Сейсенбі, 16 Сәуір 2024 15:58

Түркістан: «Ауыл аманаты» жобасымен кәсібін ашып жатқан тұрғындар саны артуда

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Былтыр республикалық бюджеттен Түркістан облысына бағдарлама аясында 19,7 млрд теңге қаржы бөлінді. 2023 жылдың соңына дейін аталған қаражат толық игеріліп, 3 215 несие алушы қаржыландырылды. Нәтижесінде 3517 жаңа жұмыс орны ашылды.

Халықтың ауылда еңбек етіп, тұрақтауына, сондай-ақ жұмыссыздар санының азайып, тұрғындар табысының артуына серпін берген бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы саласының дамуына да үлесін қосуда. Аудан тұрғындары жеңілдетілген несие алу арқылы кәсіптерін ашып, дөңгелетіп отыр. Солардың бірі – саурандық жеке кәсіпкер Ахматжан Мамитов өткен жылы Қарашық ауылдық округінен жылыжай салып, қияр өсіруді қолға алмақ. Бүгінде 0,045 гектарға жылыжай салып, өнім өндіру бағытында дайындық жұмыстарын бастаған. Ол 2023 жылы кәсібін дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 %-бен 6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейтуге қаражат салған.

Бүгінде халық жылыжай салу арқылы төрт маусымда да қажетті көкөніс алуға бейімделуде. Алдағы уақытта кәсіпкер, арнайы табысқа қол жеткізуге бағытталған ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялармен қиярды отырғызып, жыл бойы өнім алуды жоспарлауда.

Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, шаруасын шалқытып отырғандардың бірі Отырар ауданы, Қарғалы ауыл округінің тұрғыны Айдар Жүнісбай. Жеке кәсіпкер ретінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен 3 миллион теңге несие алған кәсіпкер Жамбыл облысынан сүт бағытындағы 6 дана бұзаулы сиыр сатып алды. Бүгінде бұл жерлесіміз әрбір сиырдан 10-15 литр сүт алып, біршама табыс табуда. Алдағы уақытта осы кәсіптен мол табыс табуды жоспарлап отырған А.Жүнісбай сүт өнімдерінен құр, май, ірімшік секілді өнімдерді өндіруді көздеп отыр.

Жеке кәсіпкер Айдар Жүнісбай өз сөзінде: «Көптен бергі арманым жеке кәсіппен айналысып, табыс табу болатын. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сол арманым орындалып келеді. Маған көмектесіп, қолдау көрсеткен аудан басшыларына, аудандық кәсіпкерлік палатасының мамандарына алғысым шексіз», – дейді.

Жалпы, аталмыш бағдарлама аясында Қарғалы ауыл округінің 47 азаматы өз кәсіптерін дөңгелету мақсатында «Ырыс» МҚҰ-на ұсыныс берсе, қазіргі таңда 25 азаматтың өтініші мақұлданып, оларға бағдарлама аясында 132 миллион теңге қаражат берілді. Қалған азаматтардың да ұсыныстары жуық арада өз шешімін табуы тиіс.

«Ауыл аманаты» жобасы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасында бекіткен №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне өтінім берілген.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген болжам бар. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ.

Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.

«Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады», — дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбеков.

Аталған жоба арқылы Түркістан облысында 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 мдрд. теңгенің жобалары мақұлданған.

Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көрілмек.

Былтыр «AMANAT» партиясы 250 мыңнан астам ауыл тұрғындарын «Ауыл аманаты» жобасымен таныстырды. Арнайы құрылған мобильді топтар елдегі барлық өңірді аралап шықты. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті ақпарат пен түрлі мүмкіндік алды. Биыл сәуір айында шенеуніктер халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын бекітті. Осы құжат аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын.

Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. – несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; – несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; – номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады

 «Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау.  Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 124 рет