Бейсенбі, 18 Сәуір 2024 16:26

«Ауыл аманаты» жобасын Түркістан облысында жүзеге асыру барысы баяндалды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген мәжілісі өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жүргізген жиында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралды.

Бағдарламаның маңыздылығы мен күтілетін нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Қазақстан Республикасы Премъер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров хабарламалар жасады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының төрт негізгі бағдары бойынша бейнеконференция байланыс жүйесі арқылы республиканың бірқатар өңірі әкімдіктерінің есептері тыңдалды. Оның ішінде ауылдық кооперациялардың дамуы бойынша Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев есеп берді.

Парламент Мәжілісінің кеңейтілген мәжілісіне партияның Түркістан облыстық филиалынан онлайн байланыс жүйесі арқылы қосылған жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, «Түркістан» ӘКК» АҚ қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаев, «Ырыс» МҚҰ» басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев, партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірімізде нәтижелі іске асып жатқанын мәлімдеді. Өткен жылы республикалық бюджеттен қаралған 19,8 млрд. теңгеге егін, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлігін қолдау сынды 6 бағытты қаржыландыруға басымдық берілгенін атап өтті. Бағдарлама пилоттық режимде 16 ауданның 64 ауылдық округінде іске асырылып, жаңадан 75 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылғанын мәлімдеді.

«Ауыл аманатын» іске асырудың алғашқы жылының нәтижесінде ауылдық жерлерде 3256 жоба қаржыландырылып, 3413 жаңа жұмыс орындары құрылғанын, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі қосымша 30,0 млрд. теңгеге артады деп күтілетінін жария етті. Бағдарламаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық берілгенін, қаржыландырылған жобалар санатында 40 ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техникалық жабдықталу деңгейі артқанын атап өтті.

Бағдарламаны 2024 жылы жалғастыруға республикалық бюджеттен 13,2 млрд. теңге бөлінген. Жоспар бойынша бағдарламаға қатысушы ауылдық округтерде 62 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылмақ. Өңір көлемінде 1600 жобаға қолдау көрсетіліп, 3324 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Мемлекет басшысының су үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу тапсырмасы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8 мың гектар егістік алқапқа тамшылатып суару технологиялары енгізіледі деп жоспарланған. Бағдарламаға қатысушы ауылдық округтерде су үнемдеудің технологиялық шешімдеріне басымдық берілмек.

Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракцияның кеңейтілген отырысы барысында Парламент депутаттары, жиынға қатысқан сарапшылар атқарушы мемлекеттік органдарға сауалдар жолдап, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жиынды қорытындылаған Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруда Түркістан облысының ерекше белсенділігін атап өтіп, жұмысын оң бағалады.

Түркістан облысында өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС бірлесіп, аталған бағдарламаны іске асыру жұмыстарын жүзеге асырды. Бағдарлама аясында үлестірілген қаржының мақсатты жұмсалуын тексеру мақсатында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС мониторинг бөлімінің менеджерлері мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Шынын айту керек, «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарланғаны тағы бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

Төлеби ауданында да «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсібін іске асырып жатқан жеке шаруалар қатары күн санап артып келеді. Ауыл түрғындары мемлекеттің қолдауын пайдаланып, кәсібін дөңгелетуді көздеп, несие алған. Мәселен, Зертас елді мекенінің тұрғыны, бүгінде жеке кәсіпкер атанған азамат жаңа мүмкіндікті пайдаланып, қымыз және саумалымен сауықтыру орталығының жұмысын дамытпақ ниетте. Сонымен қатар алдағы уақытта сал ауруына шалдыққан балаларды үйретілген аттарға мінгізіп емдеуді де жоспарлап отыр.

Ал Көксәйек елді мекеніндегі жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан мал бордақылау ісін ұлғайтуды қолға алған. 7,5 миллион теңге несие алып, Жамбыл облысынан 22 бас ірі қара сатып алған ол алдағы уақытта қосымша жылқы бордақылауды жоспарлауда екен. Біреу білер, біреу білмес, Төлеби ауданында ағаш аралас көмір брикеттерін шығаратын цех ашылған. Мұндағы жеке кәсіпкер де жаңа бағдарламаның көмегімен кәсібін ұлғайтпаққа бел буған. Айтуынша, экологиялық тұрғыда тиімді тауардан түсетін табыс та жоғары көрінеді.

Көңіл бөлер жайт, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру қарқынды жүргізілуде. Жаңа жоба Түркістан өңірі үшін өте-мөте маңызды екені аян. Себебі, облыс тұрғындарының негізгі бөлігі ауылдық елдімекендерде өмір сүріп жатыр. Ал «Ауыл аманаты» осы орайда ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба екені сөзсіз. Жобаның тиімді шарттарының бірі – кредиттері бар және аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Ерекшелігі — бюджет қаражаты жұмсалмайды. Кепіл қажет емес, пайыздар жоқ. Сол себепті барлық ауыл тұрғындарын республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба белсенді атсалысып, табыс табуға шақырған болар едік.

Жалпы, облыс басшысы Дархан Сатыбалды аудан-қалаларды аралау барысында несие алуға ниет білдірген тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдап, жобаның маңыздылығын түсіндіріп-ақ келеді. Өйткені Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Төлеби ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Киелітас, Көксәйек ауылдық округтерінің азаматтарына несие беру жоспарланған болатын. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының сұранысы бойынша, Бірінші Мамыр және Қаратөбе ауылдық округтерінің азаматтары да аталған бағдарламаға енгізіліп отыр. Бүгінгі күнге 209 миллион теңгеге 37 азаматтың жобалары қаржыландырылды.

 

«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 13,9 миллиард теңге құрайтын 2 248 жобаға өтініш қабылғандан. Оның ішінде жалпы соммасы 9 миллиард теңгені құрайтын 1 611 жоба мақұлданып, 4,6 миллиард теңге құрайтын 852 жоба қаржыландырылды.

Сондай-ақ тігіншілікті кәсіп еткен кәсіпорындар да баршылық. Мәселен, Төлеби ауданындағы «KAZPLAST» ЖШС-ның тігін цехы. Ленгір қаласындағы цехта жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімдерін шығарады. Қазіргі таңда 200 жұмысшысы бар. 2024 жылы кәсіпорынды толық іске қосу жоспарланып отырған жайы бар. Бұл мақсатта мемлекеттен көмек алу жолдары қарастырылуы мүмкін.Бұдан бөлек «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша мемлекеттік грант алған азаматтар да Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса бастағанын ерекше атап өткен жөн.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 13 рет