Бейсенбі, 11 Сәуір 2024 21:02

Түркістан қаласында шұлық шығаратын кәсіпорын іске қосылды

«Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан «TURKISTAN» индустриалды аймағындағы Brownfield өндірістік ғимаратына инвесторлар тартылып, шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын кәсіпорны іске қосылды.

Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасымен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды танысып, кәсіпорынды аралап көрді. Бұл жобаның құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы. 30 жұмыс орны ашылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен инвесторларға арнайы жер ұсынылған. Өндірістік браунфилд ғимаратымен қамтылған.

Инвесторлар шұлық фабрикасы толық қуатына жеткен соң Түркістанда костюм шығаратын жобасын да жүзеге асырмақ. Бұл жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынады. Күніне 500 костюм тігіледі деп күтіліп отыр. Бүгін аталған жоба да таныстырылып, өнімдер жұртшылық назарына ұсынылды.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2023 жылы Қытай Халық Республикасына іссапармен барып, инвесторлармен келіссөздер жүргізген болатын. Сол келіссөздер нәтижесінде өңірде бірқатар жоба жүзеге асады деп жоспарланған.

БылтырТүркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 трлн. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2 есеге артып, 867 млрд.теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 млрд. теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды.

Түркістан қаласын дамыту, өңірді өркендтету бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі (1,8 трлн.тг. үлесі 64%). 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9347 жұмыс орны құрылды. Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Облыс 5 айда 196, 1 млрд. теңге инвестиция тартып, өсім қарқыны бойынша республикада алдыңғы орында тұр.

Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 15 рет