тиімді етіп бөлдік.

- Сіз әкім болып тағайындалған кезде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев: «Аудан әкіміне жүктелер ең басты үш тапсырма бар. Олар: саяси тұрақтылықты сақтау, аудан тұрғындарының бірлігін нығайту және экономикалық тұрақтылықты сақтай отырып өсімге қол жеткізу. Осы шаруалар сапалы орындалса, бәрі жақсы болады. Шекара маңында орналасқандықтан Жетісайдың стратегиялық маңызы өте жоғары. Даму мүмкіндігі де мол. Әсіресе, ауыл шаруашылығын жүйелеп дамытып, кәсіппен шұғылданамын деушілерге қолдау көрсетілсін», -дегені есімізде. Сол айтқандай, саяси тұрақтылық пен аудан тұрғындарының бірлігі қандай? Кәсіпкерлікті дамытып, зкономикалық өсімге қол жеткізу үшін нендей шаруаларды қолға алып отырсыздар?

- Бұл өңірдегі халықтың негізгі күнкөрісі - жер. Ауыл шаруашылығы. Соның ішінде мақта шаруашылығы, бақша, көкөніс өнімдері. Бұрынғы Мақтаарал ауданына әкім болып тағайындалғаннан кейін үш-төрт күннен соң ауыл шаруашылығын қалай дамытамыз деген мәселе бойынша үлкен семинар өткіздік. Және айына екі рет агротехникалық шаруалар басталғанда халықты, шаруалар мен диқандарды шақырып, басын қосып, семинарлар өткізіп отырмыз. Биыл қауын-қарбыздарымыз мынау көршілес Өзбекстан Республикасына қарағанда бір апта, он күн ерте пісті. Біздің биылғы ең бірінші алған өніміміз – қырыққабат. Қауын-қарбыздың да, қырыққабаттың да өнімділігі жақсы болды. Судан қиындық болған жоқ.

Біздегі ең үлкен проблема – зиянкестер. Зиянкестермен күресте биыл біз биологиялық әдіске басымдық бердік. Бұл, біріншіден, экологиялық таза әдіс. Екіншіден, химиялық әдіске қарағанда арзан. Сосын, ауыл әкімдіктеріне төрт-төрттен зерттеуші мамандар жібердік. Шаруаларға жәрдем берсін деп. Ол төртеудің біреуі облыстық зиянкестерге қарсы болжам орталығының маманы. Үш ай бойы олар шаруаларға қай кезде не істеу керектігін айтып отырды. Жылда бізге Ауыл шаруашылығы министрлігі республикалық бюджеттің есебінен 250-300 млн. теңгеге химиялық препараттар беретін. Ол шаруалараға қолдау ретінде тегін таратылады. Биыл ешкім қатыспай, конкурстың өтпей қалуына байланысты ол қаржы, препараттар келген жоқ. Бірақ, биологиялық әдісті қолдану арқылы ол қаржының жоқтығын халыққа білдірген жоқпыз.

Айтып кеткенімдей, судан анау айтқандай проблема болған жоқ. Дегенмен, Өзбекстандағы «Достық» каналынан бір аптаға дейін суды өшіріп тастаған, судың мөлшерін бірден түсіріп жіберген кездер болды. Елбасының тікелей тапсырмасымен 15 млрд. теңгеге салынған машиналық каналымыз бар. Сол арқылы біз судың мөлшерін реттеп отырмыз. Машиналық каналда 12 насос бар. Қазақта мақала бар ғой, «әкең мұрап болса да, құлақтың басында бол» дегендей, құлақтың ақырғы жағынан бастап суаруға әрекет жасадық.

- Жетісай елімізде бірінші кезекте ауыл шаруашылығы ерекше дамыған өңір ретінде аса танымал. Жетісай десе, көпшіліктің көз алдына алдымен қауын-қарбыз, ақ алтын – мақта, бақша дақылдары елестейді. Сұрайын дегеніміз, осы қауын-қарбыздың, мақтаның, бақша өнімдерінің шығымы қалай? Диқандар төккен терінің өтеуін қайтара алып жүр ме?

- Ең негізгі дақылымыз – мақтадан мол өнім аламыз деп отырмыз. "Арық айтып, семіз шық" дейді ғой қазақ, сол айтпақшы, биыл мақтаның шығымдылығы гектарына кемі 25 центнерден кем болмауы керек. Бұрындары мақтаның 90-95 пайызын қолмен теретін едік. Қазір жылдан-жылға комбайнмен теруге көшудеміз. Оның үлесін 90-95 пайызға жеткізсек деген ниет бар. Қазір қосымша тағы төрт жүйекті 12 комбайн алдырудамыз. Ол бұрынғы екі комбайнның рөлін атқарады. Сапалы, таза тереді. Бұрынғыдай балаларымыз мақта тергенше, сабақ оқысын. Қыздарымыз, келіндеріміз 20-30 келі қап арқалап, ауру жапсырғанша, бала тусын, бала тәрбиесімен айналысса дейміз ғой бір шетінен. Өзбекстаннан келетін жұмысшыларға тапқан табыстың 20-30 пайызын бергенше, бала-шағаларына жұмсағаны дұрыс қой. Комбайнмен тергенде оған кететін шығын тапқан табыстың 10-15-ақ пайызын құрайды. Шаруаларға осыны түсіндіріп жатырмыз.

Өздеріңіз білетіндей, өткенде елімізде бірінші рет «Қауын-fest» өткіздік. Түркіменстанның, Тәжікстанның өткізген қауын фестивальдарынан мәліметтер алып, әрбір елді мекендерде жиналыс өткізіп, әжелеріміздің, апаларымыздың істеген істерін қайта жаңғыртайық. Рухани жаңғыру болсын. Сол баяғы қауынқағымызды, қауынқұртымызды танытайық, насихаттайық дедік. Негізгі мақсатымыз - келешекте қауын-қарбызымызды 100 пайыз өңдеуден өткізіп, қалдықсыз өнімге айналдыру. Шындап келгенде, қауын-қарбыздың қабығын да өңдеуден өткізуге болады. Қауын-қарбызды сығып, шырынын алуға болады. Соған қосымша қаржы керегін, өңдеумен айналысатын цехтар ашу керектігін айттық. Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер жаман болған жоқ. Бұл - бірінші кезекте халықтың төккен терінің, еткен еңбегінің, бірлігі мен ынтымағының арқасы. Ел еңбегінің өтеуін алып отыр. Бір нәрсе егіп, содан банкрот болдым деп отырған адам жоқ. Еңбек еткен азамат сол еңбегінің жемісін көруде.

- Мамандығыңыз бойынша ғалым агроном екеніңізді білеміз. Алғашқы еңбек жолыңызды Алматы облысының Қаскелең ауданындағы «Пригородный» кеӊшарыныӊ аға агрономдығынан бастапсыз. Одан кейін де қызметіңіз көп жағдайда ауыл шаруашылығы саласымен, сосын Жетісай-Мақтаарал ауданымен тығыз байланысты болыпты. Бүгінде ауданда қандай проблема бар екендігін, оны қалай шешу керектігін сізден артық білетін адам кем де кем болар? Жетісай ауданында дәл қазір ең өзекті деп қай мәселелерді айтар едіңіз?

- Жетісай ауданы үшін бүгінгі таңда ең өзекті мәселенің бірі біз өндірген өніміміздің көпшілігін шикізат ретінде жіберіп отырғандығымыз. Екі ауданда да - сол мәселе. Мысалы, мақтаны аламыз да талшық күйінде ғана сатамыз. Егер оны жіп қылып сатсақ, қосымша тағы пайда түсер еді. Оны мата қылып сатсақ, пайда одан сайын көбірек болады. Киім қылып тіксек, одан да қосымша табыс көздері болар еді. «Қауын-fest-ті» өткізгендегі бір мақсатымыз осында қауын-қарбыздан джем, тосап, шырын жасап шығаратын өңдеу цехтарын ашу, оны ашатын кәсіпкерлердің қызығушылығын ояту, пайдасы шаш-етектен екенін көрсету болатын. Одан қалса, қауын-қарбызды бал араларына азық, малға жем ретінде пайдалануға да болады. Бір ғана қауынның өзінен он түрлі өнім шығаруға болатынын біз кеше көрсеттік. Сонда біздің еккен қауынымыз қалдықсыз өнімге айналады.

Жеріміздің барлығы суармалы. Сол жердің арқасында халық күн көріп отыр. Біз осы жерден жем-шөп дайындайтын үлкен кооперативтер құру арқылы тауық фермаларын, мал бордақылау фермаларын ашсақ, құрама жемді өзімізде шығарсақ дейміз. Бұл біріншіден қосымша жұмыс орыны және қосымша табыс көзі болар еді. Міне, осындай мәселелеріміз бар. Мұның бәрін қолға алып, жүзеге асыруға болады, әрине.

Одан кейін, екі аудан болып, бюджет аз болып, мәдени ошақтарға көңіл бөлінбей қалды. Көпшілігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Алдағы жылдары бюджеттің көлеміне қарап, дұрыстаймыз деп отырмыз.

