Жексенбі, 14 Сәуір 2024 09:12

Түркістан облысында сүт кластері бойынша маңызды 3 жоба жүзеге асырылып жатыр

Түркістан облысының өнеркәсіп саласы дамып келеді. Осы тұрғыда облыс әкімдігінің қолдауымен «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан бірнеше ауқымды жоба қолға алынған. Соның бірі – 1200 сүт-тауар фермасын салу жобасы.

Таяуда өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «БНК АГРО КЗ» ЖШС құрылысын аралап көрді. – Облыс экономикасы үшін маңызды жобаларға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Өңдеу өнеркәсібін өркендету – міндетіміз, – деді облыс әкімі.

Жобаның құны 3,3 млрд теңгені құрайды. Мақұлданған қаражатқа сүт-тауарлы фермасының жабдықтары Түркиядан әкелінуде. Ал Даниядан ірі қара сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңына қажетті металл конструкциялардың 80% жеткізілді. «Қотырбұлақ» электр станциясынан ұзақтығы 5 км электр желісі тартылып, қуаттылығы 250 КВт және 100 КВт болатын 2 трансформатор орнатылды. Учаскеде 8 бірлік ұңғыма бұрғыланды.

Бұған дейін бірінші қораның іргетасын құю аяқталып, қораның еден жабыны құйылған. Қазір конструкциясы мен екінші Сүт сауу залы фермасының конструкциясы жинақталуда. Сондай-ақ үшінші қораның іргетасы мен еден жабыны, төртінші қораның іргетасы құйылып жатыр.

Сүт-тауар фермасын жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын 1 322 га суармалы егістік алқабына жоңышқа, жүгері, бидай дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ферма аумағында 80 га жерде 2 дана жаңбырлатып суару машиналары орнатылуда. Кәсіпорын қажетті ауылшаруашылық техникалармен толық қамтылған.

Бұдан бөлек облыста жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссиясы тағы 2 жобаны қаржыландыруды мақұлдаған. Оның бірі – «Бөрте Милка» ЖШС, яғни 403 басқа сүт тауарлы фермасын ұлғайту жобасы. Жобаның жалпы құны – 2,8 мрд теңге. Қазіргі уақытта ферманың жаңа ғимаратының іргетасы аяқталуға жақын. Сондай-ақ жем-шөп сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде. Қора конструкцияларына қажетті құрылыс материалдары толық көлемде сатып алынды. Ордабасы ауданындағы бұл жоба биыл сәуір айында іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 2 700 тонна сүт өндірілмек.

Сауран ауданында да сүт фермасы салынады. «Sultan Agro Group» ЖШС-нің 600 бас сүт-тауар фермасын салу жобасының құны 4,3 млрд теңгені құрайды. Қазіргі кезде қажетті жабдықтар мен техникалар алынған. Ферма іргетасының құрылыс жұмыстары, металл конструкцияларын дайындау, электр желілерін тарту және сумен қамтамасыз ету жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жоба биыл мамыр айында іске қосылып, жылына 5000 тонна сүт өндіреді, сондай-ақ 50 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық саладағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру моделін, оның ішінде сүт-тауар фермаларын ашу тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде кеңейту мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Түркістан облысында сүт-тауар фермаларын ашу жобалары жүзеге асырылуда. Аталған мақсатқа сүт-тауарлы фермаларын жеңілдетілген несиелеуге 6 млрд. теңге қаржы қаралып «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы несиелендірілетін болады.

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеп жатыр. Өңірдің 1 миллионға жуық ауыл тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өткен болатын. Осы тұрғыда Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде. Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеден асты. Өнімділікті арттыруда жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары жасалды. Суғармалы жерді тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына өту, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 млрд. теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі

Былтыр көктемде отандық тауар өндірушілердің, соның ішінде Түркістан облысындағы тауар өндірушілердің қатысуымен агрофорум өткені белгілі. Форумда Түркістан облысы әкімдігі мен отандық және шетелдік инвесторлармен агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 257 млрд. теңгені құрайтын 10 келісім меморандумына қол қойылған еді. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ. Қызанақ өнімдерін өндіру және май комбинатын салу кластерін құру бойынша «Русагро» АҚ-мен, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін крахмал-сірне зауытын салу бойынша «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС-мен, Арыс қаласында және Сайрам ауданында ет кластерін құру бойынша «Turkestan Agro.kz» ЖШС-мен, Мақтаарал ауданында мақта-тоқыма кластерін құру бойынша «Global Textile Solutions» компаниясымен меморандумдар жасалды. «Түркістан» индустриалды аймағында шұлық және костюм шығару жобасы, Өзбекстанға ет экспорттау, Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеу зауытын салу, Қырғызстанның Ош облысымен іскерлік және ынтымақтастық байланыстарды нығайту Жол картасы бойынша да меморандумдарға қол қойылды.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 336 млрд. теңгеге жеке инвестициялар тартылды. Жалпы, республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз етуде облыс алдынғы қатарларда. Өндірілген мақтаның 100 пайызы, жүзімнің 74 пайызы, бақшаның 59 пайызы, жеміс-жидектің 35 пайызы, мақсарының 29 пайызы, жүгерінің 26 пайызы, көкөністің 24 пайызы және еттің 11,4 пайызы, сүттің 12 пайызы – Түркістан облысының үлесінде.

Облыста барлығы 875 мың гектар егіс алқабы бар, қазіргі уақытта оның 98 пайызы пайдаланылып жатыр. Қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Бұл салада өнімділік 5 есеге артып, бір гектардан 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда. Қазіргі уақытта, облыстағы қарқынды баулардың көлемі 4,6 мың гектарды құрайды. Өңірде жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайлы Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарынан 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектар жаңа жылыжай кешендерін жүзеге асыру жобасы әзірленіп, жүзеге асады.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы рентабельді дақылдарға алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстың оңтүстік аймақтарында қосымша 2 мың гектарға дәндік жүгері, 1 мың гектарға бұршақты дақыл (маш) егіледі. Аталған дақылдарды өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету үшін Шардара ауданында құны 26 млрд. теңгеге («Шардара-Агро» ЖШС) жүгері өңдейтін кәсіпорын ашылады. Бұл зауытта Түркия және Франция елдерінің технологиясымен жылына 100 мың тонна жүгері өңделеді. Мақта-тоқыма кластерін дамыту бағытында 2027 жылға дейін облыста 12 кәсіпорын ашып, мақта талшығының 100 пайызын терең өндеуден өткізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Қазақстанда жасалған» (Made in KZ) жалпыұлттық жобасын іске қосу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдау және өндірісті дамыту, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Түркістан облысының әкімдігі, облыстың жергілікті тауар өндірушілері мен сауда желілері арасында 7 үшжақты меморандум жасалды. Атап айтқанда: 7 тауар өндірушімен: «Бөрте милка» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС, «Ақжол» ЖШС, «Ордабасы құс» ЖШС, «Бес қара» ЖШС, «Айқан» ЖШС, Түркістан ет комбинаты ЖШС және 8 сауда желісімен: «Small», «Халық», «Магнум», «Бәйтерек», «Шаңырақ», «Нұрай», «Қазына», «Дастархан». Аталған жобалардың іске асырылуы өңірдің дамуына үлкен серпін береді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 34 рет