Жұма, 12 Сәуір 2024 12:34

Түркістан: Бәйдібек ауданына инвестиция тарту жұмысын жандандыру керек

Бәйдібек ауданын дамыту үшін қандай салаларға басымдық берілгені жөн? Қандай жұмыстарды атқару керек? Ауданда өндірісті дамыту мен өзіндік табысын көбейту мүмкіндігі бар ма? Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен ауданда өткен актив отырысында осы және өзге де сұрақтарға жауап ізделді. Индикаторларды орындай алмаған жауапты тұлғаларға сын-ескертпелер айтылып, тапсырмалар берілді.

– Бұдан бұрынғы мәжілісте аудандағы кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілген еді. Бүгін осы атқарылған жұмыстарды қорытындылау үшін қайта жиналып отырмыз. Бәйдібек ауданында бірқатар салада өзекті мәселелер қордаланған. Ауданның экономикалық, әлеуметтік салаларындағы жағдай, сондай-ақ, инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ойдағыдай емес. Аудан әкімдігі Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайту бойынша нақты шаралар қабылдауы тиіс. Сонымен қатар ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын ұсынуды тапсырамын. Ауыл шаруашылығы саласында заманауи озық технологияларды енгізу жұмыстарын күшейту қажет. Ауданда индустриалды аймақтың жұмысы нашар. Инвестиция тарту, зауыттар мен кәсіпорындар ашу бағытында ізденіңіздер, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды зерделеу қорытындысымен таныстырды. Мәжілісте дамуға кедергі келтіріп отырған деректер ашық айтылып, кемшіліктерді жою жолдары ұсынылды. Тапсырмаларды орындауға уақыт берілді.

Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 мыңнан асып, қазіргі таңда 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Бәйдібек ауданы бойынша былтыр 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша 3 200 адам жұмыспен қамтылған.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында Шаян ауылында 300 орындық1 жаңа мектептің кұрылысы жүруде. Шақпақ елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу үшін қаржы қаралды.

Аудандағы 51 елді мекеннің 43 елді мекені (84,3 пайызы) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл бағытта жұмыс жалғасады. 16 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 4,7 млрд. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл соңына дейін 4 елді мекенде құрылыс жұмыстарын аяқтап, газға қосу көзделіп отыр.

2027 жылға дейін шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жалпы құны 25 млрд. теңгені құрайтын 26 жобаны іске асыру көзделіп, 290 жаңа жұмыс орындарын құру көзделіп отыр. Құс еті мен жұмыртқа өндірісі, сүт фермасы, ет өңдеу кәсіпорны, балық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны салынады. Жүн өңдеу цехы, құрама жем зауыты, жел және күн электр стансасының құрылысы жүргізіліп, бірнеше демалыс орындары, сауда орталықтары салынбақ.

Сонымен қатар 2 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде. Бәйдібекте «ERNUR-Корпорациясы» 5 мың басты құрайтын уақ мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізіп жатыр. Аталған кәсіпорын жылына 200 млн. жұмыртқа өндіретін 600 мың бастық құс фермасының құрылысын салуды жоспарлап отыр. «Казтравертин» компаниясы жылына 25 мың текше метр травертин тастарын өңдеуді жоспарлауда. «Шоқ-Талап» шаруа қожалығы жылына 35 тонналық балық шаруашылығын бастамақ. Жеке кәсіпкер «Э.Ағабекқызы» қуаттылығы жылына 6 000 дана матрас, 12 мың дана жастық шығаратын өндірісті қолға алады.

Ауыл шаруашылығы өнімі көлемі былтыр 35,6 млрд. теңгеге жетті. Биыл 6 айда 10,7 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 39 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. 2019 жылдан бүгінгі таңға дейін су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 811 гектарға дейін артты.

Айта кету керек, Түркістан облысы тұрғындарының басым бөлігі ауылды елді мекендерде тұрады, нақты айтқанда, 80 пайызы немесе 1,6 млн. адам, яғни 1 миллионға жуық ауыл тұрғындарының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Осыған орай іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысы үшін өте маңызды. Бағдарламаның аясында өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары бағыттары бойынша несиелендіріледі. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бәйдібек ауданында бағдарлама Алғабас, Ақбастау, Көктерек, Борлысай ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 225 млн. теңгеге 41 жоба қаржыландырылды.

Елді мекендердегі тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылуда. Су қоры азайған 15 елді мекеннің жер асты су қорын іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Барлау жұмыстарының қортындысына сәйкес жаңа ұңғыма қазу жұмыстары қолға алынады. Жаңаталап, Жұлдыз елді мекендерінің жер асты су қорлары зерттеліп жатыр. 2020 жылы Бәйдібек ауданындағы 51 елді мекеннің 35 елді мекені ауыз су жүйесімен қамтылған болса, биыл 44 елді мекенге жетіп отыр.

Осы жылы шілде айында Сарқырама елді мекеніндегі тозығы жеткен ауыз су жүйесіне қайта құру (реконструкция) және Ақжар елді мекеніне жаңа ауыз су жүйелері жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2 елді мекенде (Шаян, Шақпақ) ауыз су жүйелерінің тозығы жетуіне байланысты қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Шаян ауылының ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары қазан айында пайдалануға беріліп, нәтижесімен 2 100 абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Тұтастай алғанда, Бәйдібек ауданы әлеуметтік-экономикалық даму үстінде. Әйткенмен аудан әкімі шежіреге бай, табиғаты қаталдау ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауы керек. Ауданға ауқымды инвестициялар тарту жұмыстарын жалғастыру қажет.

Еске салайық, Бәйдібек ауданы — Түркістан облысының орталық бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. Жерінің аумағы — 7,2 мың шаршы шақырым (облыс аумағының 6,1%-ын қамтиды). Орталығы — Шаян ауылы. Шаян ауылының іргесі 1928 жылы бұрынғы Шаян болысының негізінде Шаян ауданы болып қаланды. 1965 жылға дейін Шаян, 1996 жылға дейін Алғабас ауданы болып келді.

Бәйдібек ауданы жері Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінде, қырқалы жазықта жатыр. Оңтүстік-шығысын Боралдай жотасы, Үлкентұра тауы (1425 м) алып жатыр. Жер қойнауынан полиметалл кені (Байжансай), әктас, құрылыс материалдары барланған.

Климаты континентті. Қаңтар айындағы жылдық орташа температура: -4-6°С, шілде айында — 25-28°С. Жылдық жауын-шашынның мөлшері жазық бөлігінде — 250-300 мм, таулы өңірде — 400-500 мм. Аудан аумағынан Шаян, Арыстанды, Бөген, Боралдай, Бестоғай, Сасықөзен өзендері және олардың салалары Үлкен Бөген (Қаттыбөген), Бала Бөген, Қошқарата, Құтырған, тағы басқа ағып етеді. Шаян өзенінде Қапшағай бөгеті салынған. Аудан жерінде Арыстанды өзенінің бойында әйгілі Арыстанды-Қарабас желі соғады. Ауданның батысындағы шөлдің ашық сұр, сұр топырағында боз жусан, баялыш, бидайық, күйреуік, шығысындағы таудың сұр-қоңыр топырағында Қаратау жусаны, нарғия, т.б. шәптесіндер мен бұта аралас долана, тобылғы, жабайы алма, өрік; өзен бойларында тал, терек, жиде, қамыс өседі. Жануарлар дүниесінен тауда арқар, елік, қасқыр, жазығында қоян, қарсақ, саршұнақ; құстардан кекілік, бөдене, көкек, тағы басқа мекендейді.

Тұрғындары 48893 адам (2023 жыл). Ұлттық құрамы: қазақтар (96,48%), күрдтер (2,70%), парсылар (0,29%), орыстар (0,18%), басқа ұлт өкілдері (0,36%).

50 елді мекен 11 ауылдық округке біріктірілген:

Ағыбет ауылдық округі

Ақбастау ауылдық округі

Алғабас ауылдық округі

Алмалы ауылдық округі

Боралдай ауылдық округі

Борлысай ауылдық округі

Бөген ауылдық округі

Жамбыл ауылдық округі

Көктерек ауылдық округі

Мыңбұлақ ауылдық округі

Шаян ауылдық округі

Мәдени мұралары:

Бәйдібек Қарашаұлы кесенесі

Домалақ Ана Кесенесі

Аппақ ишан күмбезі

Ақмешіт әулие үңгірі

«Қызыл көпір» — тарихи ескерткіші

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 22 рет