ШЫМКЕНТ: ЕМXАНАЛАРҒА ХАЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫСТЫ КҮШЕЙТУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛУДЕ

Шымкент медицинасында қызмет көрсету сапасын жақсарту және тұрғындар үшін медицинаға қолжетімділікті арттыруда үлкен жобалар іске асуда. Соның бірі – Шымкент қалалық №6 емхана базасында дәрігерлер халықпен байланысты күшейтудің жаңа моделімен жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, қаңтар айынан бастап емхана базасында GPS навигациясы іске қосылған.

Аталған емханада 60 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Дәрігерлер бұл цифрлы жүйе халықтан келіп түсетін өтініш-шағымдардың санын азайтып, бала өлімін болдырмау, медициналық көмекті өз деңгейінде көрсетуге, тіпті, әлеуметтік мәселелердің алдын алуға оң ықпалын тигізеді, – дейді.

–Қалалық №6 емханада мамыр айынан бастап үздік озық тәжірибелік орталығына көшу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы мақсатта аймақтық медбикелерге Әмбебап прогрессивті патронаж моделін толық енгізуде GPS навигациясы іске қосылды. Бұл мақсатта 38 медбике қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Бұл жүйенің басты мақсаты – аймақтық медбикелер аула аралау кезінде 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүгізеді, динамикалық бақылауда тұратын азаматтарды жоспарлы профилактикалық тексеруге шақыруды қамтамасыз етеді.

Егер пациенттер арасында шұғыл медициналық көмек туындаған жағдайда GPS навигациясының батырмасын басу арқылы бас дәрігердің орынбасары, бөлім меңгерушісі және бас медбикенің сымтетіктеріне шақырту келіп түседі. Келіп түскен шақыртуға дер кезінде қажетті медициналық көмек ұсынылады, – дейді Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Ерғалиқызы.

Аталған жүйеге 40-қа жуық медбике атсалысады. Құрылғы арқылы монитордан емхананың аумағында тіркеуде тұрғандардың нақты мекенжайлары көрінеді, пациент туралы ақпараттарды да жүйе арқылы көруге болады.

 

ШЫМКЕНТКЕ «АҢСАҒАН СӘБИ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 429 КВОТА БӨЛІНДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы аясында қаламызда көптеген отбасы бала сүю бақытына ие болуда. Жалпы, республика бойынша жыл сайын 7000 квота бөлінеді. Ең көп квота Алматы, Астана, Шымкент қалаларына қарастырылған.
Еліміздің 9 өңірінде 19 медициналық ұйым ЭКҰ қызметін ұсынады. Оның 18-і – жекеменшік ұйым. Қала аумағында бүгінде 4 репродукция орталығы жұмыс істейді. Қалада ЭКҰ-ға дайындық бойынша қалалық перинаталдық орталықтың консультативті-диагностикалық блогы жетекші медициналық ұйым ретінде бекітілген. Онда 2018 жылдан бастап Бедеулік мәселелері жөніндегі кабинет жұмыс істейді. Түрлі ем шараларға қарамастан бір жыл бойы түрлі факторларға байланысты физиологиялық жүктілік болмаған ерлі-зайыптылар ЭКҰ квотасына қатыса алады. Биыл мегаполиске бағдарлама шеңберінде 429 квота бөлінген. Қазіргі таңда қалада бедеулікпен есепте тұрған 600 жұп бар. Жыл басынан бері арнайы орталықтарға 261 жұп ЭКҰ квота арқылы жолданды. Бағдарлама бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді.

Олар: репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейін;

қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер;

  • жоғары фолликулярлық резерв.
Айта кетейік, 2021 жылы қалаға 403 квота бөлінген болса, соның ішінде жүкті болғандар саны – 202. Былтырғы жылы 413 квота бөлінген, соның ішінде жүкті болған саны – 220. Бағдарлама қолға алынған соңғы үш жыл ішінде квота арқылы 136 сәби дүниеге келген.
 

ШЫМКЕНТТІК ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Шымкентте «Ерекше балалардың ата-аналары» одағының ұйымдастырумен одаққа мүше ата-аналардың жиыны өтті. Жиын барысында ерекше бала асыраушы отбасылардың мұң-мұқтажы мен шешімін таппай жүрген мәселелері тыңдалды.

–Біз ерікті ата-аналар қоғамы болып жыл сайын дәстүрлі түрде мерекелік кештер, сұхбаттар өткізіп тұрамыз. Бүгінгі жиын барысында ата-аналарға жаңа оқу жылы қарсаңында демеушіміз «Биік» кеңсе тауарлары иесі атынан 10 пайыздық жеңілдік құжаттарын тараттық. Сондай-ақ жаңадан қосылған ата-аналармен танысып, олармен сұхбаттастық. Қала әкімінің қолдауымен қазіргі таңда көптеген кәсіпкерлер және басқармалармен меморандумға қол қойғанбыз. Олар бізге қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Мысалы театрларға, концерттерге тегін жолдамалар, сондай-ақ азық-түлікпен, жөргектермен, дәрі-дәрмектермен қамтып, барынша көмек беріп келеді,– дейді одақ төрайымы Гүлмира Үсенбекова.

Одаққа мүше болған ата-аналар мұнда өз тәжірибелерімен де бөлісіп отырады. Қоғамнан шеттетілгендей күй кешкен аналар ерікті қызметіне араласқалы көңіл-күйіде жақсарып, жалғыз еместігін түсінген.

–Мен көпбалалы жалғызбасты анамын. Ата-аналардың ватсап желісінде өз тобы бар. Сонда балалардың ем-шаралары, қай жерде, қалай емделіп жатқандығы туралы ақпараттармен бөлісіп отырамыз. Жасыратыны жоқ кейде баламен қайда, қандай ем қабылдау қажеттігін де түсінбей абдырап қаламыз. Сондай кездерде бір-бірімізге көмекшіміз. Заң тұрғысынан да психологиялық, медициналық көмектер бізге ауадай қажет. Осының бәрін біз есік қағып сандалмай, Гүлмира ханымға айтып кеңес сұрап отырамыз. Мен өзім осы одаққа келгеннен кейін көңіл-күйім көтеріліп, айналама қарай бастадым. Бір-бірімізді түсініп, қолдап, театр, музейлерге, табиғат аясына серуенге барып тұрамыз. Бүгінгі беріліп жатқан жеңілдік те бізге үлкен көмек,–дейді Зарина Дәуітова.

Айта кетейік, «Ерекше балалардың ата-аналары» – одағы республика бойынша көптеген өңірлерде жұмыс істейді. Оған жеке басын растайтын куәлікпен тіркеліп, ерікті болуға немесе қажетті ақпараттар алып отыруға болады. Шымкент қаласы бойынша бұл одаққа 70-тен аса ерекше балалардың ата-аналары тіркелген.

ШЫМКЕНТТЕ АУТИЗМГЕ ШАЛДЫҚҚАН БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгінгі таңда балалар арасында кең тараған аутизм ауруы күрделі мәселе. Ерекше балаларды қоғамға бейімдеп, емдеу және оңалту шетелдік озық оңалту орталықтарының тәжірибесіне сүйенуді талап етеді. Аутизм синдромы бар балаларды оңалту шараларын дамыту мақсатында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мен "Қамқорлық" оңалту орталығының мамандары Туркия еліндегі бірқатар оңалту орталықтарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасуда.

Әлеуметтік сала басшысы іссапар барысында Стамбул қаласындағы аутизм мен аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған "Мармара" мемлекеттік және жекеменшік оңалту орталықтарының білікті мамандарымен кездесті. Оңалту орталықтары қатар орналасқан. Балалардың түрлі қызметтерді екі орталықтан бірдей алу мүмкіндіктері бар.

Мұнда бір мезгілде 600 балаға 200-ге жуық арнайы тәжірибелі мамандар қызмет көрсетеді. Одан бөлек, 30-дан астам мемлекеттің азаматтары осында келіп ем қабылдауда.

Оңалту орталықтары арнайы әзірленген бағдарлама арқылы жұмыс жасайды. Бағдарлама ең алдымен аутизмі бар балалардың ең маңызды мәселелерін, яғни, қоғаммен қарым-қатынастың бұзылуы және әлеуметтік өзара әрекеттесуді жеңуге бағытталған.

Мамандар ең алдымен заманауи әдістемелік тәсілдерге, аутист балалармен жұмыс істеу бойынша түрлі технологияларға сүйене отырып балаларға диагностика жүргізеді. Қорытындысы бойынша әр балаға жеке оңалту жоспары түзіліп, коррекциялық түзету жұмыстары басталады. Сонымен қатар әр балаға жеке педагог қарастырылған.

Тәжірибе алмасу кезінде ең маңызды мәселелердің бірі 18 жастан асқан аутизм синдромы бар азаматтарға білім беру, әртүрлі сипаттағы қызметтерге қол жеткізу, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қолдау сынды мәселелер талқыланды.

ШЫМКЕНТ: БАС ДӘРІГЕР ЖҮРЕК АЛМАСТЫРҒАН НАУҚАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков жүрегін алмастырған науқастың халін білу үшін ауруханаға арнайы барды. Басқарма басшысы науқастың қазіргі денсаулық жағдайын сұрап, тезірек жазылып, отбасына оралуына тілеулес екенін жеткізді. Сондай-ақ қаланың бас дәрігері пациентке жасалған транплантациялық отаның қала медицинасын дамуындағы зор жетістік екенін атап өтті.

–Біздің жергілікті кардиохирургтар Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы мамандарымен бірлесіп, отаны сәтті жасап шықты. Осы орайда отаны жасаған білікті дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Қала тұрғындарының саулығын жақсартып, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барынша қызмет етеміз, –деді басқарма басшысы Н. Асылбеков.

Айта кетейік, 5-шілде күні Шымкент жүрек орталығында 61 жастағы тұрғынға жүрек трансплантациясы жасалды. Ота кезінде кардиохирургтар пациентке 46 жастағы ер адамның жүрегін орнатып берді. Донорлық жүректі қайтыс болған ер кісінің туған-туыстары пайдалануға рұқсат берген. Күрделі операциядан кейін тоғызыншы күні дәрігерлер науқастың жүрек тамырына стент орнатып берді. Бүгінде пациенттің жағдайы жақсы. Жүрегін алмастырған науқас медицина мамандарының бақылауында болады.

Біле білсеңіз, еліміздегі ең алғашқы ағза ауыстыру операциялары 2012 жылы қолға алынып, бүгінге дейін 2 мыңнан аса отандасымыздың ағзасы ауыстырылған. Демек Қазақстанда да трансплантология жасауға машықтанған мамандар да, заманауи технологиялар бар. Алайда донорлық органдар тапшылығын әлі де жоққа шығаруға болмайды.

Ал енді өзгенің ағзасына күні түсіп жатқан науқастардың арасында ең көп сұранысқа ие бүйрек пен бауыр екені баршамызға белгілі. Одан кейінгі орында жүрек трансплантациясы. Дәл қазір 147 дертті адам донорлық жүрек кезегінде тұр, оның ішінде 140-ы – ересек азамат, жетеуі – бала.

ШЫМКЕНТ: ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҒИМАРАТЫ БАЛАЛАР КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ МЕНШІГІНЕ БЕРІЛДІ

Шымкент қалалық жұқпалы аурулар орталығының ғимараты қалалық балалар клиникалық ауруханасының қарамағына берілді. Шымкентқаласыәкімініңбаспасөзқызметіосылай деп xабарлама таратты. Xабарламада 200 орындық ғимарат пациенттердің ем алуына өте қолайлы, барлық жағдайлары жасалған, талапқа сай заманауи вентиляция жүйесімен қамтамасыз етілгені жазылған.

Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов «Асар» шағын ауданындағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында болып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. «Балалар ауруханасы жаңа туылған сәбиден бастап 18-жасқа дейінгі балаларға шұғыл және жоспарлы медициналық көмек түрлерін көрсететін жалғыз көпсалалы аурухана. Аурухана базасында қажеттілік туындауына байланысты 2020 жылдан бастап жаңа профильдер яғни нейрохирургия, онкогематология, нефрология, урология, оториноларингология, эндокринология гастроэнтерология, бет-жақ хирургиясы, интервенция кардиологиясы, неонатальды хирургиясы ашылып қаланың барлық педиатриялық қызметі осында орталықтандырылды. Осыған байланысты жаңа ғимаратты қосқанда төсек орны 495-ке ұлғайды.

Бүгінгі күні мұнда соматикалық профиль төсектері қайта орналастырылып, ерте жастағы балалар үшін яғни 1 жасқа дейінгі науқастар емделетін және де ересек жастағы 1-18 жастағы науқастар үшін арнайы бөлек пульмонология бөлімшесі ашылды. Сондай-ақ неврология бөлімінің төсек орын қоры 40- тан 55-ке кеңейіп, эндокринология, педиатрия, аллергология, гастроэнерология бейіндері орналастырылды. Қазір аурухананың 2 ғимаратында қабылдау бөлімі, 6- төсектік жансақтау бөлімі, зертхана, сәулелі диагностикалық бөлімі жұмыс істеп тұр», делінген.

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 33 МЫҢНАН АСТАМ НАУҚАС БАЛАҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы – балаларға мамандандырылған көмектің барлық түрін көрсететін заманауи көпсалалы аурухана. Онда қабылдау бөлімі, жарақат бекеті, хирургиялық және соматикалық бейіндер бойынша медициналық көмек түрлерін көрсетеді.

Жыл басынан бері мекемеде 33 154 науқас балаға медициналық көмек көрсетілген. 5392 науқас стационарлық ем қабылдап, сауығып шыққан. Жалпы ауруханада білікті дәрігерлер 1477 ота жасап, оның ішінде 426-ы жоспарлы түрде, 1051-і шұғыл түрде, жаңа туған нәрестелерге 34 ота жасалған.

