Жұма, 19 Сәуір 2024 15:12

Түркістан: Дархан Сатыбалды түрік инвесторларымен кездесті

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркиядан келген инвесторлар – «Е.С.А SEREL» компаниялар тобының өкілдерімен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында зауыт ашу мәселесін талқылады. Бірегей жоба Мемлекет басшысының түркітілдес елдерді біріктіретін арнайы экономикалық аймақ құру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асуда. 

Жылыту қазандықтары мен керамика және сантехника өнімдерін шығаратын компаниялар тобына 19 компания кіреді. Оның ішінде 14 зауыт жұмыс істейді. 3,5 мыңнан астам азамат қызмет етеді. Компания басшылығынң айтуынша, құрылтайшылар табысының тең жартысын қайырымдылыққа, қалған жартысын инвестицияға жұмсайды.

– Түркия мен Түркістанды ежелгі тарихи тамырлар мен рухани көзқарастар байланыстырады. Түркия – еліміздің маңызды, стратегиялық және сенімді серіктесі. Түркістанды дамытудағы қазақ-түрік ынтымақтастығының маңыздылығы баршаға белгілі. Біздің басым бағыттарымыздың бірі – өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Бұл ретте Түркі мемлекеттерінен де инвестиция тартудың маңызы зор. Осы бағытта барлық мүмкіндікті қарастырып, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін сеніммен айтқым келеді. Алда тағы да ірі жобаларды қолға алуға атсалысамыз, – деді Дархан Сатыбалды. 

1951 жылы құрылған ірі компанияның құрылтайшылары – Елгинкан әулеті. Компания қазандықтардың түр-түрін шығарады.  Қабырғаға орнатылатын әрі сыйымдылығы жоғары қазандық түрлерінен басқа, оны жылыту және коммерциялық салқындату ерітінділерінің құрылғыларын, сифондар өндіру мен сатуды жүзеге асырады. Тауарлары әлемнің барлық елдеріне экспортталады. 

Бүкіл әлем бойынша Түркия экономикасын көтеруге қосқан үлесі үшін «Superbrands Turkey 2012» сыйлығымен марапатталған. Айта кетейік, Түркістан облысында түрік инвестицияларының қатысуымен 50-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асқан.

Айта кетейік, 2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3 орында тұр.

2023 жылдың ІІІ тоқсанындағы көрсеткіш бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 492,0 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар (451 млн. АҚШ доллары) артығымен орындалды. 12 айдың қорытындысы 530,0 млн. АҚШ доллары болады деп күтіліп отыр.

Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгегені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасайды деп жоспарланып отыр.

Облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылыоң өсімге қол жеткізілді. Өңірде 207 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті. Бұл – 9 айдың көрсеткіші, 12 ай нәтижесімен 1,6 трлн. теңгеге жетеді деп болжанып отыр.

Сондай-ақ, бүгінде Түркістан облысының даму стратегиясы дайындалып жатыр. Яғни, Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі.

Бұл мақсатта ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құжатты дайындау үш кезеңнен тұрады. Жоба жұмысына бір топ сарапшылар атсалысып жатыр. Маңызды құжатты дайындауда өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, дамыған елдер тәжірибелері де ескерілуде. Аталған құжатта 8 негізгі стратегиялық бағыт айқындалып, сол бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.

Стратегиялық құжатты әзірлеу барысы жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалық етуімен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиынға барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Қатысушылар жоспарды іске асыру мәселелерін және асырудың одан арғы қадамдары туралы өз ойларын ортаға салды. Жоба теңгерімді аумақтық даму, адами капиталдың сапасын арттыру, халыққа қолжетімді инфрақұрылым, халықтың табысын арттыру, тұрақты экономикалық өсу секілді стратегияны іске асыру алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге, басымдықтарды дамытуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатының тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Басты стратегиялық мақсат ретінде алдағы жылдарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы.Халықтың табысын арттыру – басты назарда. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берудің маңыздылығын айтты. Тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын жеткізді.

2023 жылғы  Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 11,4 млн. АҚШ долларын немесе 2022 жылғы қаңтар деңгейіне 98,5% құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 6 млн. АҚШ долларын немесе 171,1%, импорт – 5,4 млн. АҚШ долларын немесе 66,6% құрады. Сонымен қатар, өңір ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі жеткізушісі болып табылады. Облыстың үлкен артықшылығы — тез дамып келе жатқан және халқы тығыз орналасқан Ташкент елімен көршілес. Тиісті инфрақұрылымды дамыту кезінде шекара маңы ынтымақтастықтың ірі орталығына айналуы мүмкіндігі жоғары.  

Өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттары тау-кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру екені белгілі. Тау-кен өнеркәсібінің дамуы өнеркәсіптік айналымға перспективалы барит кендерін, мыс пен кенді емес пайдалы қазбаларды тартумен байланысты болады. экономикасының негізгі құраушы көзі  ауыл шаруашылығы (18,2%), өнеркәсіп (18,4%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (10,1%), құрылыс (9,2%), көлік және қоймалау (9,0%) болып табылады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 40 рет