–Қазіргі таңда облыста түрлі санаттағы 72 емдік-сауықтыру орны туристерге қызмет көрсетуде. Сарыағаш ауданында орналасқан артезиан бассейні маңында емдік-сауықтыру мақсатында 57 шипажай жұмыс істейді. Аталған бағытта демалушылардың саны 2022 жылдың қорытындысымен 142,5 мың адамды құраса, 2023 жылдың қорытындысымен 10 пайызға артады деген сенім бар. Курортты аймақты жаңа уақытқа сай дамытуды облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы арнайы мақсат етіп қойды. Енді барлық жауапты құрылымдар бірлескен түрде нақты жоспар жасап, іске асыруға тиістіміз. Шипажай жұмысы мен сервистік қызметті жақсарту мақсатында шетелден білікті мамандарды тарта отырып, арнайы оқу семинарларын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деген облыс әкімінің орынбасары су сапасын қадағалауды тапсырды.
Биыл Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетін 400-ден аса студент тәмамдайды. Оқу ордасының бұл алғашқы шәкірттері болмақ. Ашылғанына 5 жыл толатын университет туризм индустриясын ұйымдастыру және қонақжайлылық салаларын дамытатын мамандарды даярлауда. Бейсен Дәулетұлы осындағы жас мамандарды жұмысқа тартуға тапсырма берді.
Облыстың туризм саласы өкілдерінен құрылған жұмысшы топ жыл сайын Road show форматындағы кездесулерді басқа облыстарда ұйымдастыруда. Бұл шараға биыл аталған шипажай өкілдерін қосу көзделуде. Сонымен қатар кәсіпкерлерге өз ісін ашу немесе кәсібін әрі қарай кеңейту мақсатында жеңілдетілген несие алу жолдары жайлы жан-жақты мәлімет берілді. Жиын барысында ыстық су көздері маңында заңсыз кәсіпкерлік нысандарының жолын кесу және қызмет көрсету сапасын арттыру, бос жер телімдеріне кәсіпкерлік нысандарының құрылысын жүргізу үшін әлеуетті инвесторлар тарту мәселелері талқыланды.
Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов баяндамасында шипажайлардың дамуына тоқталды. Оның айтуынша курорттық аумақта жерасты суларына қайта зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ биыл 3 жаңа шипажай ашылатынын жеткізді. Көктерек курорттық аймағын дамыта отырып, өңірге туристерді тарту мақсатында негізгі 2 бағытта жұмыс атқаруды ұсынды. Бірінші инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету және курорттық аймақтың заманауи көрісін қалыптастыруды қолға алу. Екіншісі қолда бар емдеу сауықтыру орындарының сервисі мен емдеу ісін жетілдіріп, келушілерге барынша ыңғайлы жағдай жасау. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» АҚ төраға орынбасары Асланбек Исахов сөз кезегінде кәсіпкерлерді қолдау, сондай-ақ қаржыландыру көздері туралы мағлұмат берді.
Сарыағаш Түркістан өңірінің ғана емес, Қазақстанның емдік-сауықтыру туризмін дамытуға үлес қосып отырған бірден-бір аймақ. Курорттық туризмді дамыту мақсатында ыстық су көздері, жер мәселесі, шипажай маңындағы шағын кәсіпкерлікті дамыту, қызмет сапасын арттыру және халықаралық нарыққа сапалы емдік туризмді қалыптастыру бойынша бірыңғай даму бағдарламасы жасалады. Нәтижесінде аталған бағыттағы туристердің санын арттыру көзделіп отыр.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, коронавирус пандемиясы кезінде де туризм әлемдік экономикадағы қарқыны төмендемейтін салалардың біріне айналған. Себебі, туризм көп елде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орындарын ашуға және сыртқы сауданың белсенділігіне ықпал етеді. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметтеріне сүйенсек, әлемдік өндірістің әрбір 9-шы жұмыс орнын осы туризм саласы қамтамасыз етеді екен.
Туризм әр елдің табиғи ерекшелігіне байланысты дамиды. Сары-ағашта туризмнің емдеу-сауықтыру түрі дамып келеді. Мұнда жылына 100 мыңнан астам адам дем алуға келеді. Жалпы, Сарыағаш ауданында медициналық туризмді дамытудың мүмкіндіктері мол. Шипажайлар аумағы кеңейтіліп, әлемдік стандарттарға сай ем алу үшін барлық мүмкіндіктер жасалынуда.
Сарыағаш – шипалы өңір ретінде Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де кеңінен танымал. Азаматтардың рухани дүниесі мен денінің саулығы – мемлекетіміздің басымдық беріп отырған маңызды міндеттерінің бірі десек, салауатты қоғам қалыптастыруда және дені сау ұрпақ өсіруде шипажайлардың алар орны ерекше. Адам денсаулығын жақсартуда Сарыағаш аумағындағы шипажайлардың суы айрықша маңызға ие. Сондықтан болар Сарыағаштың шипалы суымен емделу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келушілер көп.
Мәселен, осыдан үш жыл бұрын шипалы мекенде құны 300 млн. теңгені құрайтын «Керуен», «Таң нұры» және «Келес Арасан» шипажайлары пайдалануға берілді. Олар толық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Демалыс орындарының көптеп ашылуына байланысты жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де шешіліп жатыр. Ауданда минералдық және термальдық суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі жолға қойылған.
Сарыағаш өңіріне келуші туристердің саны жыл сайын артпаса, кеміген емес. Оларға 53 емдік-сауықтыру шипажайы, 1 балалар шипажайы, 1 балалар сауықтыру лагері, 1 гольф клубы және 22 қонақүй қызмет көрсетіп келеді.
Адам денсаулығын жақсартуда шипажайлардың үлесі мол, дертке шипа қасиеті бар суының айрықша маңызы бар. Сарыағаш ауданындағы шипажайлардың шипалы суын алыстан іздеп келушілер саны күн сайын артуда. Шипажайға деген еліміздің түпкір-түпкірінен халық сұранысының көп болуына байланысты демалыс-сауықтыру орындарының саны тағы арта түсуде.
Былтыр жаңа мүмкіндіктермен, жаңаша лепте жұмыс жүргізуді бастаған «RAUAN NURY» шипажайы ашылды. Шипажай заманауи құралдармен жабдықталған, барлық талапқа сай, сыйымдылығы 50 адам. Шипажайдың тынысымен танысқан аудан басшысы кешеннің негізін қалаушы жеке кәсіпкер Е.Қанжігітовтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Аталған шипажайдың ашылуы негізінде жергілікті тұрғындардың жұмыс мәселесі шешіліп, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда ауданда минералдық және термалдық суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі жолға қойылған. Сарыағаш ауданында 3 мәдени тарихи нысан, 1 балалар шипажайы, 58 емдік сауықтыру орталықтары қызмет көрсетуде.
Өңірде сауықтыру туризмі өткен ғасырдың 50-жылдарында дами бастады. Бұған себеп — климаттың жылы болуы, таза ауа, қатты желдің болмауы, күн көзінің молшылығы, минералды су, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштары бар саябақтардың болуы. Мәселен, температурасы 49-52 градус Цельсийге жететін және ем үшін қолданылатын минералды судың құрамында кремний қышқылы, радиоактивті элементтер, азот, бикарбонат, натрий, калий, кальций, магний, алюминий, мыс, марганец, молибден мен микроэлементтер бар.
Түркістан облысының шипажайларында ас қорыту жүйесі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол және аяқ, тері аурулары бар науқастар, сондай-ақ гипертониямен ауыратын адамдар денсаулығын жақсарта алады. Гипертонияның шаршаңқылық пен ұйқысыздықтан өзге ауыр симптомдары болмағанымен, бұл дерт жүрек ауруларының және әсіресе инсульттің негізгі себебі болып табылатындығымен ерекше қауіпті. Десе де дертті бақылауда ұстауға болады. Қан қысымын қалыпқа келтіру үшін кей науқастар арнайы дәрі-дәрмектерді қолдануы керек. Ал енді бірі үшін өмір салтын өзгерту және гипертонияның дамуын қоздыратын факторларды болдырмау да жеткілікті. Нақтырақ айтсақ, темекі шегуді тастау, дұрыс тамақтануға көшу, спортпен айналысу, алкогольді шектен тыс тұтынбау.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат