Super User

Super User

Түркістан облысында мас халде автокөлік басқарған азамат қамауға алынды

 

Қазығұрт АПБ-ның полиция қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау, мал ұрлығының алдын алу, басқа да қылмыс, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою мақсатында күнделікті рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Мәселен түнгі топтағы полицейлер «Борышкер» іс-шарасы кезінде сағат 03:30 шамасында Яссауи көшесінен жүрісі күмәнді «Opel Vectra» маркалы автокөлігін байқап, бірден тоқтатты.

Тексеру кезінде көліктің иесі 2021 жылдың қыркүйек айында Шымкент қалалық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін, жүргізушіні сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы оның мас күйде екенін растады.

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізуші қамауға алынды.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 608-бабында «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру»:1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 2. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. 3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер – жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 3-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 3-2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 4. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.5. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.6. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер – жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттер – отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.  8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер – екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп жазылса, ҚР Қылмыстық Кодексiнің 346-бабында «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру»:

1. Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылысжайларын және өзге де құрылысжайларды не өзге мүлікті бүлдіруге, сол сияқты адамның денсаулығына жеңіл зиян келтiруге алып келген әрекеттер – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге алып келген дәл сол іс-әрекеттер – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге алып келген іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, алты жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
5. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
6. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан көп адам өлiмiне алып келген іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.


 

ТҮРКІСТАН: ЖАСТАРЫНА ДІНИ МӘСЕЛЕЛЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

«Халықаралық туризм және меймандостық университеті» КЕАҚ ұйымдастыруымен облыстық «Farab» әмбебап-ғылыми кітапханасында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында кездесу болып өтті. Аталған кездесуге университет ректоры-Басқарма төрағасы А.Сакенов, Түркістан облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Ғ.Байсариев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті С.Оразбай, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары М.Халықов және дінтанушы Б.Нуриддинов қатысты.

Кездесу барысында Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу ортылығы» КММ директорының орынбасары М.Халықов баяндама жасады.

«Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы: «Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуін, бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі де түзелмейді» - деген. Сондықтан жастарымызға беріліп жатқан рухани азыққа аса көңіл бөлінуі керек. Әсіресе, дін атын жамылған жалған идеология жетегінен сақтандырғанымыз абзал. Себебі, жат ағымға шырмалған жастар салт пен санадан, дін мен дәстүрінен айырылмақ», деп бастады баяндамасын М.Халықов.

Қаншама ата-ана ұл-қызынан айырылып, зар илеп қалды. Міне, жастардың осындай жағдайға душар болуының бір ғана емес, бірнеше себептері бар деген мамандар оларды атап көрсетті.

Ең бірінші себебі діни сауатсыздық. Жат діни ағымның жетегінде жүргендердің санының артуы қарапайым халықтың діни сауатының аздығынан немесе жоқтығынан туындайтыны хақ. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай да жатады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірбиесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін жақсы біледі. Жат ағымдарға алданушылардың 85-90 пайызға жуығы  мүлдем діни сауаты жоқ, мешіт-медресе көрмеген. Ал, дінімізде білімнің маңыздылығы ерекше. Тіпті Құранның ең алғашқы түскен аяты да «Оқы» деген әмірмен басталады. Қасиетті Құран Кәрімде «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» (Нәхл сүресі 43 аят), «Білгендер мен білмегендер тең бе?» (Зүмәр сүресі 9 аят) – деп білімнің адам өмірінде алатын орынын қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Екінші себебі болса тәрбиенің мардымсыздығы мен ата-анасының қарауынсыз қалуы. Толық отбасынан шықпаған мейірімге, тәрбиеге мұқтаж  бала жылулықты көшеден іздейтіні айтпаса да түсінікті. Ата-анасынан ала алмаған діни ақпаратты көшеден іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтырып жатады. Ата-аналардың көпшілігі күн көрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Ең бастысы бала-шағамыз қатарынан кем болмай, киімі бүтін, тамағы тоқ болса, қалтасында қымбат телефоны болса болды деп, материалдық құндылықпен шектелуде. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадис шәрифінде былай дейді: «Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы-оны жақсы тәрбиелеу» (Хадисті Имам Мүслим жеткізген). Сондай-ақ көптеген ата-аналар бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, немқұрайлы қарап, барлық міндетті мектепке итере салады. Бір әке-шешенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны айдан анық. Отбасында адал мен арамды білмей өскен бала, өскенде дінге  қатысты көкейінде жүрген сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, тұзағына оп-оңай түсіп кете барады.

Үшінші себеп ол ғаламтормен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, жастарды жарға жығуға итермелейтін факторларының бірі болып тұр. Қазіргі таңда ұялы байланыссыз, интернетсіз жүрген адамды көрсек, таңырқайтын болдық. Интернетте шетелдегі псевдошейхтар мен еліміздегі заңсыз уағыз айтушылардың уағыздары, бұрынғыға қарағанда біршама бәсеңсіді. Жастар сол интернетте жарияланған мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, ақпараттармен бөлісіп отыруды үрдіске айналдырған. Сол мәліметтер мен видеолардың арасында жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын ақпараттар да жетерлік. Сондай ақпараттарды достарымен бөлісіп, от басып сотталып жатқандары қаншама?!

Төртінші себеп ол күйзеліске ұшырау. Қамшының сабындай қысқа, бес күндік жалған мынау өмірде жақсыны да жаманды да қатар көресің. Өмірдің ащысын да тұщысын да  басыңнан өткересің. Күнделікті күйбең тірлікпен біреуге ренжіп ашуланасың, енді бірде ашуландырасың. Өмір бар жерде өлім бар демекші жақын адамыңнан айрылып, қан жұтасың. Бұл мынауөмірдің жазылмас заңдылығы. Әйткенмен де жаратқан Алланың пенделері басына қиын-қыстау күн туып, қатты қиналғанда туған-туыс, дос-жараннан жылылық, мейірім, материалдық көмек бере алатын  жандар іздейді. Дәл осы сәтте әлгі дәстүрлі емес жат ағымның мүшелері ет жақын бауыры көрсетпеген жылулықты көрсетіп, бауырмалдылық танытып, жабырқау жандардың жанынан табыла кетіп, қайғысын бөлісіп, көңілге демеу береді. Осылайша айырылмас досқа айналып, әлгінің айтқанынан шыға алмайтындай халге душар болғанын өзі де сезбей қалады.

Бесінші себеп жұмыс орнымен араласатын ортасы. Жалпы дәстүрлі емес діни  ағымдардың мүшелері мемлекеттің жұмысынан бас тартып, сауданы берекесі бар сүннет амалдардың біріне балап, көпшілігі сауда саттықпен, жеке кәсіппен айналысады. Деструктивті теріс пиғылды жат ағымның жетегінде жүрген азаматтардың арасында да кәсіптің көзін тапқан, материалдық жағдайы жақсы, қалтасы қалың  азаматтар үлкен сауда орнындарын, базарлардан дүңгіршек, құрылысқа қажетті заттар сататын дүкендер ашып, оған жұмысшыларды тарта бастайды. Жұмысқа өзінің пікірімен пікірлес, діни көзқарасы сәйкес келетін сенімді азаматтарды іздейді. Өзінің ойындағысын таппаған жағдайда діннен хабарсыз жүрген жастарды қарамағына тартып, жоспарлы түрде үгіт-насихат жүргізіп, қатарын толықтыра түседі. Сонымен қатар әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде кейбір жастардың дінге бет бұруы араласатын достарының ықпалымен келгендігін көрсетеді. Кейбір жоғарғы оқу орындарының жатақханаларында, спорттық алаңшаларда шала сауатты, уағыз айтқыш жастар табылып жатады. Шала сауаттылардың айтқан уағыз-насихаттарына уланып, жастардың дінге деген көзқарасы бұрыс жағына қарай өзгеріп шыға келеді. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтамын» - деген тамаша тәмсіл де сөзіміздің айғағы.

Алтыншы себеп ол шет елде заңсыз діни білім алу жалпы  Қазақстанда жат ағымның кең таралуының себебі шетелден теріс діни білім алу.  Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, шетелге діни білім алушылар көбейді. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары болмады. Ал, қазіргі таңда діни бағыттағы оқу орындары жеткілікті. Шетелдің діни білім беретін оқу орындарына мұқтаждық азайды, тіпті жоқ десекте болады. Дегенмен де суды бұлақтың басынан ішейік, шетелдің оқу орындарында, ғалымдардың алдында отырып, білім нәрімен сусындайық дейтіндер де табылады. Сол мақсатпен шетелге барған, діни сауаты аз жастар, заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін шейхтардың улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елге келіп өз уағыздарымен ылаң салып жүргендері де баршылық.Сонымен қатар шетелде діни білім алып, елге оралып, абыройлы қызмет жасап жүргендерді де жоққа шығара алмаймыз.

Міне осы себептердің алдын алар болсақ, әр отбасына жауапты ата-ана ұрпағының материялдық жағдайының кем болмауы үшін қалай мән берсе рухани байлығына да аса мән беруі керек. Тарихымыздан белгілі алысқа бармай-ақ «Алаш» зиялыларының барлығы дерлік бала кезден мешіт-медреседен діни білім алғандығы, олардың рухани жағынан мықты болуы, елге жерге деген адал қызмет атқаруына себеп болды.

Жаңа заманның жастарының жаңа талаптарын елемеу уақыт ағымын ескермегенмен бірдей. Жаһандануда жаңғыра алып өз ұпайымызды еселеп, өзіміздің ұлттық құндылықтамызды жоғалтып емес, қайта паш ете алуымыз қажет.

Дәл қазіргі ең басты қауіп ол жастар арасында дінді бетпердеге айналдыру мәселесі, әсіресе, әлеуметтік желілер мен интернет беттерінде де бұл көрініс табуда. Осы мәселені жастар түсіне білуі аса маңызды. Ел болған соң елдігімізді айқындап, ұлттық болмысымызды сақтауымыз керек. Жас мемлекетімізге сыннан көрі, қазір ұсыныстар айту аса маңызды.

Кездесу жастарды толғандырған сұрақтар мен қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстармен жалғасын тапты. Шара еркін форматта пікіралмасу алаңына айналып, қатысушы 400-ге жуық жастың белсенділігі байқалды.

Кездесу барысында жастарға Түркістан облысы дін істері басқармасының тарапынан жарық көрген кітаптар мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ дайындаған бүктемелер таратылды. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қонақтарға алғысын білдіріп, кездесуді аяқтады.

       

Түркістан: Бал аштыру – жарық күнде адасу

Халық арасында қалыптасқан, тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрлермен бірге шариғат құптамайтын ырымдар, қалыптасып қалған әдеттер де бар. Мысалы, болашақты болжау, балгерлікпен айналысу, көріпкелдік іс, құмалақ ашу, әр нәрсені киелі тұтып сиыну үрдістері мұсылманшылыққа жат қылықтар.

Соңғы кездері қоғамда рухани тоқыраудың әсері ме, не болса соны сиқырға балап, илану көбейіп барады. Ерлі-зайыптылардың сөзге келіп қалуы, еркектің белсіздігі, сәтсіздіктен көз ашпау, жас келіннің бала көтере алмауы секілді үлкенді-кішілі келеңсіз жайттардың барлығын сиқырдан көру жиілеуде. Өкінішке орай, қоғам арасында мәселенің байыбына бармай жатып қит етсе болды «дуалап тастаған ғой» деп тон пішіп, балгер, тәуіп, емші жағалап кеткендердің саны көбеюде.

