Жұма, 24 Қараша 2023 23:58

Халықаралық форумда ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыға түсті

Түркістан облысында алғаш рет бизнес және туризм өкілдерінің басын біріктірген TIF’23 - «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтуде. Онда «Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту» жайында панельдік сессия отырысы өтті.

Сала майталмандары оның даму перспективалары мен сыртқы нарықтарға шығу жолдарын талқылады. Ірі компаниялардың басшылары өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін ортаға салды. Сессия отырысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, сала жетістіктерімен бөлісті.

- Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы аграрлық өңір болып табылады. Өйткені агроөнеркәсіптік кешен облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30%-ын құрайды. Географиялық орналасуы, климаттық жағдайлары бойынша облыс аграрлық саланы дамыту үшін, сондай-ақ жұмыс күшімен қамтамасыз ету тұрғысынан ең қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 100 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді, сонымен қатар 1 миллионнан астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен саланың инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті. Соңғы 5 жыл ішінде аграрлық салаға шамамен 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тартылды. Әлемде халық санының өсуіне, сапалы азық-түлік тауарларына сұраныстың артуына байланысты агроөнеркәсіптік кешенді жаңа форматта дамыту өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты, өңірде бұл саланың бірнеше бағыттарын дамытуға күш салудамыз. Сондықтан саланы жаңа бағытта дамытуды, шикізаттық дамудан дайын өнімді шығаруға көшуді жан-жақты талқылауда біз бірыңғай ұстанымға келеміз деп үміттенемін,- деді ол.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық беріледі. Суармалы суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстарына күш салынған. Сонымен қатар Түркістан облысында бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған қайта өңдеу саласы дамуда.

Ауқымды жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей елдерінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлері, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары арнайы қатысты. Сонымен қатар, форум аясында келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 1 триллион 55 миллиард тенгені құрайтын 20-ға жуық мемарандумға қол қойылды.

Айта кетейік, облыс үлесіне республиканың суармалы жерлерінің 1/3 бөлігі тиесілі. Республика халқын отандық өніммен қамтамасыз етудегі облыстың үлес салмағы өте жоғары. Облыс үлесіне өндірілген шикі мақтаның 100%-ы, жүзімнің 74% -ы, бақша дақылдарының 59% -ы, жемістердің 35% -ы, жүгерінің 25% -ы, көкөністердің 23% -ы тиесілі. Облыста жылыжай шаруашылығы (1640 га) және қарқынды бау-бақша шаруашылығы (5,6 мың га) жүйелі түрде дамып келеді. Жыл сайын облыста 3 млн.тоннадан астам көкөніс және бақша дақылдары, 800 мың тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна жемістер мен жүзім, 300 мың тонна шитті мақта өндіріледі.

Мал шаруашылығы көрсеткіштері бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Республикада облыс үлесіне ірі қара мал басының 14% - ы, ұсақ малдың 23% - ы, жылқының 11% - ы, түйенің 14% - ы, өндірілген еттің 11% - ы және сүттің 12% - ы тиесілі. Сондай-ақ облыс үлесіне елден экспортталатын ірі қараның 85% - ы, қой етінің 60% - ы тиесілі. Биылғы жылдың 10 айында 10 тонна ірі қара еті, 4,6 мың тонна қой еті экспортталады.

Ауыл шаруашылығы – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің негізгі салаларының бірі. Оның үлесіне ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 40%-ы тиесілі. Жалпы саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын талдау көрсетіп отыр. Малдың барлық түрінің саны тұрақты өсуде. Өткен 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой 4,8%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйе 6,5%-ға, құс 4%-ға өсті.Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсуде. Атап айтқанда, сауылатын сүт орта есеппен 4,7%-ға ұлғайды, сондай-ақ сойылған ет салмағы 8,6%-ға, тауықтардың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2%-ға өскен. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9%-ға ұлғайды, ал осы жылдың 5 айында өсім 3,6%-құрады.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулерін назарға ала отырып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алып тасталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде елдегі эпизоотиялық ахуал тұрақтандырылды. Өткен жылы жұқпалы аурулар бойынша саламатсыз пункттер саны 13,5%-ға, ал осы жылдың 5 айында 2 еседен астам қысқарды. Мал шаруашылығының жанама өнімдерін, ең алдымен, былғары шикізаты мен жүнді өткізуге ынталандыру. Былғары шикізатының экспортын тежейтін фактор 1 тонна үшін 200 еуро мөлшеріндегі экспорттық баж болып отыр. Қазіргі уақытта ұсақ мал бойынша экспорттық баж толығымен алынып тасталды, ал ірі қара мал бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді.

Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты, ең алдымен, геномдық талдау және математикалық модельдеу қағидаттарына негізделген жануарлардың асыл тұқымдық құндылығын бағалаудың заманауи әдістерін өндіріске енгізу бөлігінде жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оны іске асыруға биыл асыл тұқымды жануарларды индекстік және геномдық бағалауды енгізуді, асыл тұқымды малдың шығу тегі туралы нақты ақпарат беруге мүмкіндік беретін молекулалық-генетикалық сараптама жүргізу тәртібін регламенттеуді көздейтін 16 нормативтік-құқықтық акт қабылданды.

Азық өндіруді одан әрі дамыту. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінде ірі азықпен қамтамасыз ету 80%, шырынды азықпен қамтамасыз ету 60%, құнарландырылған азықпен қамтамасыз ету 50%-ды құрайды, дегенмен мал шаруашылығының тұрақты дамуы үшін толық қамтамасыз етуден басқа, азықтың сақтандыру қоры да болуы керек екені белгілі. Осы мәселені шешу үшін қабылданған Азық өндіру саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы жергілікті жерлерде тиісті деңгейде іске асырылмайды. Жергілікті атқарушы органдар ауыспалы егістегі, бірінші кезекте суармалы жерлерде азықтық дақылдар үлесін кеңейту, жерді жалға алу шарттары аясында жер пайдаланушыларға қойылатын талаптарды қатаңдату есебінен жайылымдық алқаптарды үстірт және түбегейлі жақсарту және жайылымдар айналымын енгізу жолымен жайылымдық алқаптардың өнімділігін арттыру бойынша бар мүмкіндіктерді толық көлемде пайдаланбайды.

  «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 1307 рет