Сәрсенбі, 09 Қараша 2022 14:19

Түркістан: Бал аштыру – жарық күнде адасу

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Халық арасында қалыптасқан, тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрлермен бірге шариғат құптамайтын ырымдар, қалыптасып қалған әдеттер де бар. Мысалы, болашақты болжау, балгерлікпен айналысу, көріпкелдік іс, құмалақ ашу, әр нәрсені киелі тұтып сиыну үрдістері мұсылманшылыққа жат қылықтар.

Соңғы кездері қоғамда рухани тоқыраудың әсері ме, не болса соны сиқырға балап, илану көбейіп барады. Ерлі-зайыптылардың сөзге келіп қалуы, еркектің белсіздігі, сәтсіздіктен көз ашпау, жас келіннің бала көтере алмауы секілді үлкенді-кішілі келеңсіз жайттардың барлығын сиқырдан көру жиілеуде. Өкінішке орай, қоғам арасында мәселенің байыбына бармай жатып қит етсе болды «дуалап тастаған ғой» деп тон пішіп, балгер, тәуіп, емші жағалап кеткендердің саны көбеюде.

Өмірдің қиыншылықтарына тап болған адам үшін уақытша тыныштандыратын, жанға жайлы, құлаққа жағымды сөздер айтатын бақсы-балгерлер ең жақын адамындай көрінер. Еңсесi түсіп езiлген пенде әрқашан жылы сөздерден жанына сүйеу тапқысы келерi ақиқат. Осылайша, көңілі жүдеу жандар жарнамасы құлақ жарар емші, балгерлерге барып, алдағы өмірінде не күтіп тұрғанын болжатып, соған қарай әрекет еткісі келеді. Бағын аштырамын деп барып, бағын қаштырып жатыр, жолымды аштырамын деп, жаптырып жатыр.

Көріпкел, балгер – болашақта не болатын айтатын, түрлі сыр-құпиясы барын, ғайып әлемнің сырын білетінін алға тартушы адам. Әлі орын алмаған, қашан болатыны белгісіз істер ғайып хабарларына жатады. Олардың қалай болатындығы жайлы сәуегейлік жасап, бал ашу мұсылман танымына керағар келетін теріс әрекет. Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ғайып істер жайлы болжам жасаудың үлкен күнә екендігі ескертілген. Алла Тағала былай дейді: «Алла Тағала  ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды, тек разы болған елшілеріне білдіреді. Өйткені Алла өзінің елшісінің алды-артына күзетші қояды»(«Жын» сүресі, 26-27-аяттар).

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі: «Кімде-кім балгерге не бақсыға барып, оның айтқанын растаса, ол Мұхаммедке (с.а.с) түсірілгенге (Ислам дініне) күпірлік келтіреді», – деп ескерткен.

Үй үстінде ұсақ тас,

Алайын десең, алынбас, – деген жұмбақты бала кезімізден бәріміз де жаттап өстік. Иә, аспанды безендіріп тұрған сансыз көп жұлдыздардың нақты саны қанша екені тек бір Аллаға ғана аян. Алайда, олардың не үшін жаратылғандығы туралы қасиетті Құранда анық жазылған. Сонымен, жұлдыздар 3 түрлі мақсатта жаратылған.

- Адасқанда жол табуға көмектесу мақсатында;

- Аспанды безендіру үшін;

- Аспаннан xабар ұрлаушы жындарды ату үшін.

Кей адамдар аспаннан жұлдыз ақса, «әне, менің жұлдызым ақты» – деп қуанып тілек тілеп жатады. Ал кейбіреуі бір жұлдыздың аққанын бір адамның сәулесінің сөнгенімен байланыстырады. Бұл қаншалықты рас? Шын мәнінде, жұлдыздар неге ағады?

Негізінде, жұлдыздар көктен хабар тасушы жын-шайтандарды ату үшін ғана ағады. Бұл туралы Құранда: «Әрі оны (аспанды) әрбір қуылған шайтаннан қорғадық. Ал кім ұрланып тыңдаса, оны анық бір жалындаған аспан денесі қуады», – делінген. («Хижр» сүресі, 17-18-аяттар).

Пайғамбардың (с.а.с) өзі де: «...Сөйтіп, періштелер (Алла Тағаланың) не дегенін хабарлайды. Осылай аспандардың тұрғындары бір-бірінен хабар сұрай отырып, хабар төменгі аспанға жетеді. Сонда жындар ұрланып тың тыңдап, (оны) сыбайластарына (яғни көріпкелдер мен балгерлерге) жеткізеді. Сол кезде (жындар жұлдызбен) атқыланады», – деген.

Демек, кей балшылардың сөзінің тура келіп қалатынының түсіндірмесі осы. Бірақ мәселе олардың дәл айтқанымен өзгермейді. Себебі табылуы тиіс нәрсе сәуегейге барсаңыз да, бармасаңыз да табылады. Өйткені «кім тағдырдан қашса, тағдыр оны қашқан жағынан күтіп алады» – деген ғалымдар. Ал табылмайтын нәрсе балгерге барсаңыз да, бармасаңыз да табылмайды. Бақсы, балгер, көріпкелдер жаңағы шайтанның көктен ұрлап әкелген бір шындығына жүз өтірікті қосып, қомпайтып айтады. Оның үстіне, көріпкелдің сөзіне сенген адам ауыр күнә арқалайды әрі xадисте келгендей қырық күнге дейін намазы қабыл болмайды.

