Дүйсенбі, 15 Сәуір 2024 10:07

Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысушылар қатары артып келеді

Түркістан облысында жасанды жолмен балық өсіру саласының потенциалы өте жоғары. Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне сәйкес, 2021 жылы – 5706,9 тонна, 2022 – 6120 тонна, 2023 жылы – 6660 тонна тауарлы балық өндірілді.

Мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Мәселен, 2023 жылы облыстық бюджеттен акваөсірудің өнім сапасын арттыру мақсатында 31 кәсіпкерге 500,0 млн. теңге, республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезіндегі балық шаруашылығы субъектілерінің шығыстарын өтеу бойынша 7 кәсіпкерге 123,8 млн. теңге субсидия берілді. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ-на 14 кәсіпкермен 5,4 млрд. теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынылып, 5 кәсіпкерге 3,7 млрд. теңге несие беру мақұлданды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, облыс әкімдігімен «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілді. Яғни, 2030 жылға дейін, 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20,0 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін – 2 есеге, 7,0 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін – 100% дейін жеткізу көзделген.

Бағдарлама аясында, кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін бекітіліп берілген 2 балық шаруашылығы су айдындары балық өсіруді (акваөсіруді) жүргізуге арналған балық шаруашылығы су айдындарына ауыстырылды. Сондай-ақ бағдарлама бойынша биылғы жылы 24 тоғандық балық өсіру шаруашылығы тіркеліп, 68 жұмыс орны ашылды. Конкурстық негізде резервтегі көлде-тауарлы балық өсіру мақсатындағы 2 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны бекітіліп берілді.

2023-2024 жылдарға облыс аумағындағы орналасқан кәсіпшілік балық шаруашылығы су айдындарына 3070 тонна квота бөлініп, балық аулау жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 35 кәсіпкерге 249,5 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді. Жасанды балық өсіру шаруашылықтарын құру бойынша қызығушылық танытқан бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға шаруашылық құру алгоритімін түсіндіру жұмыстары жергілікті атқарушы орган және балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, тұрақты жүргізілуде.

Айта кетейік, облыста республикалық және жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының саны – 112 бірлік. Оның ішінде 25 су айдын кәсіпшілік балық шаруашылығы үшін және 69 су айдын көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген.

Осы тұста Түркістан облысындағы балық шаруашылығы дамып келе жатқан аудандардағы шаруашылықтар туралы айта кетсек. Мәселен, Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Соның бірі – Сүткент ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы. 40 га аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2021 жылы іске қосылған. Мұнда жайын, тұқы, сазан, ақ амур, дөнмаңдай балық түрлері өсіріледі. Арнайы күтіммен өсірілген балықтар Ресей еліне экспортталуда. Өткен жылы 160 тонна балық өндірілсе, биыл 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Болашақ» шаруа қожалығы директорының орынбасары Мұхтар Байқошқаров 28 млн. теңге субсидия берілгенін айтады. Былтыр шаруа қожалық өнімін арттыру үшін мемлекеттен 250 млн. теңге жеңілдетілген несиеге өтініш берген.

Шардара ауданындағы келесі нысан – Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығы. Мұнда табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие.«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.

Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген. 

Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 6640 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ, былтыр Сайрам ауданы, Көлкент демалыс орнында Алматы облысының «Балық мектеп» ЖШС, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және облыстың тауарлы балық өсірушілерінің ұйымдастыруымен «Балыққа өмір сыйла» атты республикалық форум өтті. Форумға облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Серманизов, Түркістан облысы табиғи ресрустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Алматы облысындағы «Балық мектеп» ЖШС-нің негізін қалаушы, балық шаруашылығы кәсіпкері Марлен Тұрсынәлі және балық шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген ірі шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлер мен балық өсіруге қызығушылық танытқан 300-ге жуық адам қатысты.Мұндай форумның Түркістан облысында өтуі өңірдегі балық шаруашылығы мен ішкі туризмінің тұрақты дамуына оң ықпалын тигізері сөзсіз.

Балық өсіру шаруашылықтарының экономикалық тиімділігін жоғарылату – бүгінде еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидиялар беру және салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыстың аудан, қала әкімдіктерінде балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, 250-ге жуық балық өсіру шаруашылығын ашу жоспарланып отыр. Түркістан облысының су айдындарының орналасуы мен климаттық жағдайлары балық шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы өңірлердің бірі болып саналады. 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 42 рет