Тағы бір айта кетерлігі, мақта шаруашылығындағы проблемалардың бірі шабық еді. Қазір шабықты химиялық әдістермен жасауға болатынын халық түсініп, үйрене бастады. Сосын, мақтаның өнімділігін арттыру -  проблемалардың үлкені. Мен 2010 жылы АҚШ-қа бардым. Арканзас деген штатында болғанымда ондағы мақташылар гектарынан 60 центнерге дейін өнім алады екен. Іштей, "біз неғып ала алмаймыз" деймін ғой қызығып. Сол жерден терең қопсытуды үйреніп, біраз агротехникалар алып келдік. Соны пайдаландық. Елге келген соң мұндағыларға айтсам, ақсақалдар «Әй, шырағым, мұхиттың арғы жағын қайтесің, өзімізді қатырып алайық та» дейді. Көктем шыға әр ауылға барып семинар өткізіп, «мынаны былай етсек, 5 центнер қосылады, мынаны былай қылсақ, 7 центнер қосылады, одан кейінгі технологияны қолдансақ, 15 центнерге көбейеді» деп түсіндірдік. Кейін сол ақсақалдар келіп  рахмет айтты. «Кезінде сен сөйтіп айтқанда сенбеп едік, кейін байқап көрсек, шынымен де тиімді екен» деді. Қазір терең қопсыту сияқты технологияларды халық үйреніп алды.

Өзіміздікі бар, шет елдердің тәжірибелеріне қарап отырып шаруаларға мынадай мәселені көтердім: бағаны зауыт емес, біз қоюымыз керек. Біз талап етуіміз керек. Қазір зауыт жетеді. Ауданда 11 зауыт бар. Олар ылғи келісіп алады да, «мынадай бағаға қабылдайық» дейді. Дәл осындай жағдай Иранда да болған екен. Оларда да зауыттар келісіп алып, «мына бағада аламыз» депті. Шаруалардың еңбегі ақталмай қалған. Сосын, мақта шаруашылығы ассоциациясын құрып, басқа мемлекеттердің  зауыттарымен келісімшарт жасасайық деп, еліндегі бір де бір мақта зауытына мақта тапсырмай қойыпты. Зауыттардың бәрі банкрот болған. Ақырында, келесі жылдан бастап Иранның зауыттары мақтаны шаруалардың айтқан бағасына қабылдайтын болыпты. Осыны естіп, мен ауылдағы шаруаларға «мақтаны шикі күйінде емес, талшық күйінде сатайық. Талшық күйінде сатсақ, зауыттар өктемдік жасай алмайды. Қосымша 30 пайыз ақша ұтасыңдар» дедім. Бірақ енді шешілмейтін мәселе жоқ. Зауыттармен келісіп, ақылдасып шешеміз ғой. Тым ондай күрделі проблема бола қоймас деп отырмыз.

- Биыл мақта бағасы қалай? Былтырғыдан жоғары болуы мүмкін бе?

- Жалпы, биыл Ливерпуль биржасында мақта бағасы жаман емес. Соңғы бір аптада сәл түсіп, қайта көтеріліп жатыр. Болжамымыз бойынша бір келі мақтаның бағасы ең кемі 200 теңге болуы тиіс. Доллар құнының көтерілуіне қарай 215 теңгеге дейін көтерілуі де мүмкін. Индексті қарап отырмыз. Былтыр баға 150-160 теңгеден басталған болатын. Айтып өткенімдей, биыл мақта бағасы жоғары.

- Біраз жылдан бері елімізде үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде әр аудан-қалаларда индустриялық аймақтар құрылып жатыр. Олардың біразы бүгіндері өнімдерін ұсына бастады. Жетісай ауданында индустрияландыру бойынша қандай жұмыстар жасалып жатыр? Индустриялық аймақта қанша жоба іске қосылған?

