Сенбі, 25 Мамыр 2024 13:51

Түркістан: Сарыағашта кәсіпкерлік дамып келеді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Сапар барысында сарыағаштық кәсіпкерлермен кездесіп, кәсіпкерлік саласындағы мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.

Ең алдымен өңір басшысы Сарыағаш қаласында орналасқан «Бәйтерек-Шымкент» ЖШС-нің кондитерлік өнімдер өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысты. Кәсіпорын иесі Нұржан Қожамбеков өңір басшысына кәсіпорынның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Кәсіпорынды дамытудың бірқатар жолдары ұсынылып, мемлекеттік қолдау көрсетудің бағыттары қаралмақ.

Бүгінде 50-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтыған цех, айына 70-80 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жоба құны 200,0 млн теңгені құрайтын цехта 40-қа жуық өнім шығарылуда. Қазіргі таңда өндірілген тәттілер еліміздің түкпір-түкпіріне ғана емес, сонымен қатар Әзербайжан мемлекетіне де жөнелтілуде.

«Южконд» брендімен кондитерлік өнімдер өндіретін цех 2014 жылы алғаш рет нарықтағы жұмысын бастап, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Жылдың үздік кәсіпорыны» номинациясымен марапатталған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында «Телемұнара» шағынауданындағы 900 орындық білім ошағының құрылыс алаңына барды. Мердігерлермен кездесіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды. Нақты міндеттер жүктеді.Түркістан облысында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Сарыағаш ауданында осы бағытта 10 мектеп салу жоспарланған.

– Білім сапасын көтеру, мектеп тапшылығын жою – маңызды іс. Жауапкершілікпен жұмыс істеңіздер. Ешқандай кемшілік, қателік болмауы тиіс. Құрылысқа қосымша қаражат қаралмайды. Құрылыс қатаң қадағалауда тұр, – деді Дархан Сатыбалды. Құрылыс нысанында қазіргі уақытта 80 адам жұмыс істеп жатыр. Жертөле қабырғалары құйылып, жабын қабаттарының темір бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде.

Сарыағаш ауданында өзге де білім нысандары салынып жатыр. Б.Оспанов көшесінің бойынан А.Сүлейменов атындағы 300 орындық мектептің құрылысы басталып кеткен. Сонымен қатар Дербісек, Жаскешу елді мекендерінде аталған жоба аясында мектеп ғимараттарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл «Самал-3» мөлтек ауданынан 1500 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесін шешу бағытында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде заманауи мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіліп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту көзделген. Осы жоба аясында Түркістан облысында 63 мектеп салу жоспарланған.

Оқылды 87 рет