Өмірдің қиыншылықтарына тап болған адам үшін уақытша тыныштандыратын, жанға жайлы, құлаққа жағымды сөздер айтатын бақсы-балгерлер ең жақын адамындай көрінер. Еңсесi түсіп езiлген пенде әрқашан жылы сөздерден жанына сүйеу тапқысы келерi ақиқат. Осылайша, көңілі жүдеу жандар жарнамасы құлақ жарар емші, балгерлерге барып, алдағы өмірінде не күтіп тұрғанын болжатып, соған қарай әрекет еткісі келеді. Бағын аштырамын деп барып, бағын қаштырып жатыр, жолымды аштырамын деп, жаптырып жатыр.

Көріпкел, балгер – болашақта не болатын айтатын, түрлі сыр-құпиясы барын, ғайып әлемнің сырын білетінін алға тартушы адам. Әлі орын алмаған, қашан болатыны белгісіз істер ғайып хабарларына жатады. Олардың қалай болатындығы жайлы сәуегейлік жасап, бал ашу мұсылман танымына керағар келетін теріс әрекет. Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ғайып істер жайлы болжам жасаудың үлкен күнә екендігі ескертілген. Алла Тағала былай дейді: «Алла Тағала  ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды, тек разы болған елшілеріне білдіреді. Өйткені Алла өзінің елшісінің алды-артына күзетші қояды»(«Жын» сүресі, 26-27-аяттар).

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі: «Кімде-кім балгерге не бақсыға барып, оның айтқанын растаса, ол Мұхаммедке (с.а.с) түсірілгенге (Ислам дініне) күпірлік келтіреді», – деп ескерткен.

Үй үстінде ұсақ тас,

Алайын десең, алынбас, – деген жұмбақты бала кезімізден бәріміз де жаттап өстік. Иә, аспанды безендіріп тұрған сансыз көп жұлдыздардың нақты саны қанша екені тек бір Аллаға ғана аян. Алайда, олардың не үшін жаратылғандығы туралы қасиетті Құранда анық жазылған. Сонымен, жұлдыздар 3 түрлі мақсатта жаратылған.

- Адасқанда жол табуға көмектесу мақсатында;

- Аспанды безендіру үшін;

- Аспаннан xабар ұрлаушы жындарды ату үшін.

Кей адамдар аспаннан жұлдыз ақса, «әне, менің жұлдызым ақты» – деп қуанып тілек тілеп жатады. Ал кейбіреуі бір жұлдыздың аққанын бір адамның сәулесінің сөнгенімен байланыстырады. Бұл қаншалықты рас? Шын мәнінде, жұлдыздар неге ағады?

Негізінде, жұлдыздар көктен хабар тасушы жын-шайтандарды ату үшін ғана ағады. Бұл туралы Құранда: «Әрі оны (аспанды) әрбір қуылған шайтаннан қорғадық. Ал кім ұрланып тыңдаса, оны анық бір жалындаған аспан денесі қуады», – делінген. («Хижр» сүресі, 17-18-аяттар).

Пайғамбардың (с.а.с) өзі де: «...Сөйтіп, періштелер (Алла Тағаланың) не дегенін хабарлайды. Осылай аспандардың тұрғындары бір-бірінен хабар сұрай отырып, хабар төменгі аспанға жетеді. Сонда жындар ұрланып тың тыңдап, (оны) сыбайластарына (яғни көріпкелдер мен балгерлерге) жеткізеді. Сол кезде (жындар жұлдызбен) атқыланады», – деген.

Демек, кей балшылардың сөзінің тура келіп қалатынының түсіндірмесі осы. Бірақ мәселе олардың дәл айтқанымен өзгермейді. Себебі табылуы тиіс нәрсе сәуегейге барсаңыз да, бармасаңыз да табылады. Өйткені «кім тағдырдан қашса, тағдыр оны қашқан жағынан күтіп алады» – деген ғалымдар. Ал табылмайтын нәрсе балгерге барсаңыз да, бармасаңыз да табылмайды. Бақсы, балгер, көріпкелдер жаңағы шайтанның көктен ұрлап әкелген бір шындығына жүз өтірікті қосып, қомпайтып айтады. Оның үстіне, көріпкелдің сөзіне сенген адам ауыр күнә арқалайды әрі xадисте келгендей қырық күнге дейін намазы қабыл болмайды.

