Бүгінде облыста «Саутс ойл» компаниясы өңдеу өнеркәсібі және энегретика саласында 5 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Бұл туралы компания өкілі С. Абдуллаев баяндады. Ордабасы ауданындағы мұнай өңдеу зауыты құрылысының бірінші кезеңі аяқталған. Екінші кезеңі келесі жылы аяқталып, 650 жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Жұмыс жалғасуда.
Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіру зауытын салу бойынша «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ-ның, Сайрам ауданындағы генерацияның маневрлік режимімен бу-газ қондырғысын салу бойынша «ПГУ Туркестан» ЖШС-нің өкілдері айтып берді. Қос жоба жоба да аса маңызды.
Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС-нің құрама жем зауыты, мал сою комбинаты және жануарлардың қалдықтардын терең өңдеу, замануи мал базары жобалары, сондай-ақ Арыс қаласында «Turkestan agro.kz» ЖШС-нің 4500 га алқапқа жаңбырлату жүйесін енгізу және 25 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы құрылысы жобалары бойынша компанияның негізін қалаушысы С.Ертаев баяндады.
Инвестордың айтуынша, бұл жобалар арқылы жұмыс орындары көбейеді. Аустралиялық тәсілмен салынатын заманауи мал базарында саудагерлерге де, келушілерге де қолайлы жағдай жасалмақ. ЖСҚ және рұқсат құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аустралиялық компаниялардан коммерциялық жеңілдіктер күтілуде. Алматы-Самара тас жолының бойында 40 га мал базарын салу үшін жер учаскелері анықталды.
«Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдері әрбір жобаны сүйемелдеп, соңына дейін жетуін бақылауда ұстасын. Әр жоба бойынша Жол картасы әзірленіп, әкімдік өз міндетін, инвесторлар өз міндетін уақтылы орындаулары тиіс. Созбалаңға салуға болмайды. Бізге өндірісті дамыту, жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвестициялық штабта айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізілсін», деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырма берді.
Инвестициялық штаб отырысында Кентау қаласындағы «Кентау байыту фабрикасын» қайта жаңарту және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу өндірісін іске қосу бойынша «KazOilEnergy» ЖШС директоры А.Қалабаевтың, Шардара ауданында жүгері дәндерін терең өңдеу зауытын салу бойынша «Казкрахмал» ЖШС өкілінің ұсыныстары тыңдалды.
Бәйдібек ауданындағы травертинді әрлеу тастарын өңдеу жобаларын жүзеге асырушы инвесторлар да мәселелері мен өтініштерін айтты. Ол назарға алынып, жер мен электр мәселесі шешілетін болды. Сауран ауданындағы тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын зауыт салу бойынша украиналық «UBC BG» ЖШС өкілі айтып берді. Сонымен бірге өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Жалпылай айтқанда, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады.
– Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуы тиіс. Келіссөздер арқылы нақты нәтижеге қол жететін болсын. Инвесторларға жағдай жасап, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсетіңіздер. Әрбір әкімнің жұмысы жеке талданып, сарапталады, – деді Дархан Сатыбалды.
Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен.
Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынуда. Жобаның инвестициялық құны – 100 млрд теңге. 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).
Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылған.
Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 млрд теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Түркістан облысында осы салаға 1,4 млрд теңге инвестицияланған. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, бір жылда саладағы инвестиция көлемі тоғыз еседен астам (9,1) өсім көрсетіп отыр. Мұндай жоғары көрсеткіштер кеңселер мен сауда кәсіпорындары үшін жиһаз өндірісіне (+5,8 есе - 6,3 млрд теңгеге дейін) және басқа да жиһаздарға (+18,9 есе - 6,9 млрд теңгеге дейін) инвестициялар көлемін арттырудың арқасында мүмкін болды.
2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген. Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.
– Экономиканы көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвесторларға, отандық кәсіпкерлерге жағдай жасауға басымдық берудеміз. Мен кәсіпкерлерді күтіп отырмаймын, алдына өзім барамын. Тіпті, өңірде жобасын жүзеге асырғысы келетін кейбір кәсіпкерлерді әуежайдан өзім күтіп алып жүрмін. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Біз кәсіпорындарды көбейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды бастадық. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимаратты салу көзделіп отыр. Жалпы алаңы 66 528 шаршы метрге жетеді. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Мұнда шағын кәсіпорындар жұмысын бастайды. Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар – деген болатын Дархан Сатыбалды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат