Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024 12:38

Түркістан: облыс әкімінің орынбасары Арыс қаласында салынып жатқан жаңа нысандарды аралады

Бүгін Арыс қаласына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров арнайы іссапармен барып, жаңа нысандардың құрылыс жұмыстармен танысты. Аралау барысында Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова қалада салынып жатқан нысандар мен атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Бүгінде қалаға кіреберіс Дендросаябақ аумағында жеке инвестор есебінен 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынуда. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме «Shymkent Build» ЖШС. Облыс әкімінің орынбасары тұрғын үй алаңында болып, жауаптыларға құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында атқарылуын ескертті.

Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары Арыстағы бірегей транспорт-логистикалық орталығының құрылыс алаңына барды. «Mega-Agat» компаниясы салып жатқан қойманың көлемі 17 000 шаршы метрді құрайды. Қойманың 14 000 мың шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналса, 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтайтын орын болмақ. Бүгінде қойманың құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Айта кетейік, аталған кәсіпорын аумағында құны 600 млн теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа қойма іске қосылғанда, жергілікті диқандар астықты қала төңірегінде сақтап, тиімді бағада нарыққа шығара алады. Жаңа астық сақтау қоймасы арқылы қосымша шығындар азайып, баға тұрақтылығы орындалады деп күтілуде.

Арыс қаласындағы инвестиция тарту бағытында атқарылған ілкімді тірліктерге тоқтала кетсек. Орта Азия қақпасы атанған Арыс қаласы тоғыз жолдың торабында орналасқан теміржолшылардың қаласы екені бұрыннан белгілі. Өзіндік даму жолы бар облыстағы ірі аймақтардың бірі.

Арыс қаласына 56 млрд. теңгеге инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 42 инвестициялық жоба іске асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Табысты жобалар мен инвестициялар үшін тартымды қалаға айналып келе жатқан Арыс қаласында биылдың өзінде 19,4 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Соның нәтижесінде, жаңадан 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Бұл — Арыс қаласының инвестор үшін игілікті өңірге айналғанының тағы бір дәлелі. Арыста жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 432 миллион теңгеге түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, жеке кәсіпкер Шағыр елді мекенінде аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын спорт және балалар алаңшасын сыйға тартқан. Таптырмас спорт нысанының жалпы құны 30 миллион теңге.

Талдықұдық елді мекенінен тағы бір демеуші есебінен құны 5 миллион теңгеге спорт алаңшасы салынды. Ал қала орталығынан жеке кәсіпкер 280 миллион теңгеге жаңа саябақ құрылысын жүргізіп жатыр. Демалыс аймағында аптап ыстықта жанға сая болар 450 түптен астам ағаш отырғызылған. Сонымен қатар жарықтандыру мен суару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Және тұрғындар үшін заманауи, жаттығу құрылғылары бар спорт алаңы салынды. Бұған қоса балаларға арналған екі ойын алаңы орнатылған. Саябақ толық абаттандырылған.

Демеушілер тарапынан жүзеге асырылатын тағы бір жобаның бірі – заманауи спорт кешені. Биыл құрылысы басталған кешеннің жалпы құны 100 миллион теңгені құрайды. Мұнда бір мезетте 100-ден аса бала түрлі спортпен шұғылдануға мүмкіндік туады.

Бірегей транспорттық-логистикалық орталық — баға тұрақтылығының кепілі. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды сақтауға арналған қойма – баға тұрақтылығының кепілі болмақ. Таратып айтсақ. «MEGA-AGAT» компаниясына тиесілі мұндай жобаның құны 4 млрд. теңгені құрайды. Нысан соңғы үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталады. Кешеннің тоғыз жол торабы саналатын Арыста орналасуы көптеген мүмкіндіктерге жол ашпақ. Яғни, Еуропаның «А» стандартына сәйкес болатын кешен ерекшелігі – көршілес ТМД елдерінен бөлек, алыс-жақын Азия, Еуропа мемлекеттерімен тауар айналымын күшейту арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру.

6 гектар аумақта орналасқан қойманың көлемі 17 000 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 14 000 мың шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналса, 3 мың шаршы метрі — желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға шақталған қойма. Яғни кешенге өнімнің тауарлық қасиеттерін жоғалтпай ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдықтар орнатылады. Соның арқасында, көкөніс қоймасы кәсіпкердің өз өнімін де, көршілес аудандар мен ауылдардағы шаруа қожалықтарының өнімін де ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға жол ашылады.

Сонымен қатар аталған кәсіпорын аумағында құны 600 миллион теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа қойма іске қосылғанда, жергілікті диқандар Арыстан алысқа шықпай-ақ, астықты осында сақтап, тиімді бағада нарыққа шығаруға жағдай жасалынбақ. Яғни, жаңа астық сақтау қоймасы арқылы қосымша шығындар азаяды, ол түптеп келгенде бағаның тұрақтануына мүмкіндік беретін болады.

Арыс қаласының өндірістік аймағы да жоқ емес. Мұнда болашақта бірнеше ірі өнеркәсіп орындарын ашу көзделген. Халықтың табысын арттыру мақсатында бірнеше жоба қолға алынбақ. Атап айтқанда, қой жүнін өңдеу арқылы биотыңайтқыш өндіру жүзеге асырыла бастады. Мал бордақылау алаңы салынады.

Арыс станциясының локомотив депосы базасында құрылған ірі теміржол кәсіпорнына келсек, мұнда бір жылдың ішінде 3 мыңнан астам жолаушылар вагоны мен локомотивке деполық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеп, техникалық қызмет көрсетуден басқа электровоздарға сервистік қызмет көрсетеді. Кәсіпорында 400-ден астам адам жұмыс істейді.

Арыс қаласында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 бағыт бойынша тұрғындардың 2,5 пайызбен несие алуы 5 ауылдық округте іске асырылып отыр. Сондай-ақ мал бордақылау, сүт өндіру бағытында 5 ауыл шаруашылығы өндірістік коопертиві құрылды. Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ақдала, Дермене ауылдық округінен 81 жоба қабылданып, 300 миллион теңгеге 63 жоба қаржыландырылған.

Жауаптылардың мәліметтеріне қарағанда, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6600-ден асып, оларда 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Арыс қаласы бойынша алдыңғы жылы 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Арыс қаласында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында 2 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар 5 мектептің қосымша корпустарына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлердің есебінен 3 жаңа мектеп және 5 балабақша ашылады деп жоспарланып отыр екен. 2024 жылы инвестор есебінен автобустар жаңартылатын болады.

Арыс қаласы мен елді мекендерді көгалдандыру мақсатында былтыр 1 гектар жер телімі бөлініп, тұқымбақ құрылды. Қазіргі таңда тамшылатып суғару әдісімен 80 мың дана жас көшеттер өсуде.

Қаладағы жұмыссыз отбасыларға егіншілікпен айналысуға жағдай жасау мақсатында Арыс қаласында жалпы көлемі 50 гектар жер қоршалып, 2 ұңғыма қазылып, арнайы су жинайтын 60 тонналық құрылғы қойылды. Аз қамтылған әр отбасыға жарты гектар (0,5) жер телімі берілетін болады. Нәтижесінде бұл отбасылар өзін-өзі жұмыспен қамтиды. Жоба өз тиімділігін көрсеткен жағдайда, жер телімі 100 гектарға дейін ұлғайтылатын болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 113 рет