Бейсенбі, 11 Сәуір 2024 16:57

Дархан Сатыбалды «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасымен кездесті

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесті.

Тараптар Түркістан облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында алдағы уақытта әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау, спорт нысандарының құрылысын жүргізу мәселелерін қарастыруды, уран өндіруші компаниялармен Созақ ауданының елді мекендеріне әлеуметтік қолдау және демеушілік көрсету бойынша бірлесе жұмыстар атқаруды талқылады. Сондай-ақ кездесуде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Түркістан облысында жоспарлаған «күкірт қышқылы» зауытын салу мәселесі айтылды.

– Біздің басты байлығымыз – халқымыз. Елге қызмет етіп, халықтың жағдайын жасау, жұмыс орындарын көбейту, жайлы өмір сүруге қолайлы мүмкіндік ұсыну – парызымыз. Мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершіліктің қалыптасуы тұрақты дамудың негізгі шарттардың бірі. Қазіргі таңда әлеуметтік жауапкершілік компанияның іскерлік беделі мен капиталдану көрсеткішін арттыратын тиімді қызмет ретінде қабылданады. Компания тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектің көлемін арттыруды қарастыруды ұсынамын, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – бизнестің қоғамның, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардың дамуына ерікті үлесі. 2023 жылы аталған компанияның еншілес мекемелерімен өңірдің әлеуметтік дамуына 1,8 млрд теңге төленді. Кездесуде компанияның пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын инвестиция көлемінен 2%-ын өңірдің әлеуметтік дамуына төленуін қарастыру талқыланды.

Бүгінде облыс аумағында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты 12 компания жұмыс істейді. Олар уран өндірумен, барлау жұмыстарымен айналысады. Компанияға қарасты кәсіпорындарымен 2023 жылы 623,3 млрд теңгеге өнім өндірілді.Қазақстан бойынша 2023 жылы өндірілген табиғи уранның 88,4% Түркістан облысының үлесінде.

Дерек үшін айта кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамына қарасты уран өндіруші 20-дан астам кеніштің 15-і Түркістан облысында орналасқан. Әлемде уран өндіруден де, оның қоры бойынша да алдыңғы қатардағы Қазақстан 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша да бірінші орынға шықты. Елімізде жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі екен. Бұл – әлемдегі уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметін­ше, кен өндіру өнеркәсібі және металлургия көлемінің 98,8%-ы «Қазатомөнеркәсіп» кәсіп­орындарына тиесілі. Түркіс­тан облысында осы салада 8 мың­нан аса адам жұмыс істейді. Оның барлығы дерлік, яғни 99,0%-ға жуығы – өңірдің жергілікті азаматтары. «Қазатомөнеркәсіп» кен орындарын игерудің ең қауіпсіз және экологиялық таза әдісін – жерасты ұңғымалы шаймалау (ЖҰШ) әдісін қолданады және өндірудің өзіндік құнының ең төмен көрсеткіштерінің біріне ие. Яғни табиғи уран ешқашан ашық әдіспен өндірілмеген. Бұл жақта жерасты шахталары да, карьерлер де жоқ.

«Қаз­атом­өнеркәсіп» уран өндіруді 100% ЖҰШ әдісімен жүргізеді. Өз қыз­меті қоршаған ортаға, тұрғын­дардың денсаулығына, қауіпсіз­дігіне және өмірінің сапасына әсер ететінін мойындап отырған ком­пания өңірде экологиялық қа­уіпсіздікті қамтамасыз ету, та­­биғи ортаны сақтау, табиғи ресурс­тар­ды оңтайлы пайдалану және экологиялық әсерді барынша азай­ту бойынша барлық қажетті іс-шараны қабылдайтынын мә­лім­деуде. Алдыңғы жылы «Қаз­атом­өнеркәсіп» қоршаған орта­ны қорғау бойынша іс-шара­лар­ды өткізуге 964,6 млн теңге жұм­сапты.

Облыс аумағындағы уран өн­діруші 15 кеніш жергілікті ха­лықтың әл-ауқатын жақсартуға қандай үлес қосуда? Басқарманың дерегінше, кәсіпорындар бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландырып келеді. Мысалы, 2021 жылы «Қазатомөнеркәсіп» жер қойнауын пайдалануға ар­нал­ған келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына 1,609 млрд теңге, 2022 жылы 2,749 млрд теңге жергілікті бюджетке аудар­ған.

 Созақ ауданы аумағында орналасқан кәсіпорындар ірі әлеуметтік жобаларға демеушілік көрсетіп, аймақтың дамуы үшін қомақты қаржы бөліп, тұрмысы төмен отба­сыларды тұрақты түрде қол­дап келеді. Мәселен, «Катко» БК кәсіпорны Таукент кенті­не аяқжол салып, көшені жарық­тан­дыру жұмыстарын жүргіз­се, «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» кәсіп­­ор­ны атомшылар аллеясы мен балалар ойын алаңы, «стрит вор­кут» алаңшасына, «Бел­­сен­ді ұзақ өмір және тең қо­ғам»­ әлеуметтік орталығының ашы­­луына демеушілік жасады. Сондай-ақ С.Қожанов атын­да­ғы ескі музей ғимаратына күр­­делі жөндеу жұмыстарын жүр­гіз­ген.

Бүгінде ғимарат балалар шы­ғармашылық үйіне арна­лып, қажетті жабдықтармен то­лық­тай қамтылған. Қыземшек кен­тінде «Аппақ» ЖШС-нің де­меу­шілігімен үлкен теннис алаң­қайына күрделі жөндеу жұ­­мыстары жүргізілді. «Вол­ков­геология» АҚ тарапынан Жуан­төбе және Жартытөбе ауыл­дық округ тұрғындарын тәу­лік бойы ауыз сумен қамту мақ­са­тында қосымша ұңғыма құдық­тар қазылды. Ал «Заречное» АҚ демеушілігімен №2 балалар, жасөспірімдер спорт мек­тебіне  сыйымдылығы 45 адам­дық автобус берілген. Кәсіпорын әлеуметтік салық және корпора­тив­тік табыс салығын 50 пайыз­ ауданға, 50 пайыз облысқа тө­лейді. Жалпы, 2022 жылы 495,4 млн теңге салық төлеген болса, биыл бүгінге дейін 125 млн теңге төлеген. Сондай-ақ 360 адамды жұмыспен қамтыған. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалмайды. Демеушілер та­рапынан өткен жылғы қыс мез­­гілінде  аз қамтылған  927 от­ба­­сы­на, 1550 тонна көмір таратылып берілді. Осылайша, өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы­на үлкен үлес қосып, компа­ния жыл сайын ауданда 30-ға жуық қысқа және ұзақ мерзімді жоба­ларға көмек қолын созып келеді.

Түркістан қаласында былтыр құны 1,7 млрд теңге болатын жедел жәрдем стансасының құрылысын жүргізіп, елді мекендерді абаттандыру, Түркістан және Қызылорда облыстарының 7 елді мекенінде балаларға арналған заманауи ойын және спорт алаңдарын салу сияқты бірқатар әлеуметтік жоба іске асырылып, халықтың әлеуметтік осал топтарына қар­жы­лай көмек көрсетілді.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

 

Оқылды 30 рет