Жұма, 12 Сәуір 2024 22:33

Түркістан облысында бір күнде 2 кәсіпорын ашылып, 1 зауыттың капсуласы салынды

Түркістан облысында өндірісті дамыту, зауыттар ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Таяуда Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен инвесторлар арнайы қатысып, жұртшылықты құттықтады. Жобалар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Қытайға жұмыс сапары нәтижесінде жүзеге асты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғындарына жұмыс орындарын ашуға үлесін қосатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт құрылысы басталғалы тұр. «Panel Sistem KZT» компаниясының жобасының іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді. Біз инвестиция тарту, кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп отырмыз. Жұмыстар жалғасады. Бастамаға сәттілік және табыс тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.

Бұл маңызды әрі заманауи жобаның инвестициялық құны – 1,54 млрд теңге. Жаңадан 32-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Аталған зауыттың жылдық қуаттылығы – 250 мың шаршы метр. Онда сэндвич-панельдер, гофрленген қаңылтырлар, металл плиткалар және өзге де құрылысқа қажетті заттар шығарылады деп жоспарланған. Бүгінде зауыт салынатын жер бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кеткен.

Одан кейін «TURKISTAN» индустриалды 2 кәсіпорын ашылды. Олардың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, кәсіпорындардың жұмысына сәттілік тіледі. Ашылған жиһаз цехы жобасының жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құраған. 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған цех күніне 600 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Аталған цех облыс мектептерін, балабақшаларын, сонымен бірге, өңірде ашылып жатқан ғимараттарды толықтай жиһазбен қамтуға үлес қоспақ.

Ал «TURKISTAN» индустриалды аймағында Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасымен шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Бұл жобаның құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы. 30 жұмыс орны ашылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен инвесторларға арнайы жер ұсынылған. Өндірістік браунфилд ғимаратымен қамтылған.

Инвесторлар шұлық фабрикасы толық қуатына жеткен соң Түркістанда костьюм шығаратын жобасын да жүзеге асырмақ. Бұл жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынады. Күніне 500 костюм тігіледі деп күтіліп отыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2023 жылы Қытай Халық Республикасына іссапармен барып, инвесторлармен келіссөздер жүргізген болатын. Сол келіссөздер жемісін беріп, жобалар жоспарлануда.

Тағы бір жаңалық, Түркістанда пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды былтыр Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені көтерген болатын. Нәтижесінде, кәсіпорын іске қосылып, өнімін экспорттап жатыр. Сұраныс жоғары. Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады. Сонымен қатар мұнда ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарылады.

Бүгінде Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өңірдегі инвестициялық ахуалды және бизнес климатты жақсарту жұмыстары жалғасып келеді. Өткен жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3 орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсіп, жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашу маңызды екенін айтып отыр.

– Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар – дейді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, 2023 жылдың ІІІ тоқсанындағы көрсеткіш бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 492,0 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар (451 млн. АҚШ доллары) артығымен орындалды. 12 айдың қорытындысы 530,0 млн. АҚШ доллары болады деп күтіліп отыр. Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгегені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған.

Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасайды деп жоспарланып отыр.

Облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылыоң өсімге қол жеткізілді. Өңірде 207 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті. Бұл – 9 айдың көрсеткіші, 12 ай нәтижесімен 1,6 трлн. теңгеге жетеді деп болжанып отыр.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбековтің мәлімдеуінше 2023 жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 180 өтініш түскенін, 80 сұрақ оң шешімін тауып, 960 млн. теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалғанын мәлімдеді. 1 241 кәсіпкерге 1 300 қызмет көрсетілген. Жалпы 556 жоба сүйемелденіп, 360 салықтық есеп тапсырылды, 170 бизнес-жоспар әзірленген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Бір сөзбен айтқанда, билік тарапынан ел экономикасын көтерудің барлық алғышарты пысықталды. Енді өңірлерде жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, Президент тапсырмасын сәтімен іске асыру керек.

Қазақстан шетелдік инвестиция тарту жағынан әлемде үздік ондықтың қатарында. Алтыншы орында. Халықаралық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. «FDI Intelligence» талдау орталығы Азия, Африка, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикалық өсімін зерттеген. Рейтингте Азия елдері көш бастап тұр.

Еліміз инвестиция көлемі бойынша посткеңестік кеңістікте көш бастап тұр. Орталық Азия елдеріне тартылған барлық инвестицияның 61 пайызы бүгінде Қазақстанға тиесілі. Пандемия кезінде де негізгі капиталға салынған қаржы 17,2 млрд долларға жетті. Ал былтыр бірінші жарты жылдықта ел экономикасына 13,3 млрд доллары көлемінде инвестиция құйылған. Қаражаттың көбі Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай елдерінен тартылды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 145 рет