Сейсенбі, 28 Мамыр 2024 11:05

Түркістандағы өндірістік паркке 100 млрд. теңгеге жеке инвестиция тартылады

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Өндірістік парктің құрылысы жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ондағы өндіріс орындарын аралады. Жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді. Өндірістік парк 30 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған.

Өндіріс аймағына тартылатын жеке инвестиция көлемі 98 млрд теңге құрайтын болады. Өндірістік парк толығымен іске қосылған соң 2000-нан аса жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Бірінші кезеңде 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 23 мың шаршы метр қолданысқа берілді. Бір ғимараттың жалпы ауданы 1 584 шаршы метрді құрайды. Тартылған инвестиция көлемі 30,7 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, 500 жаңа жұмыс орындары құрылуда.

«BNK Group» ЖШС су үнемдеу технологияларын енгізіп жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорын құрылды. Ал, «Aqniet Holding» ЖШС мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаздарын шығарып жатыр. Мұнда, украиналық «UBC Group» компаниясы өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіреді. Бұдан бөлек, медициналық өнімдер, бөлме аралық есіктер, және тағы басқа өнімдерді шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастауда.

Екінші кезеңде 25 мың шаршы метр қолданысқа беріліп, инвестиция құны 32,3 млрд теңге құрайтын 12 жоба іске қосылады. Қосымша 400-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады.

Үшінші кезеңде инвестиция құны 35,1 млрд теңгені құрайтын 14 жоба жұмыс жасауға ниет білдіріп отыр. Кәсіпкерлер инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындарға қызығушылық танытып келеді. Айта кетейік, өндірістік парктің толық іске қосылуы бағытында қажетті барлық жұмыстар тоқтаусыз жүргізілуде.

Оқылды 92 рет