Сейсенбі, 16 Сәуір 2024 10:07

Түркістан облысында су қоймалар салынып, каналдар бетондалып жатыр

Түркістан облысында су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасады. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды.

«Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, жылына 31,0 млн. м3 ағын су қосымша жеткізілуде. Ал «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды.

Нәтижесінде бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 млн. м3 ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалар мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ескертті.

– Біз шаруаларды ағын сумен қамтитын жобаларға қолдау көрсетеміз. Бірақ әрбір нысанды құрылыс басқармасымен бірге ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан, қала әкімдері зерделеп барып салуы тиіс. Жобалардың нақты қанша гектар жердің жағдайын жақсартатынын алдын ала зерттеп, елге нақты пайдасы тиетіндей жүзеге асыру керек. Су үнемдеу технологиясын енгізу – заман талабы. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Каналдарды жөндеу мәселесі де бақылауда болады, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырмалар берді.

Жиында су нысандарының құрылысы бойынша Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов пен Құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің есептері тыңдалды. Қазіргі таңда өңірде 3 су нысанының құрылысы жүргізілуде. Олар: «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы, «Қараспан» магистральдық каналын күрделі жөндеу» жобасы және «Қараспан» су торабын күрделі жөндеу» жобасы.

Өңір басшысының қолдауымен облыстық бюджет есебінен су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғаюда. 2023 жылы 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың га суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 7,8 мың га суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың га жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. 2023 жылы «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен аудан-қала аумағындағы жалпы ұзындығы 689,7 шақырымды құрайтын 187 дана су нысанына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 48,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі, 1,6 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.

Жалпы, Түркістан облысында су шаруашылығын дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Су қоймалары мен тоғандарға ағымдағы жөндеулер де жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, былтыр Ордабасы ауданында орналасқан «Бөген» су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Стратегиялық маңызы бар нысандарда жыл сайын арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Соған сәйкес, су қоймасында тиісті шаралар қолға алынды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Бөген» су қоймасының жай-күйімен танысып, жөндеу жұмыстарының барысын бақылау үшін арнайы барып, тексеріп те қайтқан болатын.

Облыс басшысы сол сапарында жауапты сала басшыларын мұқият тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Нысанды мерзімінде сапалы етіп тапсыру талабын қойды. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлуді тапсырды.– Стратегиялық маңызы бар нысанның жөндеу жұмыстары аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өңірдің ауыл шаруашылығы үшін су қойманың берері мол. Сондықтан жауаптыларға қойылар талап та күшті. Қауіпсіздікті сақтау – басты мақсатымыз. Жөндеу жұмыстарының әр сатысы жан – жақты әрі тұрақты бақылауда болады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар) және 70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. 1967 жылы салынған «Бөген» су қоймасы су шаруашылығы нысандары стратегиялық объектілер тізбесіне жатқызылған. Аумағы – 65 км2, ұзындығы 13 км, ені 6 км, тереңдігі 15 м. Бөген су қоймасының су сыйымдылығы – 370 млн текше метр. Арыс, Бөген өзендерінің суымен толығады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 26 рет