- Біз индустриялық аймағымызда 4 жобаны бастаған болатынбыз. 12 жобаға жеткіземіз деген мақсат болған. Алайда, ол жобалардың барлығы аудан бөлінгеннен кейін Мақтаарал ауданының үлесіне берілді. Одан кейін, аудан бөлінбей тұрып Мақтааралға кіре берісте 12 гектар жерге индустриялық аймақ ашқанбыз. Бұрын бізде қауын-қарбызды, көкөністі өткізу деген үлкен проблема болатын. Сарыағашқа апарып, сол жерде сақтап, сататынбыз. Индустриялық аймақты ашқан соң бірінші кезекте диқандар өнімін алысқа апарып сатпай-ақ, осы жерде сақтап, сатсын деп логистикалық орталық құрдық. Өзбекстаннан, Ресейден, өзіміздің кәсіпкерлерді де шақырып, ұйымдастырып, сол жерде диқандар өнімдерін сата бастады. Ол жерге сыйымдылығы 3,5 мың тонналық екі қойма, қонақүй салынатын болады. Оның жобасы да, қаржысы да шешілген. Бұл логистикалық орталық Мақтаарал ауданының территорияысында болғанымен, екі ауданның диқандары ортақ пайдалана береді. Аудан бөлінгенімен, біздің көп нәрсеміз ортақ. Ертең аудандарымыздың 90 жылдығын да бірге өткіземіз. Кешегі өткен «Қауын-fest-те» де «сен бөлініп кеттің» деп, бір-біріміздің көкірегімізден итеріп тастаған жоқпыз, оны да бірлесіп өткіздік.

Дегенмен, әлгінде айтып кеткенімдей, қауын-қарбызды қалдықсыз өңдеп, өнім шығаратын цехтар, зауыттар ашу үшін индустриялық аймақ құрсақ деген ойдамыз. Біздің де бюджетке салық түсімі керек. Аудан халқын жұмыспен қамту керек дегендей. Былайша айтқанда, логистикалық орталық ортақ болады, ал индустриялық аймақты қосымша ашамыз. Қазір осы жоба бойынша жер қарастырылып жатыр. Бізде бос жер табу проблема. Бір шаршы метрдің де иесі бар.

- Шаруашылықтың дені суармалы жерлерге қарап тұрғандықтан, су мәселесінің болатындығы айтпаса да түсінікті. Жетісайлық диқандар судан қиналып жатқан жоқ па?

- Биыл судан проблема болған жоқ. Дегенмен, машканалға біршама қайта құру, жаңғырту жұмыстарын жүргізу керек. Ол бойынша жобалар жасалып бітті. Егер қаржы мәселесі шешіліп, жұмыстар жүргізілсе, біз мына Өзбекстан, Тәжікстан Респбуликаларына су бойынша кіріптарлықтан құтылып, өзімізді өзіміз сумен толық қамтамасыз етеміз. Машканалға қосымша насостар қою керек. Сосын, бір шлюз салып, ол жерден тағы төрт насос қоятын болсақ, Мақтаарал ауданын да, Жетісай ауданын да сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

 Жоғарыда "Өзбекстан тарапынан су аз келген кездер болды" деп едім ғой, осы каналымыздың арқасында халық ол проблеманың болғанын тіпті білмей де қалды. Каналдың басына кезекші қойдық. Телефоным тәулігіне жиырма төрт сағат өшпейді. Судың деңгейін үнемі бақылауда ұстадым. Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Су ресурстары комитетіне рахмет. Бұл жақтан біз мәселелерді реттеп отырсақ, жоғарыдан олар қолдау көрсетіп келеді. Үнемі тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Сол кісілердің еткен еңбектерінің арқасында судан тапшылық көрген жоқпыз.

- Су дегеннен шығады, ауданда ауызсу мәселесі қаншалықты шешімін тапқан? Халық таза су ішіп отыр ма? Қазіргі таңда 104 елді мекеннің 65-і тәулік бойына ауызсумен қамтылып отыр екен. Қалғандарының жай-күйі қалай?

- Бізде ауызсу бойынша үлкен проблема бар. Құбырлар ескірген. Оның көпшілігін біз ағымдағы жөндеуден өткізіп келген болатынбыз. 10 теңге шығын болатын жұмыс ағымдағы жөнеудің есебінен 5 теңгеге жасалып келді. Бізде қазір ауызсу құбырларын толық ауыстырып, жаңалауды қажет ететін 12 елді мекен бар. Ол құбырлар осыдан 60-70 жыл бұрын жүргізілген. Осыншама жылда ол құбыр әбден шіріген. Судың қысымын арттырсаң, құбырлар жарылып кетеді. Оны кесіп алып, жалғауға келмейді. Оларды толық ауыстыру керек.

Қазіргі таңда Жетісай қаласындағы су құбырларын ауыстырып жатырмыз. Қаламыздың «Ескі шаһарындағы» 12 көшенің су құбырын ауыстырдық. Енді қалған жеріне жоба жасап, сараптауға жібердік. Сараптама бітсе, Жетісай қаласын Абай топтық су жүйесіне қосуға мүмкіндік бар. Жалпы, Абай топтық су жүйесі Жетісай, Мақтаарал ауданын ауызсумен қамтуға арнап құрылған. Қазір енді осы бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.