Әрине барлық емші, сынықшыларды даттауға болмайды, олардың да арасында ауруды, емшілікті терең зерттеп, неше алуан шөптердің тамырлары мен жапырақтарынан тұнбалар жасап, Алланың қалауымен берілген бұл міндетті аманат санап емдейтіндер бар. Шариғатта тыйым салынған ем түрлерінің бір ортақ қасиеті – мұсылманды сенім мәселесінде адастыру. Иманның алтыншы шарты – жақсылық та, жамандық та бір Алладан деп сену болса, бұл жағдайда ауру да, оның шипасы да бір Алладан деп иман келтіру – әр мұсылманның парызы. Ал, адасқан емшілер және оларға келгендер дәл осы сенім мәселесінде сүрініп жатады. Олар аурудың емін Алла емес, белгісіз тылсым күш, әруақ т.б. береді деп сөйлейді. Сондықтан, адасушылықтан сақтану үшін емшінің сенімінің дұрыстығын не бұрыстығын анықтау керек.

Құран аяттарының сырларын түсініп, Пайғамбар (с.а.с) үйретіп кеткендей, дем салып емдейтіндер бар. Алайда, адамдарды алдап, көзбояушылықпен емдейтіндер де аз емес. Ондай адамдардың көп жағдайда жындармен байланысы бар. Оны олар білмеуі немесе біліп, жасыруы мүмкін. Cүлеймен пайғамбардың қиссасында келгендей, өзінің Алладан жіберілген пайғамбар екенін мойындату үшін Балқис патшайымның тағын кім бірінші әкеледі дегенде бір жын: «Мен сіз орныңыздан тұрғаныңызша алып келемін», – деді. Енді бірі: «Сіз көзіңізді ашып-жұмғанша алып келемін», – деп айтуы – жындардың Алланың қалауымен берілген аса зор жылдамдық, әрі құдірет иесі екенінің дәлелі.

Яғни, жындар үшін мыңдаған шақырым жерге барып қайту бір мезеттің ісі. Қазіргі кездегі кейбір көріпкелдердің өзіне келген адамдар жайында толық мәлімет білуі – осы жындардың көмегі арқылы жүзеге асады. Көріпкел өзінің бойында керемет қасиет пайда болғандай сезініп, бұл сыбырлаушы екінші жақты оның аталары деп пайымдайды. Сөйтіп, ол өзін көріпкел, балшымын деп жариялайды.

Енді бәз біреулер Құранды ашып қойып, кітаппен бал ашып жатырмыз деп жатады. Бәрібір мұның барлығы да «бал ашушылыққа» жатады. Яғни, ғайыпты біліп, айтқысы келушілік болып саналады. Бұл тұрғыда ескерілетін жалғыз нәрсе: ғайыпты білуші –  бір Алла. Ғайыпты білу тек Алла Тағаланың қолынан келер ұлы іс.

Көріпкелдің ғайыптан хабар берген нәрсесін мақұлдау күпіршілік. Бұл тұрғыдан Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» еңбегінен үзінді келтірсек:«Күпірлік болатұғын нәрсе және зинһар бақсы – құшынашқа бал аштырудан қатты сақтану керек. Оның үшін оған нансаң күпірлікке ұрынасың, нанбасаң оның керегі не. Онан басқа ермек жоқ па?» – деп мұндай іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырған. Аятта: «Арақ, ұтыс ойын құдайдан басқаға шоқыған һәм бал ашқан бұлардың бәрі харам шайтанның жұмысы» – деген.

Сонымен бірге бақсы, балгер туралы пайғамбардың хадисі мынау: «Кімде кім бір нәрсені харам қылса, яки харам кылдырса, яки бал ашса, сиқыр қылса, яки сиқыр қылдырса, олар менің үмбетім емес. Және біреу бір бақсыға бал ашқызып, соның айтқанына нанса, анық күпірлікке ұрынғаны, Құранға нанбағаны үшін» – деп мұның дұрыс емес екендігін айтқан.

Пенде үшін ғайыпты білу мүмкін емес. Ғайыпты тек Aлла Tағала мен Oның мұғжиза не керемет жолымен шабыт берген кісілері біледі. Ғайып істерді болжауға жұлдыз-жорамалдар да жатады. Бүгінгі күні мына жұлдыздың ықпалы күшті болып, мынадай жұлдыз астында туылғандардың жолы болады, не болмайды деген сияқты сандырақтар істері мұсылманның сеніміне селкеу түсіретін күнәлі істер. Жаратаушы тұрғанда күпірлік келтіргеннің айтқанына сеніп, дегенін орындау жақсылыққа апармайды. Алдымен осыны түсіну қажет.

 

 А.Сейдуәлі

Теолог маман                        

Түркістан: Ынтымақ бұзылмайтын қорған

Ғасырлардан бері ұласып келе жатқан тағылымы мол үрдіс әлі де өз жалғасын тауып, елімізде сақталып келеді. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің байлығымыз. Қазақтың тарихына көз жүгірткенде небір зұлмат пен нәубетті, аштық пен қиындықты, тартыс пен езгінің іздерін көріп, осыншама зұлматтан аман қалып, бүгінде етек-жеңі жиылып келе жатқан тәуелсіз елдің бет-бейнесін көріп, таңдай қақпау мүмкін емес. Бұл елдікті еңсеруде қаншама қан мен сарқылған тер, қыршын кеткен ғұмырлар мен үзілген тағдырлар жатыр. Анығында, туған елдің ынтымағы мен бірлігін, тыныштығы мен тәуелсіздігін бейбіт күнде өмір сүрген қазіргі ұрпақтан, түрлі майдан мен жорықтан, соғыс пен сұрапылдан көз ашпаған алдыңғы ата-бабаларымыз тереңінен түсінген. Түсініп қана қоймай, ел мен жердің қадіріне жете біліп, Отанға деген шын махаббаттың бейнесін көрсетіп кетті десек артық айтқандық емес екені анық.

Бүгінде еліміз өзге елдер қызыға қарайтын мақсаты айқын, бағдары бүтін мемлекет болып қалыптасып келеді. Отыз жылдық тарихы бар егемен ел болса да, бүтіндейтін жеріміз бен дамытатын салаларымыз жоқ емес. Ең бастысы – әлемдегі алпауыт елдердің ыңғайына жұтылып кетпес үшін қазақ халқына бірлік керек. Хәкім Абай атамыз айтқандай, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демекші, бірлігіне сызат түскен елдің көгеріп, өсіп-өнуі екіталай. Өткеннен сабақ алып, тарихқа көз жүгіртер болсақ, мықты деген алпауыт мемлекеттер бірлік арқылы өз елдігін түрлі қиындықтан сақтап қалғанын көреміз. Керісінше жері байлыққа толы, халқы тоқшылықта бола тұрып, ел ішінде ынтымағы болмаған жұрт өзгенің қақпанына оңай жұтылып, жоқ болып кеткенін тарих сан рет дәлелдеген.

Бүгінгі таңда азат елдің таңы арайлап атуы үшін батыр бабаларымыз секілді басты бәйгеге тігіп, соғыс майданында жүру міндет емес. Қазір елдің ертеңі – бірлігі бекем, һәм білімі мықты ұрпақтардың уысында. Заман – оқыған, тоқыған, көкірегі ояу, көзі ашық адамдікі. Өткен тарихыңды, туған тіліңді, дәстүрлі дініңді, саралы салт-дәстүр, әдет-ғұрпыңды білмесең «бірлік», «береке» деген ұғымдардың мәні тұрмақ, мағынасында білмей өтпекпіз. Өз ұлтын тереңінен танып, оны шынайы сүюге ұмтылғанда қоғамның ынтымағы үшін бас біріктірудің шын үлгісін көрсете алмақпыз.

Осы күні бізге жетпей жатқаны да – мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмашылдық. Көбіміздің бойымыздан мұсылман бауырымызға деген өшпенділік пен арам ниет, жаман ойлар байқалады. Кейбір жанды көрсең, құлшылыққа көп көңіл бөледі, жақсы сөз сөйлейді, сөз сөйлегенде алдына жан салмайды, ақын немесе шешен, бірақ мұсылман бауырының етін жеуге (ғайбаттауға) дайын тұрады. Егер тақуалық болмаса, адамға құрғақ білімнің, мағлұматтың пәлендей көмегі тимейді. Маңыздысы аз білсең де амалға асыру, тақуалық таныту, бауырыңды жақсы көру, жақсы көре алмасаң да ең азы қолыңмен және тіліңмен зияныңды тигізбеу, бұның өзі де бір ғанибет. Хәкім Абай өзінің қырқыншы қара сөзінде: «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деп ащы шындықты дөп басып айтқан.

Егемендіктің 30 жылында атқарылған ең маңызды жұмыстың бірі – еліміздегі этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылық деп білемін.

Осы тұста Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) өміріндегі бір оқиғаға назар аударғым келеді. Ислам тарихында ол «Мәдиналық келісім» деген атпен белгілі.

Пайғамбар (с.а.с.) Мәдина шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиісті нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырық пышақ болып келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет. Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.а.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтқа табынушылар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге Мәдиналық келісім келді. Оған сәйкес Мәдинада жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері, ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.

Бұл келісімді – жаңа қалыптасып келе жатқан мұсылман мемлекетінің Конституциясы десек болады. Конституция барлық қауымдар мен тайпаларға тең. Мұның тармақтарынан ауытқыған немесе оны орындамаған әрекет – дінбұзушылық және опасыздық болып саналды. Осылайша Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) бірнеше дінді бір араға жинап, бір мемлекет, бір қоғам құра білді.

Бұл мысалы, қазіргі кездегі еліміздегі діни саясаттың бірден-бір көрінісі іспеттес. Біздің мемлекетіміз де тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап түрлі ұлттар мен діни-сенім конфессиялар арасындағы татулық және бірлігімен ерекшеленіп отырған жайы бар.

Қандай қоғам болмасын ынтымақ-бірліктің арқасында ғана өркендеп, адамдар бір-біріне бауырдай қараған кезде ғана мамыражай заман орнамақ. Сол себепті ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Мұсылман мұсылман үшін бір-бірін бекем ұстап тұрған ғимарат тәрізді», – десе, келесі бір хадисінде: «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене іспетті. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – дейді. Хәкім Абайдың да «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос» деп асқан жанашырлықпен халқына үн қатуы да халқын ауызбіршілікке шақыруы болатын.

Дәстүрлі Исламда да ең асыл бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау салиқалы һәм сауапты амал, ізгі іс саналатындығы айшықтап жазылған. Біздің өз тәуелсіз Отанымыз бар. Бас құжатымыз – Конституциямыздың «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деп басталуының мәні де осында. Осы орайда Қазақстан қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру баршаға аманат деп білемін. Олай болса, Қазақ елінің рухани тұтастығы мен бірлігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау да – сіз бен біздің азаматтық міндетіміз.

Бүгінгі күн өткенімізге баға берудің, қол жеткізген барлық нәрсенің мәнін тарихи тұрғыдан ұғынудың, алда тұрған міндеттерді айқындаудың тамаша мүмкіндігі.

Сондықтан, елімізді қауіпті індеттер, ауыртпалықтар орын алып жатқан мына жағдайда үй ішінен үй тігіп, түрлі топқа бөлініп, бүлік шығару емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануымыз қажет. Бейбіт қоғамның негізі ауызбіршілік және түсіністікпен қаланады, ал,  «ынтымақ – бұзылмайтын қорған».

 

Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы   

 

Осы RSS каналға жазылу