Жексенбі, 14 Сәуір 2024 15:03

Биыл Түркістан облысында бірнеше кәсіпорын ашылады

Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Жобалар өңірлік инвестициялық штабтың отырысында тұрақты талқыланады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен инвестштабтың кезекті отырысында 9 жобаның жай-күйі талқыланды.

Әрбір инвестордың есебі, жұмыс барысы, жоспары және мәселелері мен ұсыныстары тыңдалды. Штаб отырысын облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жүргізіп отырды. Өңір басшысы жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдіктеріне инвестрларды сүймелдеу жұмысын сапалы жүргізуді тапсырды.

– Инфрақұрылым, жер және өзге де мәселелер бойынша инвесторларға қолдау көрсетіңіздер. Ал инвесторлар және кәсіпкерлер! Кедергі болып жатқан мәселелеріңізді ашық айтыңыздар. Соны тыңдап, көмектесу үшін жиналып отырмыз. Әкімдік тарапынан не атқарылуы керек? Біз өз міндетімізді орындаймыз. Кәсіпкерлер де өздері бастаған жобаларын созбалаңға салмай уақтылы жүзеге асыруы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында «КАТКО» ЖШС, «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС, «Gen Group Kazakhstan» ЖШС, «KAZPLAST» ЖШС, «Корпорация «ERNUR» ЖШС, «MEGA AGAT» ЖШС, «Тауэнерго» ЖШС және «Сұлтан-Агро» ЖШС-нің басшылары мен өкілдері жұмыс барысы туралы баяндады.

Инвесторлардың айтуынша, Созақ ауданындағы уран өңдейтін зауыт құрылысы бойынша жұмыстар басталған. Ал Арыста Франциялық инвестордың көмегімен электровоз жөндейтін сервистік орталық салу жоспарланып отыр. Жоба құны – 2,5 млрд. теңге. 100 жұмыс орны ашылады. Келестегі алып жылыжайдың құрылысы да жүріп жатыр. Инфрақұрылымы тартылуда. Жоба іске қосылған соң 700 адам жұмыспен қамтылады. Сайрамда жылына 4 мың тоннадан астам өнім өндіретін жылыжай құрылысы қолға алынған. 150 адам жұмыспен қамтылмақ. Төлеби ауданында үлкен тігін цехы салынуда. Қазір ғимарат тұрғызылған.

Инфрақұрылымға қатысты мәселелері бар. Ол бақылауға алынды. Жылына 150 мың дана киім тігетін кәсіпорында 150 жұмыс орны ашылады. Биыл жұмысын бастайды деп күтіліп отыр.

Инвестштаб отырысында Бәйдібектегі құс фабрикасы, Арыстағы көліктік-логистикалық орталығын салу барысы да талқыланды. Арыстық инвестордың айтуынша, негізгі ғимарат бой көтеруде. Биыл бірінші тоқсанда тапсырылмақ. Тоғыз жолдың торабындағы Арысты «құрлықтағы портқа», яғни, ірі сауда орталығына айналдыру көзделіп отыр.

Төлебидегі су электр станциясы мен Саурандағы сүт фермасының құрылысы да қарқынды. Сүт фермасына Шығыс Еуропадан сүтті сиырлар әкелінеді. Жоба құны – 3,2 млрд. теңге. 40 адам жұмыспен қамтылады. Аталған инвестициялық жобалардың біразы биыл жүзеге асады. Ол жұмыстар бақылауға алынып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді.

Бәйдібек ауданындағы травертинді әрлеу тастарын өңдеу жобаларын жүзеге асырушы инвесторлар да мәселелері мен өтініштерін айтты. Ол назарға алынып, жер мен электр мәселесі шешілетін болды. Сауран ауданындағы тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын зауыт салу бойынша украиналық «UBC BG» ЖШС өкілі айтып берді. Сонымен бірге өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен.

Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынуда. Жобаның инвестициялық құны – 100 млрд теңге. 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).

Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылған.

Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 млрд теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Түркістан облысында осы салаға 1,4 млрд теңге инвестицияланған. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, бір жылда саладағы инвестиция көлемі тоғыз еседен астам (9,1) өсім көрсетіп отыр. Мұндай жоғары көрсеткіштер кеңселер мен сауда кәсіпорындары үшін жиһаз өндірісіне (+5,8 есе - 6,3 млрд теңгеге дейін) және басқа да жиһаздарға (+18,9 есе - 6,9 млрд теңгеге дейін) инвестициялар көлемін арттырудың арқасында мүмкін болды.

2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген.  Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.

– Экономиканы көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвесторларға, отандық кәсіпкерлерге жағдай жасауға басымдық берудеміз. Мен кәсіпкерлерді күтіп отырмаймын, алдына өзім барамын. Тіпті, өңірде жобасын жүзеге асырғысы келетін кейбір кәсіпкерлерді әуежайдан өзім күтіп алып жүрмін. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Біз кәсіпорындарды көбейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды бастадық. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимаратты салу көзделіп отыр. Жалпы алаңы 66 528 шаршы метрге жетеді. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Мұнда шағын кәсіпорындар жұмысын бастайды. Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар – деген болатын Дархан Сатыбалды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 26 рет