Биыл қалалық жұқпалы аурухана орталығы балалар ауруханасының балансына өтті. Сондықтан, ұйымда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда ауруханада жаңадан 2 корпус ашылды. Нәтижесінде төсек-орын саны (495) ұлғайтылды. Жаңа ғимаратта пульмонолгия ерте жастағы балалар бөлімшесі, пульмонология ересек балалар бөлімшесі, педиатрия, неврология, реанимация бөлімшелері орналасқан, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, КТ, рентген, УДЗ, ФГДС аппараттары жұмыс жасайды. Пациенттерге сапалы ем алуға барлық жағдай қарастырылған. Сонымен қатар, жаңа орталықта жоспарлы және шұғыл түрде медициналық көмек көрсетіледі.

Тағы бір айта кетерлігі, балаларға мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуда мекемеде материалдық-техникалық база жаңарды. Қазір керек-жарақтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 94%-ды құрайды. Лор-комбайн, МРТ, нейрохирургиялық микроскоп, ангиограф, цифрлық рентген-аппарат, «Клинитрон» төсегі, ӨЖЖ аппараттары, IT-техникалардың көмегімен церебральды сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар мен манипуляциялар жүргізілуде.

Өткен жылы ашылған ерекше балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинетте дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан және басқада мүмкіндігі шектеулі балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен емдейді.

Қалалық балалар клиникалық ауруханасы – Шымкентте сапалы, жедел, қолжетімді медициналық көмек көрсетуде алдыңғы қатардағы мекемелердің бірі. Биыл аурухана тағы бір бөлімшемен толықпақ. Қазіргі таңда офтальмология бөлімшесін ашуға дайындық жұмыстары басталып, мамандар даярлануда.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Шымкентте медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде денсаулық сақтау саласының мамандарына құрмет көрсетілді. Мерекелік жиын барысында бірқатар еңбегі ерен жандарға ҚР денсаулық сақтау министрлігінің наградасы, қала әкімі және мәслихаттың арнайы алғыс хаттары табысталып, ыстық ықыласқа бөленді. Ақ халаттыларды кәсіби мерекемен құттықтаған қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қоғамда медицина қызметкерлерінің орны әрқашан маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Бүгінде Шымкент қаласында амбулаторлық деңгейде 14 мемлекеттік емхана және 37 жеке меншік медициналық орталық бар. Стационарлық деңгейде 15 мемлекеттік аурухана 3 533 төсек-орында және 25 жеке меншік аурухана 788 төсек орында қызмет көрсетіп жатыр. Ресми деректерге сәйкес, денсаулық сақтау жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің саны 15 256 адамды құрайды, оның 4 760-сы дәрігер, 10 496-ы орта медицина қызметкерлері. Жиында сөз алған қала мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов халықтың денсаулығын сақтауда медицина саласында қызмет етіп жатқан техникалық, санитарлық қызметкерлердің де үлесі зор екенін атап өтті.

–Емдеу саласы сағаттың механизімі іспеттес. Медицина бағытында қызмет жасап жүрген әр маманның өзіндік орны бар. Мәселен, жедел жәрдем қызметі көлігі жүргізушісінің қолында бір адамның өмірі тұрады. Тағы бір техникалық қызметкердің өзі ісінің білікті маманы болуы күрделі оталардың сәтті шығуына алып келеді. Сондықтан да медицина саласында қызмет етіп жүрген санитарлар мен техникалық қызметкерлер, оның ішінде жүргізушілер, кіші медициналық персоналдар мен барша дәрігерді қалалық мәслихаттың депутаттары атынан кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын, - деді Б.Нарымбетов.

Шымкенттің денсаулық сақтау саласының жеткен жетістіктері зор. Қаладағы медициналық ұйымдарда 2022 жылы ересектер үшін онкогематология, нейрохирургия бөлімшелер ашылған. Онкологиялық орталықтың базасында ПЭТ орталығы және сәулелік терапия орталығы іске қосылды. Шымкент қаласы бойынша науқастарға сапалы эндокринологиялық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығындағы эндокринологиялық төсек-орын көбейтіліп, диабеттік табан бөлімшесі ашылды. Салтанатты жиында осылай деген қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков мұндай жетістіктің артында білікті мамандар тұрғанын тілге тиек етті.

–Шымкенттің денсаулық сақтау саласы білікті мамандарымен үздік. Қаламызда кардиология мен онкологияны емдеу ісі өзге өңірлерге қарағанда жақсы дамыған. Ол да білікті дәрігерлеріміздің жемісті еңбегінің нәтижесі. Биыл Шымкент қаласының жедел жәрдем дәрігерлері Қазақстан бойынша үздік атанды. Үшінші мегаполистегі жедел жәрдем станциясының командасы жедел медициналық жәрдем қызметінің республикалық сайысында біліктіліктерін дәлелдеп, бас жүлдеге ие болды, -деп атап өтті қаланың бас дәрігері.

Мерекелік кеште халықтың денсаулығын қорғауда аянбай етіп жүрген 80-ге жуық медициналық қызметкер мен ардагер дәрігерлер марапатталды.