Біздегі жерасты суларының зерттеу, барлау жұмыстары осыдан 60 жыл бұрын жасалған. Соңғы 5-6 жылда біз ұңғымаларды қазбай қойдық. Себебі бұрынғы барлау жұмыстары бойынша 400-500 метр тереңдікте су бар деп анықталған жерді қазсақ, су жоқ болып шығады. Барының өзі ащы су. 5-6 ауылда осылай болды.

- Соңғы 1-2 айдың ішінде Жетісай ауданында бірнеше мектептің пайдалануға берілгенінен хабардармыз. Сұрағым келгені, ауданда мектеп тапшылығы бар ма? Үш ауысымды мектеп, апатты мектеп деген секілді қиындықтар мазаламайды ма?

- 2020 жылға дейін бізде мектеп проблемасы толығымен шешіледі. Жыл басында бір мектепті пайдалануға бердік. Тұрар Рысқұлов атындағы мектептің құрылысы желтоқсан айында бітуі керек еді, бірақ біз оны қазан айында мерзімінен бұрын тапсырғалы отырмыз. Ауданымызда қазір 70 мектеп бар. Оның 60-ы екі ауысымда, 4-і бір ауысымда жұмыс істейді. Биыл тағы 6 мектептің құрылысы басталып жатыр. Тағы 5 мектеп салу үшін тиісті құжаттарын дайындап жатырмыз. Үш ауысымды, апатты мектеп атымен жоқ.

- Елді мекендерді газдандыру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

- Газдандыру бойынша көрсеткішіміз қазір 40 пайызды құрайды. 3 елді мекенге газ кіргелі тұр. 6 елді мекенге газ кіргізу үшін жобаны дайындап қойдық. Оған биыл 30 млн. теңге бөлінді. Одан басқа 8 елді мекенді газдандыру бойынша құжаттарды қазан айында ұсынамыз. Жасыратыны жоқ, басқа аудандарға қарағанда елді мекендерді газдандыру бойынша пайыздық көрсеткішіміз төмен.

Айта кетерлігі, 70 мектептің 25-іне қаржы бөліп, қазандықтарын ауыстырып, "көгілдір отынға" қосудамыз. Ендігі жерде жаңа мектептердің барлығының жобасын жасаған кезде газбен де, қатты отынмен де жұмыс істейтін қазандықтар болуы керектігін талап етудемін. Қазандығын тек көмір жағатын етіп жасап алып, ертең қайтадан газға қосатын болсақ, онда тағы 10-15 млн. теңге қаржы кетері анық. Мектеп үшін де, халық үшін де осы тиімді. Оның үстіне елді мекеннің ортасында көк түтін қылып көмір жақпайық деймін.

- Жақа, өзіңіз жайлы айтыңызшы. Биыл алпысқа келдіңіз. Алпысқа келген адам не ойлайды өзі? Алпыс деген тал түс пе екен?

- Алпыс деген нағыз тал түс екен (күліп). Көңіліміз жас. Кейбіреулерге «көке» деп қалсақ, өзімізден 5-6 жас кіші боп шығады. Көңіл қартаймайды екен ғой, шіркін. Құдай қарттыққа жеткізсін. Аман-есен, абыроймен зейнеткерлікке жеткенге не жетсін! Негізі, зейнетке шыққан соң көп адам қызметтен кеткісі келмей қалады. Бірақ мен зейнетке шыққан күні қызметті қоямын деп отырмын. Ары қарай немерелерімізді тәрбиелеп, ақыл сұрағанға білген ақылымызды айтып, тәжірибемізбен бөлісіп жүрсек, сол жетеді. Біреулер зейнетке шыққан соң кәсіпкерге айналып жатады. Менің ондай ойым жоқ.

Қазақта айтады ғой, «әдемі қартай» деп. Сол айтпақшы, әдемі қартсайсақ. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейтінін көріп те жүрміз. Жүрген жерімде «оу, ақсақалдар, әдемі қартаяйық» деп айтып жүремін.

Бар арманым, ертең зейнетке шыққан соң балаларым, немере-шөберелерім "мынаны біздің атамыз салған" десе, халық, ел "пәленшенің кезінде мынау істеліп еді" деп айтып жүрсе, содан асқан бақыт бар ма?! Қазір сол, зейнеткерлікке дайындық. Соған дейін бітпеген шаруаларды бітірсек, елдің алғысын алсақ, осы жерде бір қолтаңбамыз қалса деп, жұмыс істеп жатырмыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқандар – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ, Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

 

Оқылды 8457 рет