Бейсенбі, 11 Сәуір 2024 22:51

Түркістан: Шардарада инвестициялық жобаларды көбейту керек

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен отырыс өткізді. Мәжілісте Шардара ауданың экономикасын көтеру жолдары талқыланды. Өткен жылы ауданды дамыту бағытында атқарылған жемісті жұмыстар мен кездескен кемшіліктер сараланды. Облыс әкімі кемшіліктерді уақтылы қалпына келтіріп, жоспарларды жүйелеуді тапсырды.

– Ауданда суармалы жер бар. Орналасқан жері де кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай жатырсыздар. Терең ойланып, аянбау жұмыс істеу керек. Облыстың бағытын білесіздер. Ол – өндіріс орындарының санын арттыру. Жол, әлеуметтік нысандар салына береді. Ол міндет орындалуда. Бірақ кәсіпкерлік, өндіріс дамыса ғана жұмыс орындары ашылып, ел дамуы тұрақты болады. Ауданға инвестиция тарту арқылы кәсіпорындар ашу, жағажай туризмін дамыту, ауыл шаруашылығы саласын көтеру бағытында жұмысты күшейтіңіздер. Балық, тауық шаруашылығын да дамыту қажет. Инвесторлармен, кәсіпкерлермен дос болып, үнемі байланыста жүріп, қолдау көрсеткен жөн. Жұмыс орындарын ашу үшін осы бағытта жұмысты күшейту керек – деген Дархан Сатыбалды жолдарды сапалы жөндеу, білім саласындағы былықтарды жою, денсаулық сақтау саласындағы жұмысты жүйелеу жөнінде тапсырма берді.

Актив отырысында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев ауданда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстарды зерделеу нәтижесі туралы баяндады.Ауданда бірқатар салада индикаторлар орындалмаған. Өзіндік кірісті арттыру, жеңіл өнеркәсіпті дамытуда көрсеткіш төмен. Жиында Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басшыларға Шардара ауданының экономикасын дамыту жөнінде жүктелген тапсырмаларды тиісті деңгейде орындауға уақыт берді. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді.

Жалпы, кейбір салаларда даму бар екенін де айта кеткен жөн. Мәселен, Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Соның бірі – Сүткент ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы. 40 га аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2021 жылы іске қосылған. Мұнда жайын, тұқы, сазан, ақ амур, дөнмаңдай балық түрлері өсіріледі. Арнайы күтіммен өсірілген балықтар Ресей еліне экспортталуда. Өткен жылы 160 тонна балық өндірілсе, биыл 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Болашақ» шаруа қожалығы директорының орынбасары Мұхтар Байқошқаров 28 млн. теңге субсидия берілгенін айтып, биыл шаруа қожалық өнімін арттыру үшін мемлекеттен 250 млн. теңге жеңілдетілген несиеге өтініш бергенін жеткізді.

Сондайқ, Шардара ауданындағы Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығында табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.

Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген. 

Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 6640 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елімізде балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама аясында 2030 жылы облыста балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу межесі тұр. Биыл өңірде 7000 тоннадан астам тауарлы балық өндіру көзделіп отыр. Бүгінде аталған жоспарды орындау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы тауарлы балық өндіруден республика бойынша көш басында. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Мәселен, акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, толығымен игерілді. Бұдан бөлек инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылғы жылға республикалық бюджеттен 226,2 млн. теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыста балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде, 4 шаруашылыққа 1,6 млрд. теңге несие беру қолдау тапқан.

Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 84 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Жалпы тауарлы балық өсірумен 130-ға жуық кәсіпкерлік субъектісі айналысады.Айта кетейік, 2022-2023 жылдары Алматы облысында орналасқан Балық мектебін облыстың 76-ы кәсіпкері бітірген. Ал Шардара ауданында орналасқан «Хамит» ауыл өндірістік коперативін 86 кәсіпкер тәмамдаған. Қазіргі таңда кәсіпкерлер балық өсіру шаруашылығын құруға қолдау көрсетіп отыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 14 рет