Әрине барлық емші, сынықшыларды даттауға болмайды, олардың да арасында ауруды, емшілікті терең зерттеп, неше алуан шөптердің тамырлары мен жапырақтарынан тұнбалар жасап, Алланың қалауымен берілген бұл міндетті аманат санап емдейтіндер бар. Шариғатта тыйым салынған ем түрлерінің бір ортақ қасиеті – мұсылманды сенім мәселесінде адастыру. Иманның алтыншы шарты – жақсылық та, жамандық та бір Алладан деп сену болса, бұл жағдайда ауру да, оның шипасы да бір Алладан деп иман келтіру – әр мұсылманның парызы. Ал, адасқан емшілер және оларға келгендер дәл осы сенім мәселесінде сүрініп жатады. Олар аурудың емін Алла емес, белгісіз тылсым күш, әруақ т.б. береді деп сөйлейді. Сондықтан, адасушылықтан сақтану үшін емшінің сенімінің дұрыстығын не бұрыстығын анықтау керек.

Құран аяттарының сырларын түсініп, Пайғамбар (с.а.с) үйретіп кеткендей, дем салып емдейтіндер бар. Алайда, адамдарды алдап, көзбояушылықпен емдейтіндер де аз емес. Ондай адамдардың көп жағдайда жындармен байланысы бар. Оны олар білмеуі немесе біліп, жасыруы мүмкін. Cүлеймен пайғамбардың қиссасында келгендей, өзінің Алладан жіберілген пайғамбар екенін мойындату үшін Балқис патшайымның тағын кім бірінші әкеледі дегенде бір жын: «Мен сіз орныңыздан тұрғаныңызша алып келемін», – деді. Енді бірі: «Сіз көзіңізді ашып-жұмғанша алып келемін», – деп айтуы – жындардың Алланың қалауымен берілген аса зор жылдамдық, әрі құдірет иесі екенінің дәлелі.

Яғни, жындар үшін мыңдаған шақырым жерге барып қайту бір мезеттің ісі. Қазіргі кездегі кейбір көріпкелдердің өзіне келген адамдар жайында толық мәлімет білуі – осы жындардың көмегі арқылы жүзеге асады. Көріпкел өзінің бойында керемет қасиет пайда болғандай сезініп, бұл сыбырлаушы екінші жақты оның аталары деп пайымдайды. Сөйтіп, ол өзін көріпкел, балшымын деп жариялайды.

Енді бәз біреулер Құранды ашып қойып, кітаппен бал ашып жатырмыз деп жатады. Бәрібір мұның барлығы да «бал ашушылыққа» жатады. Яғни, ғайыпты біліп, айтқысы келушілік болып саналады. Бұл тұрғыда ескерілетін жалғыз нәрсе: ғайыпты білуші –  бір Алла. Ғайыпты білу тек Алла Тағаланың қолынан келер ұлы іс.

Көріпкелдің ғайыптан хабар берген нәрсесін мақұлдау күпіршілік. Бұл тұрғыдан Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» еңбегінен үзінді келтірсек:«Күпірлік болатұғын нәрсе және зинһар бақсы – құшынашқа бал аштырудан қатты сақтану керек. Оның үшін оған нансаң күпірлікке ұрынасың, нанбасаң оның керегі не. Онан басқа ермек жоқ па?» – деп мұндай іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырған. Аятта: «Арақ, ұтыс ойын құдайдан басқаға шоқыған һәм бал ашқан бұлардың бәрі харам шайтанның жұмысы» – деген.

Сонымен бірге бақсы, балгер туралы пайғамбардың хадисі мынау: «Кімде кім бір нәрсені харам қылса, яки харам кылдырса, яки бал ашса, сиқыр қылса, яки сиқыр қылдырса, олар менің үмбетім емес. Және біреу бір бақсыға бал ашқызып, соның айтқанына нанса, анық күпірлікке ұрынғаны, Құранға нанбағаны үшін» – деп мұның дұрыс емес екендігін айтқан.

Пенде үшін ғайыпты білу мүмкін емес. Ғайыпты тек Aлла Tағала мен Oның мұғжиза не керемет жолымен шабыт берген кісілері біледі. Ғайып істерді болжауға жұлдыз-жорамалдар да жатады. Бүгінгі күні мына жұлдыздың ықпалы күшті болып, мынадай жұлдыз астында туылғандардың жолы болады, не болмайды деген сияқты сандырақтар істері мұсылманның сеніміне селкеу түсіретін күнәлі істер. Жаратаушы тұрғанда күпірлік келтіргеннің айтқанына сеніп, дегенін орындау жақсылыққа апармайды. Алдымен осыны түсіну қажет.

 

 А.Сейдуәлі

Теолог маман                        

Оқылды 408 рет