Бейсенбі, 11 Сәуір 2024 20:36

Түркістанда жиһаз шығаратын жаңа зауыт ашылды

Түркістан облысында өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Таяуда облыс орталығы Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында жиһаз цехы ашылды. Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, өңірде инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Біз өңірді зерделеу барысында жиһаз кластерін дамытуға мүмкіндік мол екенін білдік. Жиһаз өндірушілермен кездесіп, осы саланы дамыту жолын қарастырдық. Қолдауды күшейтіп, бүгін, міне «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынған Brownfield өндірістік ғимаратында жиһаз цехы іске қосылуда. Осы жобаны жүзеге асырған инвесторға алғысымызды айтамыз, кәсіпорын жұмысына сәттілік тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.

Жиһаз цехы жобасының жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құраған. 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған цех күніне 600 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Аталған цех облыс мектептерін, балабақшаларын, сонымен бірге, өңірде ашылып жатқан ғимараттарды толықтай жиһазбен қамтуға үлес қоспақ.

«Жалпы бірінші кезекте индустриалды аймақтардың жер мәселесі және оған қажетті инфрақұрылым бойынша бөлек-бөлек Жол карталарын әзірлеуіміз керек. Кәсіпкерлер мен инвесторлар біздің өңірде электр тарифі арзан емес екенін айтады. Инвесторлармен дұрыс жұмыс істеу қажет. Осыған байланысты тиісті басқармалар мен мекемелерден, басшылардан нақты ұсыныстар күтемін. Аудан, қала әкімдерінің негізгі индикаторларының бірі – инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы бағытта жұмысты жандандырыңыздар. Индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуге тиіс», – деген Дархан Сатыбалды индустриалды аймақтарды дамыту, жұмыс орындарын ашу мәселелері тұрақты түрде күн тәртібінде тұратынын айтты.

Сонымен бірге ірі компаниялар мен инвесторларға қолайлы жағдай жасап, Түркістан облысына шақыру керектігін жеткізді. Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Облыстық инвестиция және экспорт басқармасы, Облыстық құрылыс басқармасы мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС басшылары мен өкілдерінің пікірлері тыңдалды.

Өңір басшысы электр қуатына қатысты тарифті төмендету және реттеу жөнінде жауапты мекемелермен бірлесе жұмыс істеп, тиімді шешім шығаруды тапсырды. Сондай-ақ индустриалды аймақтарда жұмысты жандандыру, жаңа кәсіпорындарды ашу ісін күшейту жөнінде тапсырма берді. Индустриалды аймақтарды басқаратын компанияларды оңтайландырып, нақты нәтижеге жету жолында жұмыс істеуді жүктеді.

Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар. Олар Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан және Кентау қаласында орналасқан. Индустриалды аймақтарда құны 24,054 млрд. теңге болатын және 2614 жұмыс орнын құрайтын 56 жоба орналасқан. Оның ішінде құны 15,542 млрд. теңге болатын және 2087 жұмыс орнын құрайтын 40 жоба іске қосылып, жұмыс атқаруда. Биыл 266 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 7 жобаны іске қосу межеленген.

Өңірде «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда 365 гектар өнеркәсіптік аймағының инфрақұрылым жүйелерінің І және ІІІ кезеңдерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда бірнеше жоба жүзеге асыру бойынша нақты келісімдер бар. Алдағы уақытта арнайы экономикалық аймаққа ірі инвесторларды тарту көзделіп отыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 131 рет