Жұма, 11 Қараша 2022 21:13

Түркістан облысында мас халде автокөлік басқарған азамат қамауға алынды

 

Қазығұрт АПБ-ның полиция қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау, мал ұрлығының алдын алу, басқа да қылмыс, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою мақсатында күнделікті рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Мәселен түнгі топтағы полицейлер «Борышкер» іс-шарасы кезінде сағат 03:30 шамасында Яссауи көшесінен жүрісі күмәнді «Opel Vectra» маркалы автокөлігін байқап, бірден тоқтатты.

Тексеру кезінде көліктің иесі 2021 жылдың қыркүйек айында Шымкент қалалық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін, жүргізушіні сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы оның мас күйде екенін растады.

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізуші қамауға алынды.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 608-бабында «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру»:1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 2. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. 3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер – жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 3-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 3-2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 4. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.5. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.6. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер – жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттер – отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.  8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер – екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп жазылса, ҚР Қылмыстық Кодексiнің 346-бабында «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру»:

1. Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылысжайларын және өзге де құрылысжайларды не өзге мүлікті бүлдіруге, сол сияқты адамның денсаулығына жеңіл зиян келтiруге алып келген әрекеттер – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге алып келген дәл сол іс-әрекеттер – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге алып келген іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, алты жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
5. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
6. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан көп адам өлiмiне алып келген іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.


 

Оқылды 332 рет